Жарнама
Құқық

Ескірткіге құмартқан құрдымға кетеді

Облыста биыл қаңтар-тамыз айларында есірткіге қатысты 95 құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде 57-сі – қылмыстық дерек. Облыстық психикалық денсаулық орталығының динамикалық-наркологиялық бақылауында

520 есірткіге тәуелді адам есепте тұр. Оның 25-і әйел. Өкініштісі, жасы кәмелетке толмаған бір бала да бар.

Тіркелген деректер мәселенің өзектілігін айғақтап, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспарын арттыруды қажет етеді. Бұл туралы облыстық мәслихаттың заңдылықты сақтау, депутаттық этика, құқық қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мәжілісінде айтылды.

Жиында әуелі облыста есірткі қылмысына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланды. Ғаламтор жүйесі арқылы есірткіні жарнамалайтын 15 сайт анықталып, уақытында құзырлы орындарға бұғаттауға жолданды. Волонтерлермен бірлесіп жүргізілген рейдтік шаралар барысында 100-ден астам есірткі сайттарын жарнамалайтын граффити жазбалары анықталып, жойылған.

2b93adf3 18f3 4ce4 b365 c15fbfe230f7

– Жедел іздестіру шараларын өткізу барысында Тараз қаласының 5 тұрғыны Атырау қаласында есірткінің синтетикалық түрлерін таратқаны анықталды. Оның біреуінің жасы кәмелетке толмаған. Тиісті заңдылық бойынша мемлекетаралық іздестірілу жүргізілуде. Аталған жайт бойынша, құқық бұзушылық жасағаны үшін белгіленген заңдылықтар негізінде кінәлілерге 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қала аумағында есірткінің синтетикалық түрін жасырын таратқан жасы кәмелетке толмаған жеткіншек ұсталып, одан жалпы салмағы 26 грамм есірткі тәркіленді. Кінәлі 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын алды. Жаз айында облыс орталығында көпірдің қасынан синтетикалық есірткі тасымалдаған Семей қаласының тұрғыны ұсталып, одан салмағы 486 грамм есірткі тәркіленді, — деді облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлішер Нұршаев.

Бүгінде қоғамда тіркеліп жатқан мұндай сұмдық деректер есірткіге қарсы күресті одан әрі күшейтуді, арнайы кешенді жоспарлар құрып, соның негізіндегі жұмысты күн тәртібінен түсірмеудің маңыздылығын айғақтап тұр. Комиссия отырысында есірткі иммунитетін қалыптастыру және азаматтардың есірткінің заңсыз айналымына қарсы күреске қатысуы жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруға нысаналы жергілікті бюджет қаражатын бөлу туралы ұсыныс та айтылды.

– Жоғары сынып оқушылары мен олардың ата-аналары арасында заманауи синтетикалық есірткінің, дәріханалық нашақорлық проблемалары және жасөспірімдердің есірткінің заңсыз айналымына қатысуының құқықтық салдарын түсіндіру бойынша бірлескен нысаналы іс-шаралар жүргізілуі тиіс. Есірткіге қарсы әлеуметтік жарнама дайындап, оларды қоғамдық орындарға насихаттау керек. Өңірлік ерекшеліктерге сүйене отырып, үкіметтік емес ұйымдар мен жергілікті басқару органдарын, белсенді азаматтарды, бұқаралық ақпарат құралдарын тарту арқылы нашақорлыққа қарсы іс-қимылдың жергілікті моделін құру керек. Есірткі курьерлерінің есірткіні жасырып кету орындарына баруының ықтимал маршруттары бойынша стандартталған, оның ішінде құқық бұзушылықтарды тіркеу функциясы бар, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі бөлімшелердің оларға қол жеткізу нүктесі қамтамасыз етілетін бейнебақылау жүйелерін орнатқан жөн. Сонымен қатар, Атырау облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының материалдық-техникалық базасын нығайтып, мамандардың да санын арттыру керек, — деді Әлішер Есенкелдіұлы.

Есірткіге құмартқан адам құрдымға кетеді. Бұл – қоғамға төнген қауіп, ұрпақ қасіреті. Сондықтан, бұл мәселемен тек құқық қорғау органдары айналыспауы қажет. Бұл «дертке» бүкіл қоғам болып қарсы тұрған абзал.

Комиссия мәжілісінде облыстық полиция департаментінің экология саласында анықтаған құқық бұзушылықтары туралы да айтылды.

– Облыста табиғатты қорғау органдарымен бірлесіп жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 354 құқық бұзушылық анықталды. Оның 300-і балық саласына, 54 дерек жануарлар әлеміне қатысты тіркелген. Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша барлығы 38 қылмыстық іс қозғалды, — деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ерлан Биғамбаев.

Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметов өңірдің ауа сапасы туралы баяндап, кәсіпорындарға жоспардан тыс жүргізілген тексеру нәтижелерімен таныстырды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button