Жарнама
Құқық

Бір қателіктің кесірі

Соңғы жылдары елде интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстардың саны көбейіп кетті. Қылмыскерлердің басты құралы – адамның сеніміне кіру және оны үрейлендіріп асығыс әрекет жасауға итермелеу. Бұл ретте Алматыда орын алған бір оқиға қоғамда ерекше алаңдаушылық тудырды.

Алдауға арбалған ағартушы

Жуырда белгілі публицист-журналист, профессор Кәкен Хамзин алаяқтардың құрбаны болып, жалғыз баспанасынан айырылды. Қаскөйлер өздерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ретінде таныстырып, жасы келген ғалымды алдап соққан. Оқиға жайлы қоғам белсендісі, журналист Айбар Олжаев әлеуметтік желіде жариялады.

Оның айтуынша, қылмыскерлер алдымен ««Энергосбыт» мекемесінің өкілдеріміз» деп қоңырау шалып, профессордың мекен-жайын, ЖСН-ін және пәтеріне қатысты деректерін білген. Артынша, ҰҚК атын жамылып хабарласқан алаяқтар «Пәтеріңізге қатысты қауіп бар, біреулер тартып алуы мүмкін» деген желеумен оны жедел түрде сатуға көндірген.

Олар сатудан түскен ақшаны «Ұлттық банктің арнайы шотына» салу керектігін айтып сендірген. Соның нәтижесінде Кәкен Хамзин нотариус арқылы пәтерін сатып, барлық қаражатты қаскөйлер жіберген курьерге беріп жібереді.

Қазір бұл іс бойынша Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасы тергеу жүргізіп жатыр. Дегенмен Айбар Олжаев бұл қылмысқа билік пен қоғамның назарын аударып, құзырлы орын басшыларын бұл істі жеке бақылауларына алуларын сұрады.

– Бұл – еліміздегі ардагер журналист пен ғалымға қарсы жасалған ұйымдасқан қылмыс. Алматы қаласының полиция департаментін белсенді араласуға, ал Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мырзаны істі жеке қадағалауға шақырамын, — деді ол.

Айбар Олжаев сонымен бірге мәмілені заңсыз деп тану үшін білікті заңгерлердің көмегі керектігін айтты. «Бұл жағдайда танымал адвокат Абзал Құспанның кеңесі маңызды. Сондай-ақ профессордың шәкірттері – Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан мен Нартай Сәрсенғалиев, журналистер Мақсат Толықбай және Ермұрат Бәпи қолдау білдірсе, Кәкен ағамызды қорғап қалуға мүмкіндік бар» деп жазды парақшасында.

Бүгінде Кәкен Хамзин үйінде баррикада құрып, жаңа «қожайындардан» қорғанып отыр. Куәгерлердің айтуынша, пәтерді сатып алғандар кешкі және түнгі уақытта келіп, қоқан-лоққы көрсетіп кетеді екен. Жағдай күрделене түскендіктен, профессор Мемлекет басшысына үндеу жасап, әділдік орнатуға және үйін қайтарып беруге жәрдемдесуін сұрады.

Белгілі публицист-журналистің жанайқайынан қоғам шет қала алмады. Шәкірттері, таныстарынан өзге жұртшылық мүмкіндігінше қаржылай қолдау көрсетіп жатыр. Соның нәтижесінде 9,5 млн. теңге қаражат жиналған екен. Ал кеше Кәкен Хамзин атын атамауды өтінген қайырымды жанның 23 млн. теңге беріп кеткенін әлеуметтік желілерде жазды. Енді оның өз пәтерін кері қайтарып алуына мүмкіндігі бар.  

Атыраудағы ірі көлемдегі алаяқтық

Атырау қаласында да алаяқтық деректері жиі кездеседі. 1999 жылы туған ер адам Instagram желісінде жалған жарнама жариялап, «қымбат техника сатамын» деп тұрғындардан 39,9 млн. теңге жинап алған. Ақшаны өз атына және жұбайының атына тіркелген шоттарға аудартып, тауарды жеткізбеген.

Жәбірленушілердің бірі – 809 мың теңгеге компьютер алмақ болып, қаражат аударыпты. Екіншісі – 21,5 млн., тағы бірі – 12 млн. теңгесінен айырылған. Сот кінәліні айыпты деп тауып, 6 жылға бас бостандығынан айырды.

«Асықтыру – алаяқтың басты қаруы»

Иә, «Алаяққа кеткен қаржы ізім-қайым жоғалады» деп тегін айтпаған ғой дана халқымыз. Уақыт озған сайын қылмыстың түрі де, тәсілі де құбылып келеді. Бұрын көшеде, базарда немесе есік алдында алдап-арбаған қулардың орнын қазір телефон мен интернеттің арғы жағында отырған киберқылмыскерлер басты.

Облыстық полиция департаментінің киберпол-жедел уәкілі Расул Жолдастың дерегінше, соңғы бір жылда өңірде интернет арқылы жасалған алаяқтық фактілері екі есе артқан. Қаскөйлердің басты қаруы – сенім мен асығыстық. Олар адамның психологиясын жақсы зерттеп, жәбірленушіні тез арада шешім қабылдауға мәжбүрлейді.

– Интернет алаяқтық тек қаржылық шығынмен шектелмейді. Жеке деректердің ұрлануы, жеке өмірдің бұзылуы, тіпті психологиялық соққы – мұның бәрі қылмыстың жанама зардаптары. Ақпараттық қауіпсіздік мамандарының айтуынша, қазіргі қаскөйлердің қолданатын сайттары мен мобильді қосымшалары ресми ресурстардан айнытпай жасалады. Тіпті телефон нөмірлері де банктер мен мемлекеттік мекемелердікіне ұқсас болып келеді, — дейді киберпол.

Маманның айтуынша, алаяқтар көбіне адамды шұғыл әрекет етуге итермелейді. «Қазір болмаса, ақшаңыз жоғалады», «Ұтысты алу үшін 10 минут ішінде тіркеліңіз» деген сияқты сөздерді жиі қолданады.

– Сондықтан кез-келген ақпаратты тек ресми дереккөзден тексеру қажет. Егер алаяққа алданып қалсаңыз, бірден полицияға жүгіну керек. Алған түбіртектер, хабарламалар, қоңырау жазбалары – бәрі іс үшін маңызды дәлел болады. Сондай-ақ банктен ресми түрде шотты бұғаттау жөнінде өтініш түсірген абзал. Көп жағдайда жәбірленушілер ұялып, уақытылы хабар бермейді. Ал бұл қылмыскердің жазасыз қалуына әкеледі, — деп ескертті ол.

Бейтаныс адамның қоңырауы

Жақында қала тұрғыны Гүлназ есімді келіншек өзін банк қызметкері ретінде таныстырған бейтаныстан қоңырау алады. «Шотыңыздан күдікті операция анықталды, егер дереу әрекет етпесеңіз, қаржыңыз жоғалады» деген сөзден кейін, ол алаяқ жіберген сілтемеге өтіп, жеке деректерін енгізген. Екі минут өтпей жатып, есепшотындағы 750 мың теңгеден айырылып қалған.

Бұл жалғыз дерек емес. Қазір алаяқтардың сценарийлері сан алуан. Бірі интернет-дүкендердегі жалған хабарландырулар, «ұттыңыз» деп хабарлау, екіншісі банктің немесе мемлекеттік органның атынан қоңырау шалу, жәрдемақыға қатысты сілтемелер жіберу, тіпті әлеуметтік желідегі таныстарыңыздың атынан қарыз сұрау секілді тәсілдерді қолданады.

Қырағы болсаңыз қауіп жоқ!

Ұлттық қауіпсіздік комитеті осындай қылмыстардың жиі қайталанатынын ескертеді. Қылмыскерлер өзін ҰҚК немесе басқа мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, тұрғындардың шотында күмәнді операциялар жүріп жатқанын немесе террористік әрекеттің алдын алу қажет екенін алға тартады.

Олар бейнеқоңырау арқылы жалған қызметтік куәліктер көрсетіп, «ҰҚК» логотипі бар құжаттарды жіберуі мүмкін. Әңгіме барысында ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға, тіпті несие алуға үгіттейді.

Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті ресми түрде «Біздің қызметкерлер ешқашан азаматтардан телефон арқылы ақша аударуды талап етпейді. Мұндай жағдайда дереу полицияға хабарласыңыздар» деп мәлімдеді.

Киберқылмыстың жаңа түрі

Биылғы шілде айында Алматыда ҰҚК, Бас прокуратура және шетелдік әріптестердің бірлескен іс-шарасы нәтижесінде қазақстандық тұрғын кибершабуыл жасағаны үшін ұсталды. Тергеу деректері бойынша, ол шетелдік компаниялардың серверлеріне заңсыз кіріп, деректерді шифрлайтын зиянды бағдарлама орнатқан. Кейін оларды қалпына келтіру үшін криптовалюта талап етіпті.

Ресми мәліметке сүйенсек, тінту барысында кибершабуылға арналған айғақтар тәркіленді. Мамандар бейтаныс нөмірлерге сенбеуге, жеке деректерді ешкімге жария етпеуге және күмәнді сілтемелерге өтпеуге кеңес береді. Өйткені бір ғана қателіктің соңы үлкен қаржылық және моральдық шығынға әкелуі мүмкін.

Интернет алаяқтық – бүгінгі қоғамның заманауи және қауіпті қатерлерінің бірі. Технологияның дамуы олардың әдісін де түрлендіріп отыр. «Сақтансаң – сақтайды» деген сөз қазір әр адамға жеке ескерту іспеттес. Бір сәттік аңғалдық жылдар бойы жинаған еңбектің зая кетуіне себеп болуы мүмкін. Ал одан қорғанудың жалғыз жолы – қырағылық, күмәншілдік және заңды білудің артық етпейтіні болса керек.

Майра ЕРҒАЛИ

* Есіңізде болсын!

  * Бейтаныс сілтемелерге өтпеңіз;

  * Жеке деректерді (ЖСН, банк картасының нөмірі, CVV-код) ешкімге айтпаңыз;

  * Банк қызметкері ешқашан SMS арқылы келген кодты сұрамайды;

  * Онлайн дүкендердің сенімділігін алдын ала тексеріңіз;

  * Әлеуметтік желідегі достарыңыз қарыз сұраса, алдымен тікелей байланысқа шығыңыз.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button