
Атырауда полицейлер күшейтілген режимде жұмыс істеуде
Биыл Республика Ішкі істер министрлігі «Профилактика жылы» деп жариялап, жедел-профилактикалық іс-шараларды жүйелі түрде өткізіп келеді. Ақпан айының 18-21-і аралығында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында республикалық «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.
Жолдағы заңдылық пен тәртіпті сақтау, жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан орын алатын апаттардың санын азайту және олардың зардаптарын болдырмауға бағытталған іс-шара облыс көлемінде де өтуде.

Атырау қаласы аумағында патрульдік полиция батальоны қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс атқаруда. Патрульдік жасақ көшелер мен қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы шараларды қолға алды.
Бұл іс-шара жыл басынан бері екінші рет өткізіліп отыр. Бұған дейін «Қауіпсіз жүргінші» рейдтік акциясы ұйымдастырылған болатын. Мұндай іс-шара алдағы уақытта тоқсан сайын өткізіледі.

Бұл туралы патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары, полиция капитаны Өсер Жәңгірхан айтты.
– Жуырда республика бойынша жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Қауіпсіз жүргінші» атты рейдтік акция өтті. Акция аясында патрульдік полиция қызметкерлері көлік жүргізушілеріне жол қозғалысы ережелерін сақтау, әсіресе жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне назар аудару қажеттілігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілерге де жолдан өту кезінде сақтық шараларын сақтау туралы ескерту жасалды, — деді Өсер Жәңгірханұлы.
Полиция капитанының сөзінше, қауіпсіздіктің алдын алуға бағытталған іс-шара барысында құқық бұзушылыққа жол беретін жүргізушілердің қатары көптігін айтады. Іс-шараның алғашқы күні 100-ге тарта заң бұзушылық анықталған.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ