Жарнама
Құқық

Арыз түспей-ақ, арсыз сотталады

Атырау облыстық мәслихатының әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысы өтті. Оған төраға Нұрлыбек Даралиев қатысып, тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасы талқыланды.

Жиынға келген жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Биғамбаевтің айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылды. Әкімшілік қамақтың нақты мерзімдері белгіленді. Сондай-ақ, Қылмыстық кодекстің жекелеген баптарына өзгерістер енгізілді.

Заңға енгізілген түзетулер зардап шегушінің арызынсыз, тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі негізінде әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік берді. Хаттама толтыру үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау мен бейнетіркеушінің жазбалары болса, жеткілікті. Түпкілікті шешімді сот қабылдайды.

– Облыста зәбір көрген әйелдермен жұмыс істейтін қызметкерлердің санын арттыру үшін қосымша 29 штат ашу жоспарлануда. Зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында «Тұрмыс», «Есептегі адам» іс-шаралары өтті. Жыл басынан бері облыста отбасы-тұрмыстық сипаттағы 4 қылмыс тіркелген. Енді жәбірленуші арыз жазбаған болса да, құқықбұзушы жазаланады. Бұл тұрғыда жанжалқор адам өзінің құрбанынан психологиялық және физикалық тұрғыдан «арызыңды қайтып ал» дегендей қысым жасай алмайды. Сондай-ақ, қиындық көрген әйел адамдарға көмек көрсету үшін дағдарыс орталығында көмектеседі. Екі ай ішінде 26 адам орналастырылса, оның 7-уі – әйел адам және 19-ы – бала, – деді Ерлан Биғамбаев.

Биғамбаевтың айтуынша, отбасындағы негізгі дау-жанжал ішімдік ішу салдарынан туындайды. Ол комиссияның осы мәселеге көңіл бөлуін сұрады.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button