Жарнама
Құқық

Араққұмар «ана»  еңіреген бала

Үндістанның бір ауылында ішімдікке сылқия тойып, масайыңқырап қалған 50 піл елді мекеннің тас-талқанын шығарған. Ойларына келгенді істеп, үйлерді ойрандап, егістік алқаптарын таптағанын оқығаным бар-ды. Бұл қу арақтың жүрген жері жақсы болмаған, болмайды да. Пілді қойшы, күні кеше өткен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссия отырысында араққа салынып азғындалған ана, анасынан айырылғысы келмей жылаған баланың тағдырына алаңдадық. Ол ол ма, бұл маскүнем келіншек Атырау қаласындағы жекеменшік балабақшалардың бірінде тәрбиешінің көмекшісі болып еңбек ететінін естігенде жағамызды ұстағанымыз рас.

Маскүнем әйел ұлттың түбіне жетпей ме?

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демей ме, облыстық комиссияға дейін қалалық комиссияда  тағдыры талқыға салынғанда да арақтың арбауына түскен апамыз жиынға балабақша басшысын да еріте келіпті. Екеуі де алкогольді сусынға сылқия тойып алған. Айтпақшы, әлгі кейіпкеріміздің азаматтық некедегі жары есірткіге қатысты істі болып, жазасын аяқтай өтеп жүргенге ұқсайды. Бұл туралы Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов айтып берді.  

Мәселе мынадан басталады. Маусым айында полиция басқармасына 1961 жылғы Н. есімді әйел азаматтан келіні А.-ның (бірінші күйеуі – арыз иесінің баласы өмірден өткен. Автор) азаматтық некедегі екінші жолдасы Е.-мен  бірге кәмелеттік жасқа толмаған немерелерімен бірге ешқандай жағдайы жоқ жалдамалы үйде тұратынын, балалардың көзінше ішімдік ішіп, оларды темекі, алкогольге жұмсайтындығы жөнінде арызданады. Полиция қызметкері арыз негізінде көрсетілген мекен-жайға барып, А.-ның ол жерде тұрмайтындығын анықтайды. Үй иесі А.-ны шығарып жібергенін айтып, балалардың тәрбиесімен айналыспайтынын, Е. есімді ер адаммен бірге жиі ішімдік ішетінін растап, түсініктемесін де береді. Тексеру кезінде азаматша А. Құрсай ауылында орналасқан балабақша ішінде тұрып жатқаны анықталады.

– Қалалық комиссия отырысында А. енесі Н.-мен біраз сөзге келіп, дөрекілік танытты. Әйел азамат А. жасөспірім балаларын тұрғылықты мекен-жаймен қамти алмады, тиісті аналық міндеттерін орындамай отыр. Осының нәтижесінде жасөспірімдердің тұрақты тұрғылықты жерінің болмауынан әжелері Н.-ның тәрбиесінде Бірлік ауылында тұрып жатыр, — деген аталған комиссия төрағасы, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Н.Ермұханов комиссия мүшелері балалардың әжесі болса да заңдылыққа сәйкес заңды өкілі болып табылмайтындығын ескере отырып, балаларды уақытша облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастыруға, ал анасы А.-ны ата-аналық құқығынан шектеу туралы сотқа ұсыныс жолдауға дауыс беру арқылы бірауыздан шешім қабылдағандарын жеткізді.   

Ал, қорғаушы Алтын Меңдіғалиева ене мен келін арасы түзеліп, А.-ның ішімдіктен бас тартқанын, азаматтық некедегі адамымен қарым-қатынасын үзгендігін, түзелгендігін жеткізіп, балаларды отбасына қайтаруын және ата-аналық құқығынан айырмауды сұрап, мәселені заң  тілімен түсіндіріп берді. Басты кейіпкер де ортаға шыққанымен, жарытып ештеңе айта алмады. Ол мұны қобалжып тұрғандығымен байланыстырып, сыныққа сылтау таба қойды. 

Жиынға қатысқан аталған орталықтың педагог-психологы балалардың бауырмалдығын, тәрбиелі болып өсіп келе жатқандарын айта келе, ене мен келін арасындағы келіспеушіліктің кесірі балалардың жанұясынан жырақ өмір сүруге жеткізгеніне өкінді. Ал, балалар өз отбасында өсуі керектігін алға тартты.

– Заң аясында шешілді деп ығыстыра салуға болатын еді. Алайда, ана мен баланың тағдырына немқұрайлы қарауға болмайды. Қалалық комиссияның әрекеті орынды. Десе де, екі бірдей ұлдың анасына бір мүмкіндік беріп, тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, аяққа тұруларына жағдай жасап көрсек… Азаматшаның бұл қателігі өміріне үлкен сабақ болғаны сөзсіз. Жауапты органдар жағдайды бақылауда ұстауы керек. Қайткенде де отбасы отбасы болғаны дұрыс, — деген облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев ана мен баланың болашағына бейжай қарамай, араша түсті. 

Қасқырға қой бақтырғандай…

Бес тиынымызды қосатын әдетіміз бар ғой, бұл оқиға біздегі көптеген мәселенің бетін ашып берген секілді. Оның бірі – балабақша мәселесі…

Бүгінгі ішкілікке салынған жанның балабақшада еңбек ететініне бет шымшып отырғанда, қызметкерінің «шашбауын» көтеріп айығып үлгермей, алкогольді масаң күйде жиынға жеткен білім беру мекемесі басшысының қылығы білім саласының олқы тұсынан хабар бермей ме?

Оның үстіне бұл қызметкердің азаматтық некедегі жолдасы есірткімен байланысты істі болып, 2025 жылға дейін жазасын аяқтай өтеп жүргенін естен шығармайық. Сонда біздің балаларымызды кім тәрбиелеп жүр?  Құдай-ау, баламызды кімдерге аманаттап жүрміз өзі? Балабақшаның санын көбейтеміз деп сапасыз білім беру орындарына жол берген жоқпыз ба? Мынадай мамандардан әлі тілі де шығып үлгермеген, не көргенін, не естіген жеткізе алмайтын бөбектерімізге қауіп көп қой.

«Балық басынан шіриді», қызметкерімен қоса араққа тойған басшыға не дейміз? Бала өмірі бейқамдықты көтермейді. Кәсіпкерлікті қолдаймыз деп кәсіпкерлерге ауыз ашудан қалғанымыз бөлек әңгіме…

Баланы бизнеске айналдырған балабақшаларды тексеріп, мамандарының  дайын «данныйын» дұрыстап зерттеп, зерделеу қажет болар. Бұл жағдай қасқырға қой бақтырғанмен бірдей. Әрине, барлық балабақшаға топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, санынан бұрын сапасына мән беру керек-ау. Сан қуып, бала-бажыр жасап, бауыр етіміз – баламыздың болашағына балта шаппайық.

Жасырып қайтеміз, бір қолымен баласының арбасын сүйреп, екінші қолымен сыра ішкен әйелді көріп, көз үйренгелі қашан. Біз мұндай күйге қалай жеттік? Алқаш анаға аманатталған үйлердің берекесі де, мерекесі де жоқ. Одан соң ішкіш ана тұтас ұлттың тас-талқанын шығаруы мүмкін…

Зерделеу жұмыстары ауадай қажет

Отырыс барысында әрі қарай кәмелеттік жасқа толмағандардың міндетті мектеп формасын сақтамауы және діни ұстанымына сәйкес оқушылардың сабаққа қатыспауы секілді мәселе де қаралды.

Облыстық дін істері басқармасы басшысы Қайролла Көшқалиев жасалған жұмыстар мен сандарды алға тартты. Оның айтуынша, қыркүйек айы ішінде мектептердегі діндар ата-аналармен білім беру, ішкі саясат басқармасы, мектеп әкімшіліктері және теолог мамандарынан жасақталған комиссия мүшелерінің қатысуымен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Дегенмен де «орамал» мәселесіне қатысты арызданған 68 ата-ананың діни көзқарасы зерделеніп, оның 16-ның құзырлы органдар есебінде тұрғаны белгілі болыпты. Олардың ішінде әр жылдары 4 тұлғаға профилактикалық, оңалту жұмыстары жүргізілгенін баяндай отырып, 69-ның әлеуметтік желілердегі материалдарына мониторинг жасалып жатқан көрінеді. Теріс материалдар табылған жағдайда дінтану сараптамасына жолданатын болады. Әрі қарай бірқатар ұсыныстарын да ортаға салды.

– Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету  департаменті тарапынан орта білім беру ұйымдарының басшыларымен бірлесіп, балалардың сабаққа қатысу мәселесіне тексеріс жұмыстарын жүргізіп, еш себепсіз  келмей жүрген оқушылардың және олардың ата-аналарының тізімін жасақтау қажет. Екіншіден, ол ата-ана және балалардың әлеуметтік желілеріндегі діни сипаттағы материалдардың бар-жоғына зерделеу жүргіземіз, — деп қорытты.  

Ал, облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Орақұлы  заңның қатаң сақталуын қамтамасыз ету қажеттігін айтты.

Мектеп формасының айналасындағы дау кімді де алаңдатып отырғаны рас. Дегенмен, бірыңғай форманың әлеуметтік теңсіздікті сақтауда ролі зор. Заманында білім алған біз де ақ жейде, қара түсті белдемше кигенбіз. Форма болған жерде тәртіп болады. Балалардың бір-бірімен психологиялық тұрғыда тең дәрежеде араласып, қалыпты қарым-қатынас орнатуына себепші екені сөзсіз. Іскерлікке баулып, жинақылыққа жетелейтіні тағы бар.

Бұдан соң бірыңғай мектеп формасы – заңды талап. Мектеп – мемлекеттік мекеме. Сол себепті, зайырлылық талаптарына бағынып,  сол мемлекеттің мектеп оқушылары бірыңғай форма киіп, бірдей білім алуы керек. 

Жерде жетім жыласа…

Облыс бойынша жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 493 бала бар. Қорғаншылық немесе қамқоршылықта – 398, патронаттық тәрбиеде – 10, жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарында  85 бала бар. Бұл туралы білім беру басқармасының  басшысы Ерлан Сламбековтен білдік.

Отырыс барысында патронаттық тәрбие кеңінен айтылды. Бұл жердегілердің дені ата-ананың аялы алақанынан гөрі, жасөспірімдерді патронаттық тәрбиеге бергенді жөн санайтындықтарын жеткізді. Десе де, дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев деструктивті діни ағым өкілінің 15 жасағы туған қызына зорлық-зомбылық қылықтарын көрсеткенін, сотталғанын, ал жасөспірім қыздың өз-өзіне қол салғанын айта келе, патронаттық тәрбиеге алатындардың тізімін беруді сұрады. Сол арқылы олардың қандай да бір діни ағымның жетегінде жүрген-жүрмегендігін, түрлі порносайттарда отыратындығын не отырмайтындығын зерделеу қажеттігіне баса назар аудару қажеттігін жеткізді.

Рас-ау, тағдыр теперішін тартқан балаларды бауырына басып, қамқорлығына алғанда қандай мақсатты көздегені кімге де беймәлім…

  Рита ӨТЕУҒАЛИ

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button