ТІЛЕНШІНІҢ ДЕ ТҮРІ БАР…

Базар маңындағы алақанын жайып отырған балалы әйелге жаны ашыған Жанар үйіне әкеле жатқан наны мен қораптағы сүтін қолына ұстата қойған. Аларып бір қараған сыған әйелі шала-шарпы орысшасымен одан да тамақтың ақшасын беруді талап ете бастады. Ұсынғанын кері алған қыз ешкімнің де астан артық еместігі, балалардың тойып тамақтануы керектігі жөнінде аздаған сөз айтып, жөніне жүре берген. Әудем жерге ұзағаннан кейін артынан қарша борап жатқан өктем сөздерден кілт тоқтады. Сыған әйелі оған қарғыс жаудырып жатты. «Ол ақша бермегеннің бәріне осылай сөйлейді» деді осының бәрін бақылап отырған ұялы бірліктер сатушысы. «Не үшін?!» Көңілін қалдырған оқиға ойына түскен сайын Жанар әлі күнге ренжиді.

 …Қайыр сұрау жолымен табыс табушылар қай қоғамның тұсында да болды. Бірақ, оларға көзқарас барлық кезде бірдей болған жоқ. Қазірде алақан жайып отырған мүгедек жандар ешкімнің таңданысын туғыза қоймаса, кеңес өкіметі тұсында олар «адал жолмен табыс табудан жалтарғаны үшін» қылмыстық жауапкершілікке тартылып, екі жылға бас бостандығынан айырылыпты. Сол тұстағы Қылмыстық Кодекстің 209-бабы 1992 жылы күшін жойған еді. Содан кейін-ақ қайыршылардың түр-түрі қаптап шыға бастағанға ұқсайды.

Қазіргі күні елімізде кәмелетке толмағандарды қайыр сұрауға итермелегені үшін ҚР ҚК 132-бабы бойынша 240 сағатқа қоғамдық жұмысқа кесілуден үш жылға дейін бас еркінен айыру жазасы қолданылады. Көріп отырғанымыздай, заңның аталған бабы алақан жайған адамдардың барлық тобын қамтымайды. Одан ересектер де, сондай-ақ, қайыршылардың басты бөлігін құрайтын, негізінен, Орта Азия елдерінен келген сығандар да тыс қалған. Былтырғы өткен онлайн-конференциялардың бірінде ІІМ миграциялық полиция департаментінің бастығы Серік Сайынов басқа елдерден келген қайыршыларды да осындай әрекетке жол бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінде заңға өзгерістер енгізу жайы қарастырылып жатқанын айтқан болатын. Әкімшілік Кодекске өзгеріс енгізілген жағдайда, қайыр сұраған шетелдік азаматтар елімізден бес жылға дейінгі мерзімге шығарылып жіберуі мүмкін екен.

– Біз заң шеңберінде жұмыс атқарамыз, қайыр сұраушыларға ҚР Әкімшілік Кодексіне сәйкес, қандай да шара қолдану жөнінде заң шығып жатса, оны орындауға тиіспіз, – деді ОІІД миграциялық полиция басқармасы бастығының орынбасары Болат Досқалиев. – Көшелерде, көпшілік орындарда алақан жайып жүргендердің «люли» аталатын сығандар тобы екені белгілі. Олар шекарадан заңсыз өтпеген, миграциялық құжаттары бар, сол себепті ешқандай наразылық білдіре алмаймыз. Егер жеке сапармен келіп, сауда жасаса немесе жұмыс істесе – ол заңсыз болып табылар еді. Содан кейін, аталған топтар жылдың белгілі бір мезгілінде ғана келеді және олардың тарапынан қылмыстық істер жасалғаны жөнінде деректер тіркелмеген.

– Көршілес Ресейде кезінде қайыршылықпен айналысқан «өзіміздің» және шетелдік  азаматтарды қылмыстық  жауапкершілікке тарту жөнінде әңгіме қозғалыпты. Мұндай ұсыныс білдірушілердің ойынша, үйсіз-күйсіз, тіленіп күн көріп жүрген кісілердің қыстыгүні суықта үсік шалып, көз жұматын фактілері көп кездеседі.

– Меніңше, бұл мәселені шешудің жолы емес. Жарайды, қайыршылар мен қаңғыбастарды түрмеге жаптық делік. Екі жыл отырып шықты деп есептейік. Бұдан кейін олар қайда барады? Қайтадан бұрынғы жолға түседі. Қазіргі күні үйсіз-күйсіз жандарды уақытша паналататын бейімдеу орталықтары, қабылдайтын орындар (приют) бар. Күрмеулі жағдайлар туындағанда солардың көмегіне жүгінген дұрыс болар.

Қайырымды жандардан көмек сұраушылардың тағы бір тобын қаладағы мешіттер мен  шіркеулер жанынан кездестіруге болады. Мәселеге діни тұрғыдан келген Иманғали мешітінің бас имамы Батыржан Мансұровтың айтуынша, шариғатта жоқ-жітікке, жетім-жесірге садақа беру қарастырылған. Шариғат өз елінде бай болғанмен, жат жұртта жүргенде түрлі жағдайлармен мүсәпір болған жандарға да зекет, көмек көрсетуге бұйырады. Бірақ, сұрау мәселесіне келгенде дін жолы тіленуді, қайыр сұрауды құптамайды. Ежелгі дәуірде де сұраншылар, тіленшілер болғанмен, Мұхаммед пайғамбар «екі аяғың, екі қолың болса, қайыр сұрағаннан гөрі, адал еңбекпен күн көргенің жақсы» деп, «берген қолдың алған қолдан қадірлі» екенін  хадисте айтқан.

– Атырауда шетелдік азаматтардың қайыр сұрауы аса үлкен проблема емес. Бүгінде олардың саны сиреген сыңайлы, – дейді «Мегаполис» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Наталья Иваскевич. – Мәселе оларды қоғамның қалай қабылдайтынына байланысты. Қайыр сұраушылардың көптігі қаланың көркіне нұқсан келтіретіні өз алдына, көпшілік жұрт бұл әйелдердің, балалардың жерде отырғанына, жерде жатып ұйықтағанына шошына қарайды, немқұрайлылық танытатындар да аз емес. Өткен аптада ғана «Насиха» базарының жанында баласымен жерде отырған әйелді көріп, «өзбек не тәжік ұлтынан болар» деп топшыладым. «Сізге ешқандай көмек керек емес пе?» деп сұрадым. «Керек емес» деп басын изеді. Анадай жерден бір ер адам қарағыштап жүр екен. «Мына кісіні танисыз ба?» деп сұрадым әйелден. «Танымаймын» деді. Меніңше, бұл жерде әйелдер мен сәбилерді пайдалану мақсатында қайыр сұрауға итермелеп отыратын әлдебір ұйымдастырушылардың болуы да ықтимал. Шетелдік қайыршыларға әкімшілік  айыппұл салудан ешқандай тиімділік көрмейді.  Біріншіден, олар – шет  ел азаматтары, біздің елдің алдында ешқандай міндеттемелері жоқ. Айыппұл санкциясын қолданып, оны өндірудің механизмі жасалмаған. Екіншіден, адамның түрлі жағдайға ұшырауы мүмкін. Бәлкім, бұл кісі танып-білмейтін жат елде шынымен де қиын жағдайда қалған болар?

Жалпы, жұртшылықтың қайыршылықпен күн көріп жүрген шетелдіктерге көзқарасы әртүрлі екені аңғарылды. Бірінші топ олардың қаланың имиджіне сәйкес келмейтіні, ешқандай санитарияның жоқтығынан ауру түрлерін таратуы мүмкін екендігін және қалай дегенмен де алдап-арбау жолымен ақша немесе бағалы бұйымдар иелену, ұрлық, наша тасу сияқты қылмыстарға қатысы болуы мүмкін деген күмәнін білдірсе, екінші  топ – «бізге келіп  жатқан сығандар тобында қайыр сұрау – ата-бабасынан келе жатқан кәсіп, оған үрке қараудың қажеті жоқ» деп жайбарақаттық танытады. Өзге ел азаматтарын әкімшілік жолмен жазалаудың қалай болмағы әлі де белгісіз. Әзірге мәселеге көзді жұма қарап, қолын жайған қарадомалаққа тиын-тебен ұстата кетуге тура келеді. Ал, тәртіп сақшылары үшін «бас ауруынан» құтылудың бірден-бір жолы – қолайсыз «қонақтарды» шекара асырып, «шығарып салу».

Құралай  ҚУАТОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз