Жылуға төленген артық ақша қайтарылады

zhylu Қоғам

Құзырлы құрылымдардың мәліметінше, өткен жылу беру маусымында облыс тұрғындары жылуға артық ақша төлеген. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Арман Өтегеновтың айтуынша, мұндай жағдай тұтынушыларға жылумен жабдықтау қызметін көрсететін табиғи монополия субъектілері бойынша қызмет құнын қайта есептеу барысында анықталған.

– Жылумен жабдықтаушы кәсіпорындар кезекті жылу беру маусымында көрсетілген қызмет құнын есептеу кезінде сыртқы ауаның нақты температурасын ескермеген. Соның салдарынан бекітілген тарифте белгіленген бағадан ауытқушылыққа жол беріліп, артық есептеу жасалған. Осындай кемшіліктер «Жылыой Су» МКК, «Иманалин» ЖК, «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС, «Атырау облысы Су Арнасы» КМК, «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-ында анықталып отыр, – деді департамент басшысы.

Мамандардың мәліметінше, аталған субъектілердің есепшоттарына тұрғындар түбіртекте көрсетілген соманы аударып, артық ақша төлеген. Енді осындай заң талабына қайшы келетін әрекетке барған қызмет көрсетушілер артық есептелген қаржыны кері қайтару үшін алдағы уақытта есептелетін төлем сомасын азайту арқылы тұтынушылармен есеп айырысуы тиіс.

Облыста жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және жабдықтау қызметтерін көрсететін компаниялар немесе табиғи монополия субъектілерінің тұтынушыларға қайтаруға тиіс ақшасының қосымша құн салығы есебімен алғандағы жалпы сомасы – 11 миллион 641 мың теңгеге жуық.

Оны таратып көрсек, көрсеткіш төмендегідей:

– «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ бойынша (жалпыүйлік жылу есептеу құрылғысынсыз) – 6795954,18 теңге (ҚҚС-пен);

– ескі, апатты үйлерде – 3349271,3 теңге (ҚҚС-пен);

– «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС бойынша:

– «Нұрсая» ш/а) бойынша – 539830,70 теңге (ҚҚС-пен);

– «Жұлдыз» ш/а – 64317,01 теңге (ҚҚС-пен).

– «Атырау облысы Су Арнасы» КМК бойынша:

– Атырау қаласы (Бірінші учаске) – 291084,30 теңге (ҚҚС-пен);

– Құрманғазы ауданы – 43224,16 теңге (ҚҚС-пен);

– Исатай ауданы – 377537,10  теңге (ҚҚС-пен).

– «Жылыой Су» МКК бойынша – 176119,10 теңге (ҚҚС-пен);

– «Иманалин» ЖК – 3234,56 теңге (ҚҚС-пен).

Мұндай қайта есеп жасау жүйесі есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар үшін қолданылады. Артық есептелген соманы қайтару соның нәтижесінде түбіртектегі төлемді азайту арқылы жүргізіледі.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз