Перзент парызы

ff Жаңалықтар

Қырық екінші жылдың қысы Нарын құмын жайлаған малшыларға тым ауырлау тиді. Колхоз малын аман алып қалу – кәрі-құртаң шал-кемпір мен жесір аналардың, бұғанасы бекімеген өңшең шикі  өкпе балалардың мойнына артылған іс. Оның үстіне неміс-фашистерінің жойқын шабуылы күшейіп, ауылға келетін «қара  қағаз» көбейді.

Перзент парызы

Әскери комиссариаттың майданға шақыртуын қолына алған Кенжеғали «Анталаған жаудың бетін қайтаруға, Отан қорғауға баруым керек. Екі баланы  тәбиелеп, оқытарсың. Маңдайға жазылғанды көппен бірге  көрерміз. Аман болыңдар. Жаның қалып, аман-есен жеңілден» деп жары Қазизаны құшағына қысып тұрып қоштасты.

Сол күні түнде төңіректің астан-кестеңі шықты. Кештіғұрым жапалақтай жауа бастаған қардың арты көз көрсетпейтін боранға айналды. Ұйтқи соққан қарлы боран таң ата саябыр тапты. Жиырмасы күні таңертең Кенжеғалидың келіншегі Қазиза босанды. Алла тағаланың бұйрығы ма, әлде мынау өмірге келген шарананың періштесі себеп болды ма, әйтеуір алдыңғы күні майданға аттанған Кенжеғали ауылға қайта оралады. Құмда бір жетідей аялдап, сосын майданға біржолата кетеді.  Жарық дүниеге іңгәлап келген сәбиінің жүзін көріп, маңдайынан иіскеп, мауқын басып кетуді Тәңірдің бұған жазғанын қайтерсің?..

Отан қорғау үшін жаумен шайқасқа кеткен әкесінен бір хабарды Абат Кенжеғалиұлы ұзақ күтті. Баланың әкеге деген сағынышы ерекше болатындығын жүрегімен сезінді. «Әкем қайда жерленді екен? Зиратын тапсам, дұға оқып, басына бір уыс топырақ салсам» деген ой-арман да маза бермеді. Ақыры  КСРО Қорғаныс министрлігінің әскери мұрағаттарынан сұрастыру арқылы әкесінің қай майданда ұрыс қимылдарына қатысқандығын, қай жерде қаза тауып, жерленгендігі туралы деректерді тауып, ұлы Еркін екеуі 1992 жылы Ресейдің Тула облысының Арсеньевск ауданындағы Сейка деревнясына барады.

– 1942 жылдың 31 тамызында ерлікпен қаза тапқан әкем сүйегі бауырластар зиратында жерленіпті. Әке мейірімін сағынуымыз бен оның қамқорлығын көрмеген өкінішіміз көкірегімізді қанша сыздатқанын кім түсіне алар дейсіз? Әкемнің зиратын тауып, оған зиярат еткен сәтте үлкен толғаныс, тебіреніс үстінде болғаным рас. Елу жыл өткен соң әкем тіріліп келгендей сезімді де іштей кештім, – дейді майдангердің ұлы,  Қазақстан Республикасының  Мәдениет қайраткері Абат  Кенжеғалиев.

Иә, оған әкесін көру бақыты бұйырмады. Анасының тәрбиесінен тәлім, өзінен үлкен Меңдекен мен Зинелғабиденнің ағалық қамқорлығын көрді. Мектеп табалдырығын үш жас үлкен ағасымен бірге аттады. Ол кезде Абаттың жасы небәрі төртте болатын. Білімге деген құштарлық Нарын құмында ойнап жүргенде-ақ қаланды. Сусылдақ құмға ағасымен бірге   әріптерді қайталап жазып, альфабитті тез меңгерген сығыр көз сары бала оқуға зерек болды.

Орта мектепті бітірген Абат колхоздың малын бақты, шопан көмекшісі болып бес жылдай еңбек етті. Қойшылықпен жүріп үлкен өмірді таныды. Шаруашылық басшысының Оралдың ауыл шаруашылығы институтына берген жолдамасынан бас тартқан ол жүрек қалауымен Гурьевтің педагогикалық институтына оқуға түседі. Алғашқыда Берқайыр Аманшин, кейін Қабиболла Сыдиықов жетекшілік еткен жас әдебиетшілер үйірмесінің белсенді мүшесі ретінде курстастардың алды болды. Жас ақындар Аманқос Ершуов, Төлеген Жаңабаевпен бірге жүріп, өлең де шығарды, өзінің ақындық қырын  танытты.

Институтты 1967 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген Абат Кенжеғалиұлына қазіргі Маңғыстау облысының Қарақия ауданына жолдама беріледі. Онда № 4 қазақ орта мектебінде бір жыл қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, араға екі жыл салып, мектеп директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі  орынбасары болып жұмыс істейді.

Жігерлі жастың қарым-қабілеті байқалған соң 1970 жылы аудандық комсомол  комитетіне жұмысқа шақырылады  Сауатты, ой-өрісі кең, интеллектуалдық танымы терең азамат ретінде танылған Абат Кенжеғалиұлының саналы ғұмырының кейінгі отыз бес жылы мемлекеттік қызметке арналды. Әбекең 1982 жылы Алматы жоғары партия мектебiн ойдағыдай тәмамдап, өзіне тапсырылған партиялық қызметтерлі абыройлы атқарды. А.Кенжеғалидың осы мүмкіндігі облыстық мемлекеттік қызмет түрлерінде кеңінен пайдаланылып, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері еліміздің рухани өркендеуіне зор үлес қосып келеді.

Еліміз егемендік алған алғашқы жылдары баспасөз біткен түгелге дерлік оппозициялық бағыт алып, ел бірлігі мен қоғам тұтастығы сынға түскен кезең пайда болды. Осы кезде облыс әкімі аппаратында қоғамдық пікірді зерделеу және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс секторы құрылды. Бұл жұмысқа лайық деп табылған Абат аға 1991-1993 жылдары атқарушы билік пен БАҚ жұмыстарын үйлестіруде үлкен шеберлік таныта білді.

Тоқсаныншы  жылдардың аяғында Қазақстанның рухани кеңістігі жаңа сипат ала бастады. Елімізде дін түрлері көбейді. Оларға дәстүрлі ислам дінін ұстанатын қазақ ұлтының өкілдері көптеп кіріп, протестанттық дін ұстанымдарын таратуды белсенді түрде қолға алды. Сол кезде облыс әкімі жанынан діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес хатшылығы құрылды. Облыс әкімі сеніп тапсырған бұл жұмысты да Әбекең абыроймен атқарды. Осынау жауапты да күрделі қызметтегі белсенділігі үшін оған 2002 жылы «ҚР Мәдениет қайраткері» деген атақ берілді. Оның өңіріндегі Тәуелсіздіктің 10 ,20, 25 жылдық мерекелеріне орай берілген медальдар, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар, «Лекциялық насихат iсiнiң үздiгi» құрметтi атақтарды ұзақ жылғы қажырлы қызметтің жемісі деп түсінген ләзім.

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, қарымды қаламгер иесі ретін бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыстағы Әбекеңнің қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін жаңаша  көзқараспен зерделеп, жинақтаған «Асыл мұра» кітабы (1998 ж) үлкен танымдық сипатқа ие болды. Ұлттық тіл, рухани тағылым, діни ахуал, мәдени қарым-қатынас жөнінде көптеген ғылыми-зерттеу мақалалары облыстық, республикалық баспасөз бетінде жарық көріп, арнайы бағдарламалар жасақталды. «Атырау» энциклопедиясының, «Исатай ауданы» шежіресі авторларының бірі болған Абат Кенжеғалиұлы Ұлы Отан соғысында қаза тапқандар туралы үш томдық «Боздақтар» кiтабын шығаруды ұйымдастырды. «Жанымдағылар мен жадымдағылар» атты естелік кітабы жарық көрді.

Бүгінде жетпіс бестің белесін бағындырған Әбекең әлі де сапта жүр. Ол облыстың қоғамдық-саяси және мәдени-рухани өміріндегі шараларға белсене қатысады. Жан жарымен екеуі берекелі отбасының тірегі, бала-келін тәрбиелеп, немерелерін көз қуаныштарына айналдыруда.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз