ЖЫЛ ЗЕЙНЕТКЕРДІ ҚОЛДАУМЕН БАСТАЛДЫ
Білгеніміздей, биылдан бастап елімізде зейнетақы тоғыз пайызға өсті. Бір айта кетерлігі, бұл көрсеткіш 9 мың 330 теңгеге белгіленген негізгі бөлікке және еңбек өтілі үшін берілетін сомаға да қосылатын болады. Қарапайым түрде айтқанда, егер сіз күні бүгінге дейін орта есеппен 40 мың теңге зейнетақы алып келген болсаңыз, оның 9 мың 330 теңгесі – негізгі бөлігі, ал қалған 30 мың 670 теңге еңбек өтіліміңізден өзге де қосымша көрсеткіштерге сай қосылған. Енді 9 пайыз өсіммен биылдан бастап, 43 мың 413 теңгені санап алатын боласыз. Сондай-ақ, аталмыш департамент басшысының орынбасары Мәншүк Лепесованың айтуынша, осы жылдан бастап тағайындалатын ең төменгі зейнетақы көлемі 20 мың 782 теңге болады.
Үстіміздегі жылдан бастап, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемі 1852 теңге болып бекітіліп отыр. Осыған орай, бала күтіміне байланысты берілетін мемлекеттік жәрдемақы көлемінде де өзгеріс бар. Мәселен, бірінші баладан үшінші балаға дейін берілетін бір жолғы жәрдемақы 55 мың 560 теңге, бала саны төртіншіден жоғарылаған сайын 92 мың 600 теңгеге дейін төленеді. Тағы бір айта кетерлігі, тыл еңбеккерлеріне және бірінші, екінші, үшінші топ мүгедектеріне берілетін атаулы мемлекеттік жәрдемақы 7 пайызға дейін өседі деп күтілуде.
Оқырман қаперіне беретін бір жайт, Семей ядролық сынақ алаңынан және саяси репрессия салдарынан жапа шеккен азаматтарға тағайындалған өтемақы биылға дейін төленбейтін болса, онда оларға өтемақы 1852 теңге көлеміндегі АЕК негізінде есептелетін болады.
Бірақ, бұл жаңалықтар қарттар жағын бәрібір алаңдатып отыр. «Мемлекет жыл сайын зейнетақымызды өсіріп келеді ғой. Тек бізде зейнетақымен қоса азық-түлік, коммуналдық төлемдер ақысы да өсіп, шарықтап шыға келеді. Сол кезде өскен ақшамызды өзіміз сезіне алмай қаламыз. Мемлекет монополистерді бақылауға алса екен» дейді бізбен пікір бөліскен зейнеткер Қанаш әжей.
Жаңа өсімге қатысты тағы бір айта кететін жайт, бұл 9 пайыз 1998 жылға дейін еңбек өтілі бар азаматтардың зейнетақысына да қосылып отыр. Өйткені, жаңа реформаға сай олар да «Бірыңғай зейнетақы жүйесіне» енген. Осы жерде айта кеткен жөн, 2013 жылдың 11-ші қазанынан бастап, елімізде жаппай зейнетақы қорларын біріктіру реформасы жүріп жатыр. Бүгінде «Республика», «Отан», «Капитал» және «Атамекен» қорының активтері қабылданып бітті. Алда тағы жетеуі тұр. Содан кейін салымшылардың зейнетақы жөнінде толық ақпарат алуына мүмкіндік туады. Белгіленген кестеге сәйкес, бірігу жүйесі сәуір айында аяқталуы тиіс. Десе де, әзірге белгілісі, жаңа реформаға сай болашақ зейнеткерлердің салым қорындағы ақшасын бірден алуына немесе бөліп ай сайын алып отыруына да жағдай жасалған.
Сондай-ақ, үстіміздегі жылдан бастап еліміздегі ең төменгі жалақы 19 мың 966 теңгені құрайтын болады. Әзірге әлеуметтік төлемдерге қатысты айтарымыз осы.
Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.