МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР ОРЫНДАЛУЫМЕН ҚҰНДЫ

Өткен жылы облыста бастауыш сыныптардағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылары балаларын тегін ыстық тамақпен қамту мәселесі толықтай шешілген болатын. Бір жылда алты білім беру және алты денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. 45 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жасалса, қазір 30 әлеуметтік нысанның құрылысы жүріп жатыр.

 Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте оның орынбасары Шыңғыс Мұқан аталған салаларға қатысты төрт мемлекеттік бағдарламаның орындалысы туралы баяндады.

– «Балапан» бағдарламасы аясында өткен жылы 13 балабақша, 25  шағын орталық, тоғыз қосымша топ іске қосылып, нәтижесінде 1324 орын ашылды. Соның нәтижесінде бір жылда 1-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші артты. Бірақ, 1-6 жастағы балаларды қамту Индер, Жылыой, Құрманғазы аудандарында, ал, 3-6 жастағы балаларды қамту Махамбет, Жылыой, Индер, Мақат аудандары мен Атырау қаласында облыстық деңгейден төмен. 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамтуды Қызылқоға ауданы толық шешті, Исатайда – 92,5 пайыз, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы. 

Қазіргі таңда облыста 18 496 бала балабақша кезегінде тұр. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, ағымдағы жылы 4 800 жаңа орынды іске қосу жоспарлануда. Бұл орайда шешімін күткен мәселелер де бар.

Сондай-ақ, кеңес барысында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалысы да кеңінен баяндалды.

Өңірдегі 196 мектептің соңғы үш жылда 76-сы күрделі жөндеуден өтіп, 15 мектеп жаңадан салынған. Енді 105 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Осылардың ішінен ағымдағы жылы 24 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталмақшы.

Шыңғыс Мұқан жұмыс осы қарқынмен жалғаса берсе, алдағы үш жылда қалған 71 мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп, бұл мәселе түбегейлі шешілетініне сендірді. Ең бастысы, күрделі жөндеу жұмыстарын кешенді түрде жүргізу қажет екендігін ерекше атап өтті.

Облыс мектептерінің 68,6 пайызы жаңа модификациялы кабинеттермен жабдықталып, компьютермен 100 пайызға қамтылған. Бір компьютерге шаққанда сегіз баладан келеді.

Осы орайда облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы бұл көрсеткіштің әлі де жеткіліксіз екендігін ескертіп, ескі компьютерлерді жаңасына ауыстыруды тапсырды.

Облыста, – деді Ш.Мұқан, – он мектепте асхана не буфет жоқ. Оның ішінде Атырау қаласындағы екі мектеп – апаттық жағдайдағы мектептер. Олар жаңадан салынуда. Индер ауданында Бұқар бастауыш мектебі бала санының аз болуына байланысты жабылады, жоғары сынып оқушыларына арналған бейіндік үш мектепті (Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданында) қосымша білім беру ұйымдары етіп қайта ашуға ұсыныс жасалды. Қалған төрт мектеп Қызылқоға ауданындағы бастауыш мектептер болғандықтан, ғимараты бейімделген, оларға қосымша жапсаржай салу мәселесін қарауды ұсынып отырмыз.  Оқушыларға бал, шұбат беру мәселелері аудан әкімдеріне жеткізіле тұрса да, әлі күнге пәрменді шара алынбай отыр.

Сондай-ақ, селекторлық кеңес барысында балалар арасындағы құқық бұзушылық пен суицид мәселесі сөз болды.

Денсаулық сақтау саласында «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы 2011 жылдан бері жүзеге асырылуда. Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның айтуынша, аталған бағдарламаның 45 көрсеткішпен белгіленген межелерінің 43-і іске асқан. Ал, қалған екеуі орындалмай отыр.

Өткен жылы ана өлімінің төрт жағдайы тіркелді. Бір жыл ішінде туу 2%-ға өсіп, жалпы өлім 5%-ға төмендеді, нәтижесінде табиғи өсім 4%-ға өсті.

Осы және де басқа өзекті жайттарды айта келе, облыс әкімінің орынбасары Ш.Мұқан дәрігер кадрларының мәселесіне де тоқталды. Облыста қазір 210 дәрігер жетіспейді. Осы орайда, облыс басшысы мамандарды әлеуметтік қолдау арқылы тартуға болатынын айтып, пәтер мәселесін шешуді тапсырды.         

Кәсіби оқуды аяқтаған адамдарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесі әлі де өңірде оң нәтижесін таппай отыр. Күні бүгінге төмен көрсеткіштер – Құрманғазы, Индер және Қызылқоға аудандарында. Ал, «Жастар тәжірибесіне» 1 356 жас жолданды. Жұмысын аяқтаған 980 адамның 198-і тұрақты жұмысқа орналасқан.

Осы орайда аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов тек қажетті мамандарды ғана оқыту, бөлінген қаржыны дер кезінде тиімді пайдалану бағытында бірқатар ескертулер жасады.

Кейін аудан әкімдері де аталған бағдарламаларды іске асыру бағытындағы жұмыстарын баяндап, бірқатар мәселелерді талқылады. Жылыой ауданының әкімі Мақсым Ізбасовтың Құлсары қаласынан қазақ-түрік лицейін ашу жөніндегі ұсынысын және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Бейбіт Мамраевтың  аталған оқу орнына бес PhD докторын оқыту бағытындағы сұранысын облыс басшысы бірден қолдап, нақты тапсырмалар жүктеді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз