Жылойда 646 адам жұмысқа орналасты
«Нұр Отан» партиясы Жылыой аудандық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері Елбасы Жолдауын талқылады.
Партияның баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарова мәлімдегендей, өндірісті өңірде жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар нақты жүйеге қойылған. Жыл басынан бері партия филиалында ұйымдастырылған 12 бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 1472 жұмыссыз қатысып, оның 646-ы тұрақты жұмысқа орналастырылған. Сондай-ақ, Теңіз кенішіндегі 52 мекемемен жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында келіссөздер жасалып, меморандумдар нәтижесінде алты жүзден астам адам жұмыспен қамтылған. Аудан бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрайды.
Жиында Жылыой аудандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі қоғамдық кеңес төрайымы Сәуле Мәмбетова Жолдауда айтылған сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне тоқталды. «Бүгінде сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін барлық азаматтық қоғам жұмылдырылып, мемлекеттік аппараттың, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың күштері біріктірілуде» деді ол.
Өз тілшіміз.