«AMANAT-та» жаңа акция:  «Табысқа апарар жол. Жұмысқа орналасуға көмек»

6ffaf6c0 8ae0 4361 a5e5 275a83538691 1 Қоғам

«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының қоғамдық қабылдауында азаматтарды жұмысқа орналастыруға байланысты жаңа акция басталды, деп хабарлайды atr.kz тілшісі партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында азаматтардың әл-ауқатын арттыруды, олардың әлеуметтік жағдайын басты назарда ұстауды тапсырған болатын. І жартыжылдықта партияның қоғамдық қабылдауларына жұмысқа орналастыру және еңбек даулары мәселелері бойынша 4 мыңнан астам азамат жүгінді. Осыған байланысты әр айдың екінші сәрсенбісінде партияның аймақтық, аумақтық филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелерінде «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ, «Атамекен» ҰКП және басқа да ұйымдардың көмегімен «Табысқа апарар жол. Жұмысқа орналасуға көмек» акциясын өткізу басталды.

Бүгін «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде филиалдың атқарушы хатшысының орынбасары Қуантай Бисалиев, Атырау қалалық мансап орталығының директоры Гүлнар Құспанова және  Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының  жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Гүлбулат Аманғалиеваның қатысуымен жаңа акцияның алғашқы қабылдауы өтті.

            Қала тұрғыны Алматы қаласындағы  Қ.Сәтбаев университетін мұнай инженері мамандығы бойынша биыл бітірген жас маман Нұртөре Аққали «Жастар практикасы» бағдарламасына сәйкес жұмысқа жіберілді. Ал, жұмыссыздар  Тимур Батыров пен Марат Сулекеновтерге жұмысынан айырылуына байланысты жәрдемақы тағайындалды.

Мамандығы эколог Нурмухан Болатовқа Мансап орталығына жұмыссыз ретінде тіркелу, ІІІ топ мүгедегі Қыдырболат Қайыров аталған орталыққа құжаттарымен келу ұсынылды. Екеуіне де орталықтан жұмыс көзі қарастырылатын болып келісілді.

d740813a f408 4ce0 b48c ae7aa6ffdef2

Бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша 2013 жылы Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжін бітірген доссорлық Назым Даулетова университетте оқуына байланысты жұмыссыз ретінде тіркеле алмағандықтан, жұмысқа да орналаса алмай, Доссор поселкесіндегі орта мектептердің біріне жұмысқа орналасуына ықпал етуді сұрады. Тиісті мамандар «Enbek.kz» сайтына жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, жұмысқа орналасуды және қосымша кеңес беру үшін партияның аудандық филиалы атқарушы хатшысына тапсырылды.

ccd34ae4 2910 47c5 b474 a835106e3df7

            Батыс Қазақстан облысы инновациялық-технологиялық  университетін қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша биыл тәмамдаған жас маман Айдана Сағызбаева «BINOM» мектебіне,  жұмыссыз Нұрлыгүл Издибаева партияның Жылыой аудандық филиалының консультанты  лауазымына, сонымен қатар 3 азамат жылу қазандығының операторы ретінде маусымдық жұмысқа орналастырылды.

Айта кетейік, акция аясында оң шешілген кейстер республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне жүйелі негізде жіберіледі. Партия жұмыспен қамту және еңбек даулары бойынша өтініштерді ескере отырып, елдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуді және жұмыссыз халықты сұраныстағы мамандықтарға қайта даярлауды басты назарда ұстайды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз