Жарнама
Қоғам

ЖЫЛДАН-ЖЫЛҒА ЖАҢҒЫРҒАН ЖАҚСЫ ДӘСТҮР

КӨКТЕМ КҮНІ ҚҰЛПЫРЫП…
Серік БАЙМҰҚАШЕВ, «Нұр Отан» ХДП Атырау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
— Наурыз – табиғат аясында, ел болып тойлайтын қазақтың төл мерекесі. Сондықтан да, Наурыздың өзге мерекелерге қарағанда шоқтығы биік саналады. Әйтсе де, біз соңғы жылдары Наурыз мейрамын тек қаланың орталық алаңдарында ғана тойлауды әдетке айналдырдық. Аталарымыз қолданған киіз үйлерге мүлде ұқсамайтын күркелерді тіге салып, ішіне «мәртебелі меймандарды» ғана кіргізіп, көже ұсынып 22-сі күні түске дейін мерекемізді қорытындылай саламыз.
Ұлтымыздың жаңа жылының мәртебесін қазіргіден де арттыру үшін, ең бірінші, Наурызды далалық жерде, табиғат аясында тойлау қажет деп есептеймін. Кең далада, көктемнің ауасымен демалып, ат жарыстырып, арқан тартыстырсақ қандай тамаша болар еді. Сонда ғана өзге ұлт өкілдері таң қалысып, біздің салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың айрықша екеніне көз жеткізеді.
Сондай-ақ, Наурыз мерекесін тек 22-сінде ғана тойламай, бүкіл бір ай бойына ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, әсіресе өскелең ұрпаққа дәріптей білсек нұр үстіне нұр болар еді.

КӨПТЕН КҮТКЕН ҰЛЫ КҮН
Абат КЕНЖЕҒАЛИЕВ, облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары:
-Ертеде халқымыз Наурыз мерекесін асқан дайындықпен, асыға күтетін болды. Наурыз айы келісімен жаңа жылдан жақсылық тілеп, үй-жиһаздарын, қора-қопсысын, ат-әбзелдерін тазалап, үйдегі заттарды далаға шығарып үйде жылылық болсын деген ниетпен күннің нұрына шомылдырған. Ырыс мол болсын деп, ыдыс-аяқты бос қоймаған. Ал, қазір ше, Наурызды әшейін бір науқанға айналдырып жібердік. 22-сін күтіп отырамыз да сол күні қала орталығына шығып концерттік бағдарламалар тамашалап, кері қайтамыз. Григориян күнтізбесі бойынша 31-ші желтоқсанда ауысатын жаңа жылды қарсы алуымыз бен ұлтымыздың жаңа жылы Наурызды қалай қарсы алуымыз, тіпті салыстыруға келмейді. 31-ші желтоқсанға дейін бір ай бұрын сабылып, көшеге жылтырақтар іліп безендіреміз, жаңа жылмен құттықтаймыз, ал Наурызда мұндай көріністердің бірі де болмайды. Мекемелер маңдайшасына 22-ші Наурыз тақалғанда ғана құттықтау сөз жазады. Неге біз жаңа жылымызға бір ай бұрын дайындық жұмыстарын жүргізбейміз?
Наурыз мерекесін халықтың санасына қайта сіңіру мәртебесін арттыру үшін ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да, лекциялық насихат, тәрбие жұмыстары арқылы да, насихаттық жұмыс жүргізілуі керек. Наурыздың мән-мағынасын ашатын мақалалар жарияланып, бейнекөріністер көрермен назарына ұсынылуы тиіс. Бүгінде қала жұртшылығы мереке күні шараға шыққаннан гөрі, көгілдір экран алдында жатқанды да жақсы көреді. Сондықтан, Наурыз айы бойына теледидардан салт-дәстүрімізді насихаттайтын хабарлар, деректі фильмдер мен ұлттық әндер берілуі қажет.

ЖАҢА ЖЫЛДА – ЖАҢАША БАСТАМА
Роза ҚАРАЖІГІТОВА, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің педагогика кафедрасының профессоры:
-Наурыз туралы қазақ зиялылары көп айтып та, жазып та насихаттап жүр. Дегенмен, ұлық мерекемізді әлі күнге дейін ұлықтай алмай келеміз. Түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатса да, бұл мереке өз дәрежесінде тойланбауда. Бір қуанарлығы, мен қызмет атқарып отырған оқу орны биылғы жылдан бастап жаңа жылымызды тойлауды наурыздың 14-і күні Қазақстанның батыс аймағына ғана тән көрісу салтынан бастады. Сол күннен бастап тәрбиелік мәні зор шаралар өткізіп, халқымыздың бесікке салу, қыз қуу, тұсау кесу секілді салт-дәстүрлерін студенттер арасында насихаттау мақсатымен қойылымдар қойылды. Бұл да бір соңғы жылдардағы жаңа бастама деп білеміз.
Наурыз – ауыл аралап, үйді-үйге барып Наурыз көже ішіп, қазақтардың арқа-жарқа болып қалатын бір керемет мерекесі ғой бұл. Көңілдің кірі кетіп, реніш, өкпенің сейілетін күні. Адам да табиғатпен бірге бусанып, жаны жадырайтын шақ. Сондықтан да, біз Наурызды бір күн ғана емес, бір ай бойына тойлауға дағдылануымыз қажет. Әр отбасында ұлттық тағамдарымызға толы дастарханымыз жайнап тұрса, наурыз көже қазандарда қайнаса, жастарымыз далада алтыбақан тебісіп жатса мерекенің сәні сонда кірер еді.
Наурызды атап өтуді ұлттық нақышта заманға сай түрлендіріп, қазақтың қандай жақсы дәстүрлері бар соның бәрін наурыз айында ұлықтауымыз қажет. Біздің аймағымыз экологиялық ахуалы төмен болғандықтан әр отбасы көшет отырғызуды дәстүрге айналдыруы керек деп санаймын. Құзырлы органдар тарапынан осы бастамаға қолдау көрсетілсе, тұрғындар да бұл іске атсалысар еді. Тазалық денсаулық кепілі болғандықтан, наурызда тазалық шараларын жүргізсек те болады. Себебі, біздің өңірде көгалдандыру, тазалық жұмыстарын күшейту–бүгінгі күндегі кезек күттірмейтін іс.

Дайындаған Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button