Жарнама
"ATYRAÝ"-ға 100 жыл!Қоғам

Журналистика жампозы

1961 жыл. Білімнің қарашаңырағы – Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған атыраулық төрт түлек Нұрғожа Жұбанов, Құмарғали Ғабдешев, Сержан Шәкірат және Тілек Дәулетов өмірдің жаңа белесіне бағыт алып, сан тараулы тағдырдың тағы бір сатысына қадам басқан-ды. Жас мамандардың бірі облыстық партия комитетінің жолдамасымен Шевченко аудандық газетіне жұмысқа жіберіліп, өнеркәсіп-транспорт бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды. Бұл – бүгінгі мақалаға арқау болып отырған журналистика жампозы Тілек Дәулетовтың аталған саладағы алғашқы қадамы еді.

543754

Жас маман редакциялық өмірдің қыр-сырына қанығып, салаға енді төселе бастаған тұста аудан таратылып, газет жабылып қалды. Сөйтіп, туған топырағына оралған Тілек Шоханұлы «бір айлық сынақ мерзімімен» деген бұйрықпен «Социалистік құрылыс» газетінің мәдениет және тұрмыс бөліміне әдеби қызметкер болып  жұмысқа кіріседі. Көп кешікпей газеттің атауы «Коммунистік еңбек» болып ауысады. Өңір баспасөзінің айнасы саналатын басылым қабырғасында табан аудармастан 10 жыл қызмет еткен Тілек Дәулетов аталған редакцияның қазанында қайнап, шыңдалды.

«Атыраудың» тарихы менің өміріммен байланысты» деп ұдайы айтып отыратын қаламгер аға қызмет еткен жылдарда ортақ іске бел шеше кіріскен ұжымды ұдайы мақтаныш сезімімен еске алады. Айтса, айтқандай-ақ! «Мен қызмет атқарған жылдарда редакцияда Хабир Нұрмұхамедов, Қыдырғали Сасықов, Сапағали Шәкімов, Уәжит Машанов, Құлмағанбет Бөріқұлақов, Саламат Хайдаров сынды аға буын, Түсіп Бисекенов, Берік Қорқытов, Әбуғали Ғабдуллин, Шөпенғали Дәуенов, Әміреш Жұмағалиев, Ізімберген Есқожин, Сансызбай Охасов, Марат Ысқақов, Настағым Қисыметов сынды орта буын, Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова, Құмар Кенжеғалиев, Құмарғали Ғабдешев, Нұреден Мұфтахов, Қилыбай Қуанышбаев сынды өз тұстастарыммен бірге қалам тербедік. Кейіннен біздің қатарымызды Тәжі Ақымов, Жаңбырбай Сұлтанғалиев, Қазихан Қабделов, Мұқан Көптілеуов, Айтқали Нұрғалиевтер толықтырды» дейді Тілек Шоханұлы өз әңгімесінде. Расымен де, әрқайсысының қолтаңбасы бөлек болғанымен, ортақ мақсатқа ұмтылған бұл жандардың бүгінде ғасырға жуық тарихы бар «Атырау» газетінің редакциясы деп аталатын киелі орынның беделі аласармауына қосқан үлестері зор.

«Коммунистік еңбекте» қызмет еткен жылдар ішінде жас маман журналист ретінде қалыптасып, қаламын ұштады. Орыс тілінде келген маңызды материалдарды дереу аударып, газетке жариялау – басты талаптың бірі. Басылымның «нөмірі бірінші тәржімашысы» болған Қыдырғали Сасықовтың өмірден өткен кезінде қызметкерлердің арасында аударма ісіне тәуекел еткен де осы Тілек Шоханұлы болатын. Бұл қадам  оның болашағының бастамасы да болды. Кейін ҚазТАГ-қа жұмысқа ауысқанда аудармашылықпен айналысуына тура келген-ді. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Информация Агенттігінің жауапты шығарушы редакторы, аға редакторы, республикалық «Жалын» баспасының қоғамдық-саяси әдебиет редакциясының меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, ҚазТАГ-тың бас редакторы болып атқарған қызметтері оның журналистика саласындағы білімі мен білігін молайта түсті.

Қашан да қаламды серік қылып, қызметтен қол үзбеген Тілек Дәулетов зейнет жасына шыққан сәтте де қол қусырып отырып қалмай Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында «Атажұрт» баспа орталығын құрып, рухани қазына санын молайтуға зор үлес қосты. Сырттағы қандастарымыздың, қазақ диаспорасы өкілдерінің таңдаулы туындыларын жинақтап, 40-тан астам кітапты редакциялап, жарыққа шығаруға мұрындық болды. Бұған қоса, көркем аударма саласындағы өнікті еңбегі арқылы оннан аса тәржіма кітаптары «Жалын», «Жазушы», «Қазақстан»  баспаларынан жарық көрді. Бұл – шығармашылық жолдағы елеулі белес, абыройлы асу.

Жұмысын жан-тәнімен сүйген журналистика жампозының еңбегі лайықты бағаланғанын да айта кеткен жөн болар. Ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен және шығармашылық одақтардың грамоталарымен, мерекелік медальдармен марапатталған. Қазақстанның құрметті журналисі.

Бұл күнде ардагер аға сексеннің сеңгірін бағындырды. Бала-келіні әкесінің қас-қабағына қарап, перзенттік борыштарын өтеуде. Баталы ұл атанып отыр.

Абырой-беделдің биігіне кенелген кемел шақтың ғасырға жалғаса беруіне тілектестік танытамыз!

Серік ШОХАНОВ, ұлы:

Әкем – менің өмірлік мектебім. Ісімен де, ғұмырлық ұстанымымен де – маған үлгі, жол бастаушы. Бала күнімнен газет редакциясымен байланыста болып өскендіктен, есейе келе, мамандық таңдауға тірелгенде, ойланбастан, осындай шешім қабылдап, әке жолын жалғадым. Ол оқыған ұстаздардан дәріс алдым. Әкемнің ақыл-кеңесімен шыңдалдым.

Елу жылдан астам уақыт бойы қолынан қаламы түскен емес. Қазір де қаламын серік етіп, жазудан бас алмай отырады. Құдды қалам ұстап келгендей өмірге! 

Құмарғали Ғабдешев, Қазақстанның құрметті журналисі:

Тілек екеуіміз 1956-1961 жылдары ҚазМУ-дің журналистика бөлімінде бірге оқып, бірге бітірдік. Бұдан соң оның Маңғыстаудағы «Ленин туы» аудандық газеті редакциясында журналистік жолы басталды. 1962 жылы облыстық «Коммунистік еңбек» газетінде қайта табыстық.

Қашан да көңілі көктем, пейілі кең. Онымен алғаш рет танысқанымда солай болып көрінген-ді, әлі де сол қалпында. Асықпай жүреді, жүрегімен күледі. Тәкең парасат пен пайымы, білімі мен біліктілігі, өзінің жоғары интеллектілігінен шығар, кез келген ортада сыйлы, құрметті. Алаңсыз ақкөңілділігіне, кісілік келбетіне, адалдықтың ақ туын жоғары ұстап келе жатқанына өз басым тәнтімін.

Гүлжан Әмірова

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button