ҰЛТТАРДЫ ҰЙЫСТЫРҒАН КҮШ

Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне орай Атырау қалалық балалар стоматология емханасының ұжымы ерекше шара ұйымдастырды.

Аталған емхананың бас дәрігері Нұргүл Намазғалиева бастаған дәрігерлер қауымы «Бірлігі жарасқан Қазақстаным менің» тақырыбында елімізді мекендеген ұлттар мерекесін өткізді.
Барлық ұлттардың арасындағы достықты нығайтып, ынтымағын жарастыратын айтулы күнді атап өтуге барлық дәрігерлер атсалысып, олар қазақтың «бешбармағын», татардың «сақ-сағын», өзбектің «палауын», кәрістің «хвесін», орыстың дәмді құймағы мен бөлкесін жасап әкеліпті.
«Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне арналған іс-шараны емханада жыл сайын ұйымдастырып тұрамыз. Емханадағы 65 қызметкер өздерінше концерттік нөмірлерін дайындап, өнерлерін көрсетеді. Мағынасы зор бірлік мерекесі қазір барлық жерде Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленген міндеттерді насихаттау мақсатында ұйымдастырылуда. Біздің ұжымда да осы мерекені қоғамда тұрақтылықты, татулық пен келісімді қамтамасыз ету мақсатында атап өту дәстүрге айналған», – дейді бас дәрігер.
Әр жылдары қазақ жеріне көшіп келген өзге ұлт өкілдері оларды құшағын жая қарсы алып, бауырына басқан қазақ халқының ақпейілділігі мен қонақжайлылығы жайында ойларын ортаға салды. Орыс халқының салт-дәстүрімен, мәдениетімен таныстырған мейірбике Ольга Александровна әке-шешесінің тағдыр тәлкегімен қазақ жеріне қоныс аударып, осында тұрақтанғанын айтады. Ол өз сөзінде «Қазақ халқы секілді қонақжай, бауырмал халық әлемде жоқ деп айта аламын. Өйткені, олар қай ұлттың өкілдеріне де шетқақпай көрсетпей, бауырына басады. Менің Ресейде тұратын жақындарым әр келген сайын қазақтың осындай қасиетін ерекше таңданыспен айтып отырады», – деген ойын жеткізді.
Әр ұлттың тілінде ән шырқап, би билеп, өлең оқып, тілек білдірген дәрігерлердің ағайын-туыстары да шараға қонақ ретінде келіп тамашалады.
Ал, әдемі де әсерлі кештің соңы тәуелсіз елде, бейбіт заманда бірлігі жарасқан дәрігерлердің қазақ биімен жалғасты.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз