Жетімдер жанарындағы мұң немесе оларды не толғандырады?

photo 451 Қоғам

«Жетім көрсең жебей жүр» демекші, қазақ халқы жетімін жылатпаған. Сол үрдіс бүгінде жалғасын тауып, ата-анасынан айырылған сәбилерді мемлекет қамқорлығына алды. Әрине, Сәбилер үйі ананың аялы алақанын алмастырмас. Сырт көзге бәрі қалыпты көрініс сияқты. Бірақ, олардың кейінгі тағдырына кім жауапты? Жақында редакциямызға хабарласқан қала тұрғыны Жадыра Нығметованың  жанайқайы біздің мәселені тереңірек зерделей түсуімізге түрткі болды. 

photo_451

Жадыра Нығметова 2004 жылы интернаттан шығыпты. Небәрі 14 жасында басқа «интернаттық қыздармен» бірігіп, әр жерде үй жалдап жүреді. Тазалықшы болып нәпақа тауып жүрген 17 жасар бойжеткен 2007 жылы тұрмыс құрыпты. Алайда, 2015 жылы ажырасып, бүгінге дейін екі баласына алимент алмай жүр. Оның үстіне, 2016 жылы С.Қазыбаев атындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үйінің әкімшілігі Жадыраға 2001 жылы туған інісін «интернат жабылып жатыр, қасыңа ал» деп шығарып жібереді. Қолында баланың қорғаншысы екенін дәлелдейтін құжат та жоқ.

– Әкем қайтыс болды, шешемізді ата-аналық құқығынан айырған. Мен інімді бағудан қашып тұрған жоқпын. Өзім қазір екі балам және ініммен үй жалдап жүрмін. Інім «жетімдердің», өзім «толық емес отбасы» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрмыз. Шынымды айтсам, үй жалдаудан шаршап кеттім. Өзім интернатта тәрбиеленгесін, балаларымнан бір-елі ажырағым келмейді. Бұрынғы күйеуім «Алимент сұрасаң, балаларды тартып аламын. Себебі, сенің басыңда баспанаң жоқ» деп қорқытып кетеді. Менің сұрайтыным, бізге үйдің кезегі келгенше уақытша болса да баспана берсе екен, – деген Жадыра бізді көп ойдың жетегінде қалдырды.

Біз Жадыраның әңгімесінен кейін облыстық білім басқармасына хабарласқанбыз. Басқарма мамандары жетім балаларға барынша қамқорлық жасалып отырғанын айтты. Сондай-ақ, қазіргі уақытта қалалық білім бөлімінде інісіне қатысты құжаттар реттелу үстінде екен.

Адасқан тағдыр

«Жетім» атанса да кәмелетке толғанша тамақ пен киімнен таршылық көрмей өскен балалардың көбі ұясынан ұшқан бетте өмір өзенінде қалай жүзерін білмейді. Арқа сүйейтін адамы жоқ, өмірдің күрес екенін түсінгендер орын табуға тырысады. Ал, жеңіл өмірге бойы үйренгендер өз ортасынан адасып қалып жатады. Жалпы, қылмыс жасап, түрмеге түскендер туралы деректерге көз жүгіртсек, олардың денін балалар үйінен шыққан жастар құрайды.

Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. 2004 жылы С.Қазыбаев атындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үйінен шыққан Талап Каракешев 4 рет түрмеге отырып шыққанын айтады. Басында баспанасы, паналар жақыны жоқ жасөспірімдер тірлік үшін қандай әрекетке де бейім келетін шығар. Талап та аз қиналмаған. Оның айтуынша, интернаттан шыққан соң «не істеймін, қалай өмір сүремін?» деп өзі сияқты жасөспірімдерге қосылып, ұрлық жасапты. Көп қабатты үйлердің жертөлесін мекендеген күндері болған. Тұрақты жұмысқа тұрайын десе, мамандығы жоқ. «Бізді қоғамның өзі «детдомдық» деп бөледі. Дұрыс жұмыс істей алмайды деп ойлайды. Содан кейін мамандық алудың өзі – бір проблема. Мен 2012 жылы Альбина (ол да кезінде балалар үйінде болып, артынан анасы алып кеткен) есімді қызбен бас қостым. Арамызда екі баламыз бар. Баспана кезегінде 285-ші болып тұрмын. Менімен қатар тұрғандардың барлығы әлдеқашан үйлерін алып кеткен. Әйелім екі баламен бөлек тұрады. Өзімнің тұрақты үйім де, жұмысым да жоқ. Ендігі арманым – үйімнің кілтін алып, отбасыммен бақытты өмір сүргім келеді. Мен көрген жетімдіктің азабын балаларым тартпаса екен деймін. Қазір есіме түссе, жүрегім қан жылайды… Жетім жүректер де бақытты болғысы келеді…» деп өңешіне тығылған өксігін жасыра алмай, жанарына жас толды.

Ал, «Шаңырақ» балалар үйінде тәрбиеленіп шыққан Гүлнұр Бақтығұлова да жағдайына түсіністікпен қарауды өтінді.

«2012 жылы сол кездегі облыс әкімі жетім балаларға деп Мақат кентінен пәтер берді. Бірақ, ол жақта тұрмайтын болғандықтан үй алған жастардың көпшілігі бас тартты. Мен де алған пәтерімді 2015 жылы кері тапсырып, бүгінде үйдің кезегінде №789-шы болып  тұрмын. 2014 жылы күйеуге шықтым, қазір екі балам бар. Жақында ажырасуға арыз бердім. Себебі, күйеуім жұмыс жасамайды, үйге өзі сияқты адамдарды жинап алып, арақ ішеді. Менің жетім екенімді айтып, намысымды таптайтын сөздің түрін айтады», – деп қайғысымен бөлісті.

Гүлнұр балаларының болашағы үшін күйеуінен кеткенін айтады. Күйеуі өзінің іс-әрекетіне жауап бере алмайды екен. Қазір өзінің әр үйге бір қонып жүргенін, екі баласы екі жерде, жағдайының қиын екенін айтып, уақытша тұруға қайырымды адамдарға тапсырған. Әңгіме арасында Гүлнұр «Менің сұрайтыным, уақытша болса да баспана керек. Балаларымды қасыма алып, өзім тәрбиелегім келеді» деген өтінішін жеткізді.

Сондай-ақ, ағайынды Асылан және Нұрлан Шамеденовтер де қиын жағдайда жүр.

«Қаланың әр бұрышынан үй жалдап жүрміз. Өзімнің әйелім және екі балам бар. Шыны керек, біз 2004 жылы интернаттан қалай шықтық, солай өз бетімізше күн көрудеміз. Біз сияқты жастарға аяқтан тұрып кеткенше қамқор болатын бағдарлама керек-ақ. Ағам екеуміз де пәтер кезегінде тұрмыз. Кезектің жылжитын түрі жоқ, осының әділдігін тексеретін кім бар? Қайда барып шағымданамыз?», – дейді Асылан Шамеденов.

«Бақыт деген сенің бала күндерің…»

Адамзат санасын материалдық құндылықтар билеген қазіргі заманда ересектер баланың ішкі сырына көңіл бөле бермейді. «Бақыт деген сенің бала күндерің» деп Мұқағали ақын айтқандай, балалық шақ қайғы-мұңсыз өтуі тиіс. Алайда, балалық шағында ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар сол бақытты сезбей келеді. Мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар көрсетілгенімен, әке-шешенің орнын алмастыра алмайды.

Өзін Нұргүл деп таныстырған талдырмаш қыз кейбір адамдардың бойында мейірім мен қайырымдылықтың азайып кеткеніне налиды. Нұргүлді анасы балалар үйіне тастап кеткен. Сонда тәрбиеленіп шығып, шешесін іздеп табады. Қуанғанынан құшағына тығылған қызын анасы кеудесінен итеріп  жібереді. «Мені сонша не үшін жек көретінін түсінбедім. Маған оның аналық махаббатпен бауырына басқаны керек. Анамның менен жеріп «менің отбасым бар, маңыма да жолама, мені іздеп әуре болма» деген сөзі жүрегіме қанжар болып қадалды. Мен кедергі болсам, әуел баста жарық дүниеге неге әкелді? Түсіне алар емеспін. Мүмкін, газет бетінен оқып, анаммен әлі-ақ тіл табысып кетерміз деп ойлаймын» дейді Нұргүл күрсініп. Оның жүрегіндегі жетімдіктің тоңын анасының аялы алақаны жібіте алады. Ал, ана жүрегі мұны сезе ала ма?

Түйін

Біз тілдескен кейіпкерлерде бір ғана мәселе ортақ. Олар бастарында басыбайлы баспана болғандығын аңсайды. Бірақ, олардың кейінгі тағдырына да қамқорлық көрсетіп, жағдай жасалғаны жөн емес пе? Сонда ғана сүрініп кетіп, тағдырын бүлдіріп алатын жастарымыздың саны азаяр еді. Талап сияқты далада қонып, көшеде ержеткен жетімдерімізді жаман жолға түсуден қорғап қалар едік. Ең болмаса, әлеуметтік жағынан аз қорғалған және жетім өскен жастарға арнап жатақхана салынса, жабырқаулы жандарды қинайтын көп мәселенің түйіні шешілер еді.

Анар КАЮПОВА, облыстық білім беру басқармасының қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің басшысы:

– Білім беру басқармасы жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау мәселелерін жүзеге асыруда. Облыста білім беру басқармасына қарасты жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 3 мекеме жұмыс жасаған болатын. 2012 жылы «Ақбота», 2017 жылы С.Қазыбаев атындағы балалар үйі жабылды. Жетім балаларды отбасына орналастыру, оларды қорғаншылық қамқоршылыққа беру, патронаттық тәрбиеге, асырап алуға, өз туған ата-анасына қайтару жұмыстары атқарылды.

Облыста 844 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала үй кезегінде тұр. 2015 жылы 182 жасөспірімге, 2016 жылы 92 жасөспірімге тұрғын үй берілді. 2017 жылы тұрғын үймен қамтылғандар – 9.

Қазіргі таңда отбасы үлгісіндегі балалар ауылы мен жасөспірімдер үйінде 64 бала тәрбиеленуде. Тәрбиеленушілердің барлығы да үй кезегіне тұрғызылған. Ата-аналарынан қалған мүліктер қатталған. Балалар үйлерінен шыққаннан кейін балалар колледжге және жоғары оқу орындарына тегін оқуға түседі. Олар жатақханалар мен жасөспірімдер үйіне, колледж бітіргеннен кейін жұмысқа орналастырылады.

Майра Оразғалиева

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Ainaw

    кейіпкерлерде бір ғана мәселе ортақ, олар бастарында басыбайлы баспана болғандығын аңсайды. Бірақ, олардың кейінгі тағдырына да қамқорлық көрсетіп, жағдай жасалғаны жөн емес пе? Сонда ғана сүрініп кетіп, тағдырын бүлдіріп алатын жастарымыздың саны азаяр еді. Талап сияқты далада қонып, көшеде ержеткен жетімдерімізді жаман жолға түсуден қорғап қалар едік. Ең болмаса, әлеуметтік жағынан аз қорғалған және жетім өскен жастарға арнап жатақхана салынса, жабырқаулы жандарды қинайтын көп мәселенің түйіні шешілер еді, өте дұрыс айтылған.