Cанаға сәуле шашқан

20170624182819 Саясат

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы, әсіресе, руханият пен мәдениет саласында жүрген зиялы қауым өкілдеріне де үлкен үміт ұшқынын сыйлағандай.

20170624182819

Тарихы тамырын тереңге жайған, ежелгі түркі өркениетінің атажұртында отырған қазақ халқының жаһан алдында мақтанары көп-ақ. Басынан қилы кезең өткен ата-бабамыздың сағын сындырмаған жалғыз нәрсе – азаттыққа деген аңсау, атамекенге деген патриоттық сезім. Уақыт кеңістігіндегі «Ұлы дала», «Мәңгілік ел» ұғымының қазақ үшін қаншалықты қасиетті екендігін Елбасымыз ашып көрсетеді.

Аталған мақала – «Рухани жаңғыру» деген қасиетті бастаманың формуласы. Өздеріңіз ойлап қарасаңыздар, Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-байтақ өлкені күні бүгінге дейін аманат қып сақтап қалған бабаларымыздың бойындағы патриоттық пен ұлтжандылық қасиет, рухымыздың биіктігі. Әйтпесе, уақыттың уысында талай алып мемлекеттер мен халықтар жұтылып, жойылып кетіп отырғаны тарихтан белгілі. Елбасының арман-мүддесі – Көк Түркінің, баба қазақтың алыптар галереясын жасау және сол арқылы осы мақтаныш сезімін келешек ұрпаққа аманат етіп қалдыру.

Ержүрек түркі бабаларымыздың ақыл-ой байлығы мен қайсарлығы қазаққа мирас болып қалды. Мақалада Ұлы даланың жеті қыры әлемнің жеті кереметіндей талданып, екінші бөлімде осы жеті ғажайыпты ғасырларға алып бару үшін атқарылатын істерді нақты талдап көрсеткен. Соның ішінде, «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Дала фольклорының антологиясы», тарихтың телевизия мен кино өнеріндегі көрінісі сынды мәселелер театр өнерін де айналып өтпейді.

Қазақ театрларының арасында өзіндік бедері, сексен жылдық тарихы бар Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры ұжымының сахнагерлері де өткенді ұлықтау, тарихқа тағзым ету мақсатында үлкен тұлғалар галереясын жасап келеді. Ұлт абыздары образы сомдалған драмалық қойылымдар, қазақтың басынан өткен тарихи сергелдеңі мен жеңістеріне арналған шығармалар театр репертуарынан түскен емес. Келешекте Елбасының аталмыш мақаласы аясындағы көркем ойларға сәйкес үлкен серпілісті жұмыстар атқарылады деп ойлаймын.

Берік ЖӘМЕНОВ,

Махамбет атындағы академиялық

 қазақ драма театрының директоры.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз