«Жомарт жанның» жомарттығы
Ерікті болу – шынайы патриотизмнің белгісі. Өйткені, оларды ел игілігі үшін қызмет етуге адамгершілік сезімі жетелейді. Осылайша, өзгелерге үлгі-өнеге көрсетіп жүрген жандар біздің өңірде де аз емес.
Биылғы көктемде облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жанынан «Жомарт жан» орталығы құрылған еді. Жетекшісі болып Андрей Кораблев тағайындалған. Орталықтың аясында «Су тасқыны салдарынан зардап шеккен елді мекендерге гуманитарлық көмек беру жөніндегі Республикалық штабтың» Атырауда штабы құрылып, оған Нурид Тикаев жетекшілік етті. Орталықтың құрамына облыстық ҚХА этномәдени бірлестіктердің, ақсақалдар кеңесінің, аналар кеңесінің, кәсіпкерлер ассоциациясы, «Ассамблея жастарының» мүшелері, төрағалары кірді.
Жуырда Достық үйі ғимаратында орталықтың кезекті отырысы өтті. Аталған орталық 8 айдың ішінде аймақ тұрғындарына 20 млн. теңгенің көмегін көрсеткен. Орталық төрағасы Андрей Кораблев мұндай шаралар Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылғанына тоқталды. Сондай-ақ, этно-бірлестік құрамындағы меценаттардың атсалысуы белсенді екенін атап өтті. Жиналғандар осыған дейінгі атқарылған жұмыстарға есеп беріп, болашақта жүзеге асырылатын жобаларды жоспарлады. Игі бастамалар республика бойынша жүзеге асуда.
«Жомарт жан» орталығы халықтың әлеуметтік осал топтарына, асыраушысынан айырылған, құқық белгілейтін құжаттарында мәселелер туындаған немесе үйі жоқ көпбалалы отбасыларға тұрғын үй алып беріп, қуаныш сыйлауда. Соның көрінісіндей, ҚХА мүшелері мен меценаттарының қаражатына облысымыздағы баспанасынан айырылған отбасыларға баспана сатып алынды. Атап айтсақ, Құлсары қаласындағы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және көктемгі су тасқынында баспанасынан айырылған Дауылбаевтар отбасы жаңа баспанаға ие болды.
Бүгінде орталық мүшелері этномәдени бірлестіктер өкілдерімен бірлесіп, еліміздегі табиғи апаттардан зардап шеккен
тұрғындарға жан-жақты көмек көрсету жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Еркеназ ҚАЛИЖАН