ЖОЛШЫ ҚЫЗ

img 20220309 wa0009 Қоғам

Қазір ер адамдармен қатар әйелдер қауымы еліміздің әр саласын қарыштап дамытуға өз үлестерін қосып жүр. Қызығы мен қиындығы қатар келетін ауыр жұмысты меңгерген аруларымыздың қатары аз емес.
Олардың тұрақтылығын, тындырымдылығын көргенде жауаптылық, мұқияттылық тал бойларына біткен қасиет пе деп қаламыз. Бүгінде нәзік жандылар басшылық қызметтен бөлек құрылысшы, ұшқыш, кран жүргізуші, таксист, жолшы қызметтерін атқарады.

Солардың қатарында атыраулық Сымбат Қанатова да бар. Ол – «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының материалдар бойынша инженері.
Мерекеге орай еліміздің жол саласында табысты еңбек етіп жүрген Сымбат Есімжанқызымен тілдестік.

«Мен Атырау облысы Индер ауданы Өрлік ауылында дүниеге келдім.Қ. Абаханұлы атындағы орта мектепті тәмамдап, Оралдағы Махамбет атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ғылыми химия мамандығы бойынша білім алдым. Жоғары оқу орнын аяқтайтын жылы әр түрлі мекемелерден бос орындар туралы ақпараттар келіп, жас мамандарға шақыртулар жіберді. Мұқият қарасам, жол саласында жұмыс жасайтын атыраулық мекеме зертханашыға сұраныс барын айтқан екен. Жол саласында еңбек етуге қызығушылығым оянып, зертханашы болуды таңдадым. Өйткені, мен оқып жүрген кезде зертханалық тәжірибелерден жол құрылысына қажетті материалдар мен асфальттың құрамын анықтауды үйрендім. Қиыршық тас, малта тастарды алғаш көргенде мынау күнделікті көріп жүрген құм-тастар, қандай өзгешелігі бар деп таңырқай қарайтынмын. Кейін олардың жай тастар ғана емес, түрлі фракцияларға бөлінетінін, жол құрылысы үшін аса қажет екенін білгенде мұқият зерттей бастадым», деген Сымбат Есімжанқызынан еңбек жолы туралы сұрадым.
2016 жылы диплом алып, өмір атты айдында өз еңбегімен жүзуге бел буған кейіпкеріміз мамандығына сұраныстың арқасында «Армандастар Атырау» атты серіктестікке зертханашы болып орналасады. Осы мекемеде өткен екі жылы оны кәсіби маман ретінде шыңдады. Зертханалық жұмыстың қыр-сырын толықтай меңгеріп, өзінің білім-білігін енді үлкен мекемелерде сынап көруге кіріседі.
«2018 жылы сол кездегі Атырау жол зертханасы мекемесіне зертханашы болып қабылдандым. Ол мекеме тек республикалық жолдардың сапасын тексеретін. Бір жылдан соң зертхананың мақсат-міндеттері өзгеріп, қызмет ету аясы кеңейді. Яғни, әр өңірдегі Автомобиль жолдары комитетіне қарасты облыстық жол зертханалары базасында «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» атты республикалық мемлекеттік кәсіпорынның филиалы құрылды. Бүгінде өңірлерде 17 филиал жұмыс істейді. Қазіргі күні республикалық, облыстық, аудандық маңыздағы жолдарды, одан бөлек қалалар мен елді мекендердің көше жолдарының сапасын, қиыршық тас, битум, минералды ұнтақ сияқты жол құрылысына қажетті материалдардың сапасын тексереміз, жолдарға диагностика жасап, орташа жөндеу құжаттарын талдаймыз, жаңа технологияларды енгіземіз. Жол қабаттарын асфальттің жоғары бетіне дейін қадағалап, сынақтан өткіземіз. Төтенше жағдай кезінде мобилизация жүргіземіз. Жол-көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігін бақылаймыз. Мен осы ұлттық сапа орталығының Атырау филиалында әр адамның адал, табысты еңбек етуіне, өсуіне болатынына көз жеткіздім. Кәсіпорын бас директоры З.Сағынов әр маманның үнемі білімдерін жетілдіріп тұруы маңызды екенін алға тартып, түрлі тренингтер, кәсіби оқулар ұйымдастырады. Соның бір дәлелі мен қатысқан адамның өзін-өзі өзгерту туралы трансформациялық тренингі мен Қазақстанның мемлекеттік стандарттары туралы семинар».
Сымбат Есімжанқызы жас та болса кәсіби маманға айналды. Зертханашылықтан басталған жол аз ғана уақыт ішінде аталған филиалдың материалдар бойынша инженері қызметіне жеткізді. Жұмыс та екі еселене түскендей. Бірақ, мамандығына қызығушылығы жоғары жан өз міндетін аса жауаптылықпен жасауға машықтанған. Кейіпкеріміз әңгіме арасында елімізде жол саласында мамандар тапшы екенін айтты. Қандай мамандық таңдасам екен?-деп жүрген сіңлілерін әріптес болуға шақырды. Себебі де жоқ емес. Оның айтуынша, жол саласының мамандары жұмыссыз қалмайды.
«Жол саласында тұрақтылық бар, табыс та жаман емес. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі қаншама шақырым жолдар салынып жатыр. Әлі қаншасын салу жоспарда тұр. Сондықтан, түлектерге болашағын осы саламен байланыстыруға ақыл-кеңес беремін. Кәсіпорын бас директорының бастамасымен жыл сайын мектептің жоғары сынып оқушыларымен кездесіп, мамандық таңдау үшін бағыт-бағдар беріп жүрміз. Бұған дейін «1000 мектеп» деп аталса, биылдан бастап «2000 мектеп» акциясын қолға алдық. Егер қыз балалар осы саланы таңдаса, кім боламыз деген заңды сауал туындауы мүмкін. Зертханашы, инженер, жобалаушы тағысын тағылар. Қазір жол саласындағы жұмыс жаңа технологиялардың көмегімен біраз жеңілдеді», дейді Сымбат Есімжанқызы.
Әңгіме соңында болашағынан зор үміт күтетін жас маманды көктем мерекесімен құқтықтап, жұмысына сәттілік тіледік.

Н. Насыр

img 20220309 wa0039
img 20220309 wa0038
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Сырым Кенжегалиев

    Балдызыма толағай табыстар тілеймін назік жанды болса да ер азамат жасайтын мамандыкты алға дөңгелетіп жүргенін мактан тутарлык іс деп былем келешек жас мамандарға. Жұмысына сәттілік,табыс тілеймін.