Индерде ерекше өнім бар

screenshot 4 2 Қоғам

ИНДЕР АУДАНЫНДАҒЫ «ИСИГИПСИНДЕР» ЖШС ЖЫЛЫНА 5 МЛН. 800 ШАРШЫ МЕТР ГИПСОКАРТОН ШЫҒАРЫП ОТЫР. ОНЫҢ ІШІНДЕ ЫЛҒАЛҒА ТӨЗІМДІ ӨНІМНІҢ 4 ТҮРІ БАР. ЗАУЫТТА БҰҒАН ДЕЙІН ҚАЙТА ҚҰРЫЛЫМДАУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРІП, ЗАМАНҒА САЙ ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ӨНДІРІСКЕ ЕНГІЗІЛГЕН. БҰЛ ГИПСОКАРТОННЫҢ САПАЛЫЛЫҒЫН АРТТЫРУҒА СЕБЕПШІ БОЛДЫ. АТАЛҒАН ӨНІМ ЖЕРГІЛІКТІ ЖОҒАРЫ САПАЛЫ ГИПСТЕН ДАЙЫНДАЛАДЫ. БҮГІНДЕ ОЛ ЕЛІМІЗДІҢ ТҮКПІРТҮКПІРІНЕ ЖЕТКІЗІЛУДЕ.

Аталған серіктестік Дендер тауындағы бұрынғы Индер борат кенішінен қалған карьерді келісім-шартпен 25 жылға жалға алған. Шикізат күйінде жатқан гипсті өңдеп пайдаланады. Ол үшін алдымен карьер басындағы учаскеден гипс тастары 0-ден 30 см-ге дейін уатылады. Кейін жүк көліктерімен зауытқа алып келіп, шикізатты бірнеше процестен өткізеді. Арнайы қоспалары қосылады. Соңында 600 градусқа дейінгі ыстықта уатылып, гипсокартонның қалыптарына құйылады. Одан əрі дайын болған гипсокартондар арнайы тиегіш көліктерімен жиналады. «Жұмыс процесінде өнімнің сапасына баса назар аударамыз» дейді «ИСИГипсИндер» ЖШС бас директоры Жолдасқали Үмбетияров сөзге тартқанымызда.

screenshot 2 5

Жұмысқа не кедергі?

Серіктестік гипсокартон шығаруда максималды жылдамдықты қолданып отыр. Одан әрі санын көбейтсе сапасына сын болмақ. Таразда гипсокартон шығарылмағанымен шикізаты Қапшағайға тасылса, ондағы зауыт өнім өндіруді күрт көбейтуі мүмкін. Ал, нарықта гипсокартонға сұраныс өте жоғары. Ендеше, Индердегі зауыттың өнімділігін неге көбейтпеске? Бұған дейін Индербордың оңтүстік шығысынан жаңа өндіріс орнына жер беріліп, кейін құрылысы жүрмегесін тұрғындардың өтінішіне сай кері алынғаны белгілі.

– «Кнауф» компаниясының қуаты күшті жаңа зауыт салуға мүмкіндігі бар еді. Бірақ, біз шығарған өнімімізді клиенттерге жеткізуде , тасымалдауда қиындықтарға тап болдық. Қазіргі 5 млн. өніміміздің өзін зорға дегенде тұтынушысына жеткізіп отырмыз. Бізді мазалайтыны – теміржол мəселесі. Индер– Мақат теміржолы – апаттық жағдайда. Бұрын Мақатпен арада 4-5 сағаттап келетін вагон қазір тəуліктеп жүретін болды. Осыған дейін талай жекеменшік құрылымдар пайдалануға алғанымен оған толыққанды жөндеу жүргізген жоқ. Индер– Мақат жолының өзекті мəселесін айтып, салалық министрлікке дейін хат жаздық. Өткен жылы бірінде вагон, екіншісінде тепловоз рельстен шығып кетіп, қатынас уақытша тоқтатылды. Соның зардабынан 2 рет айға жақын уақыт жұмысымыз тоқтап қалды. Темір жол əбден ескірген, ол күрделі жөндеуді қажет етеді. Біз клиенттермен келісім-шартқа отырғандықтан өнімімізді уақытында жеткізуге ұмтыламыз. Ал, теміржолдың тұралап қалған кезінде Атыраудан

қойма жалдап, гипсокартонды соған тасымалдауға тура келді. Оған техника жеткізіп, тиеу жұмыстарын жүргізу көп қаржыны қажет етеді. Оның бəрі қиындық туғызады , қосымша шығын келтіреді, – деді серіктестік басшысы.

Кəсіпорын үшін өнімдерін автокөлікпен тасығаннан гөрі теміржолды пайдалану əлдеқайда тиімді. Алайда, Индер – Мақат темір жолы кезінде Ресейдің Александр Гай стансасына қарай жалғаспай, тұйықталып қалған. Оның енді қашан жалғасары белгісіз. Атырау – Орал  темір жолы жоспарда болғанымен іске аспай келеді. Егер екі облысты жалғаған теміржол салынса «ИСИГипсИндер» секілді кəсіпорындарға ғана емес, ең алдымен тұрғындарға да қолайлы жағдай туар еді. Кезінде қазып алынған борат кенін баржаларға тиеп, Жайықпен тасымалданғаны да есімізде.

Жайықтың соңғы жылдары тайыздануы бүгінде оған мүмкіндік бермейтіні кəміл. Ал, əлемдегі ең арзаны – су жолы екені белгілі.

Жаңа құрылыс қоспасы

Серіктестік жаңа құрғақ құрылыс қоспалары өнімін жасау үшін тиісті қаражат бөліп, Германия, Ресей елдерінен құрал-жабдықтар алыпты. Оның бәрін талапқа сәйкестендіріп қондырып, қосымша 5 адамды жұмысқа қабылдаған. Оларды Қапшағайдағы оқу орталығынан тиісті талапқа сай оқытып та үлгеріпті. Бүгінде құрғақ қоспалары өнімін жаңадан шығара бастаған екен. Ол қазірдің өзінде тұтынушысына жеткізіліп жатыр.

Жаңадан шығарылған бұл фуген сылағы – гипсокартон өнімінің бетіне тегістеп жағуға, жіктерін бітеуге арналған сапалы өнім. Тағы басқадай сылақ жұмыстарына пайдалануға болады. Бұл құрылыс қоспаны жылына 7 тонна шамасында шығаруды жоспарлап отырмыз. Мүмкіндігіне қарай алдағы уақытта ұлғайту жоспарымыз бар, – дейді басшы. Аталған серіктестіктің негізгі міндеті – сапалы өнім өндіру. Ал, саудаға шығару, жарнамалау жұмыстарын басқа дилерлер атқарады. Жаңа өнім республикалық инвесторлар арналған көрмеге де шығарылыпты. Қазір қосымша жаңа құрал-жабдықтар қондырылып, неғұрлым қол жұмысын азайтып, автоматтандыруға жұмыстанудамыз. Сонымен қатар алдағы уақытта сылақтың жаңа сорттарын шығаруды жоспарлап отырмыз. Мақсатымыз өнімімізді халыққа сапалы əрі неғұрлым қолжетімді ету, – деді серіктестік басшысы.

screenshot 3 5

Мамандар тапшы

«ИСИГипсИндер» ЖШС осыдан бірер жыл бұрын «Кнауф» компаниясының әлемдегі 200-ге тарта зауыты ішінде екінші үздік кәсіпорын деп танылып, арнайы символикалық байрағын иеленген болатын. Ал, жуырда Республика күніне орай Атырауда өткен салтанатты шарада серіктестіктің электрик маманы Николай Кидалов III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.

Кəсіпорында бүгінде барлығы 125 адам еңбек етеді. Бастапқыда жақын жəне алыс шетелдіктер қызмет атқарған өзге ұлтты мамандар болса, бүгінде олардың орнын білікті жергілікті мамандар басқан. Серіктестікте жұмысшы-қызметкерлерінің білімдерін үнемі жетілдіріп, сынақтан өткізу дəстүрі қалыптасқан. Жалақыларынан да кідіріс жоқ.

– Инфляцияға байланысты жалақы да уақытында өсіп отыр. Мысалы, 2020 жылы жалақы 10 пайызға өссе, былтыр 15 пайызға, биыл 23 пайызға тағы да көтерілді. Орта есеппен қызметкерлер 200 мың теңге жалақы алады. Əйтсе де кəсіпорынға білікті мамандар қажет. Мысалы, мықты програмистерге сұраныс жоғары. Арнайы жұмысшы мамандары да тапшы болып барады. Қазір бұрынғыдай моторист, токарь, автоэлектриктер жоқ. Бұған дейінгі жасаған тəжірибелі мамандар бірте-бірте зейнеткерлікке шығып жатыр. Былтыр электроншы мамандар таба алмадық. Кейбір қажетті мамандарды Алматыдан шақыртуға тура келді, – деді серіктестік басшысы.

Қазіргі əлемдік геосаяси жағдайдың шиеленісуі бұл кəсіпорынды айналып өтпеген. Себебі, гипсокартонға пайдаланатын картон қағаздар Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы полиграфиялық зауыттан кешігіп келуде екен. «ИСИГипсИндер» ЖШС – жергілікті жүздеген тұрғынды жұмыспен қамтумен бірге жергілікті бюджетке қомақты қаржы төлеуші. Талай рет ауданның үздік салық төлеуші мəртебесіне де ие болды. Ауданның əлеуметтік саласына де көңіл бөліп, ел игілігіне қызмет етіп келеді. «Алдағы уақытта өндіріс ауқымын өсіру мақсатымыз бар» дейді кəсіпорын басшылары.

Саламат БАЗАРБАЕВ

Индер ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз