ЖОЛАУШЫ ТАСЫМАЛЫНЫҢ ТҮЙІНІ

қайтарымы  болса  ғана  тарқатылады 

Дүние жүзін дүр сілкіндірген қаржы дағдарысы Қазақстанды да айналып өтпеді. Жасыратыны жоқ, теңгеміз тым арзандап кетті, жан-жағымыздан қымбатшылық құрсаулап келеді. Дастарханымыздағы азық-түлігіміздің де, күнделікті тұтынатын тауарымыздың да  бәсі  көтерілді. Әлеуметтік саналатын АИ-93 жанар майымыз да нарық толқынына жіберілді. Алдағы жылдан бастап бірінші сұрыпты ұннан әзірленетін нанымыз да еркін бағамен сатылмақ. Коммуналдық қызмет төлемдері де өзгеруде.

Енді жолаушы тасымалы қандай күйде болмақшы? Ол қаншалықты қымбаттамақ? Бұл жөнінде «АйсТрансХолдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мақсот Сүйіновке хабарласқанбыз.

– Мақсот Сайфоллаұлы, әңгімемізді тура сауалдан бастасақ. Қалаішілік автобустарда жолақы 80 теңге болмақ. Ол нендей мұқтаждықтан туындады?

– Бұл мәселе жақында Атырау қалалық мәслихатының кезекті сессиясында жан-жақты талқыланып, оң шешімін тапты. Демек, қалаішілік автобустарда жолақы 80 теңге болмақ, ал іргелес елді мекендерге қатынас 20 теңгеге қымбаттады. Осы орайда жолаушы тасымалдаушылардың қажетіне сергектік танытып, жағдайымызды түсінген депутаттарға рахмет. Әрине, бұл өсім де барлық проблеманы шешіп тастамайды, бірақ, аз-кем демеу екендігі кәміл. О бастағы сұраныс 90 теңге еді.

Атырауда жолаушылар тасымалымен шұғылдана бастағанымызға да үш жылдай болып қалыпты. Біз келгенде жолақы 65 теңге еді. О бастағы бизнес-жоспарымызды да, есеп-қисабымызды да соған сәйкестендіріп жасағанбыз. Шығар шығынымыз, табар табысымыз соған нақтыланған. Әйтсе де, көп ұзамай жергілікті атқарушы билік пәрменімен жолақы 50 теңгеге түсті. Ол қазірге дейін сақталып келді. Турасын айтқанда, республиканың өзге өңірлерінде жолақы әлдеқашан қымбаттаған, тіпті бізбен салыстырғанда тым жоғары. Мәселен, Алматыда жолақы әуелден 80 теңге. Ал, біз оған енді ғана қол жеткізгелі отырмыз.

Содан бері өмірде қаншама өзгерістер болды? Байқап көріңізші, арзандаған бір нәрсе бар ма? Әсіресе, қазіргі қаржы дағдарысы талайды тығырыққа тірейді. Кейбір кәсіпорындар банкротқа ұшырап, қызметін тоқтатып жатса, оған таң қалуға да болмайды. Өйткені, нарық заңы қатаң. Ол ешкімнің босаңсуына қарамайды. Қызметін дұрыс ұйымдастырмаған, жұмысшыларына жалақы тауып бермеген басшылар ұжымын бытыратып алуы да мүмкін. Бүгінде мемлекет тарапынан ұсынылатын субсидия да шектеулі. Демек, әркім тірлігін өзі түзеуі тиіс.

Біздің мекемеде сыйымдылығы үлкен 70 автобус бар. Алдағы уақытта да автопаркті жаңартуды ойластырып отырмыз. Соның бәріне қомақты қаражат қажеттігі белгілі. Жергілікті атқарушы билікпен жасалған келісімге сәйкес Ұлы Отан соғысы ардагерлерін, бірінші және екінші топ мүгедектерін, зағип жандар мен 17 жасқа дейінгі оқушыларды сабақ кезінде тегін тасымалдаймыз. Сонымен қатар, зейнет жасындағы адамдарға 50 пайыз жеңілдік бар. Ақырында, 74 әлеуметтік қызметкердің тегін жүруіне жағдай жасауды жоспарлап отырмыз. Сірә, оңтайлы шешілетін шығар. Атап айтарымыз – мұның бәріне біз бюджеттен ешқандай субсидия алмаймыз. Бұл шараларды бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырып отырмыз.

Жоғарыда айттым ғой, соңғы рет маршруттарда жолақы 50 теңге болып 2012 жылғы қазанда белгіленді. Енді сол кездегі кейбір бағаны қазіргімен салыстырып көрелікші. Мәселен, бір литр қысқы дизель отынының бағасы 90 теңгеден 169 теңгеге көтерілді. Автобус дөңгелегінің құны 32500 теңге еді, қазір 65 мың. Әр аккумулятордың бағасы 20 900-ден 42 мыңға өсті. Бүгінде бір литр АИ-92 бензинінің бағасы 127-128 теңге. Ал, сол кезде 86 теңге еді. Бір литр мотор майының құны 425 теңгеден мыңға бір-ақ секірді. Айта берсе, мұндай қымбатшылықты салыстырмалы түрде келтіре беруге болады.

– Жасыратыны жоқ, қалалықтардың жолаушылар тасымалына өкпесі де бар. Аялдамаларда автобустарды күтіп қалатын кез де кездеседі.

– Мұндай қолайсыз ахуалдың қалыптасып отырғандығын өзіміз де білеміз. Әйтсе де, Атыраудағы негізгі маршруттарды біз қамтамасыз етіп отырғанымызбен, жалпы жолаушы тасымалымен жеті мекеме шұғылданады. Қазір іргелес елді мекендерде 11, қала ішінде 19 маршрут бар. Бәріміздің де тарапымыздан кейбір кемшіліктер кететін шығар, бірақ, соның барлығын бізге аудару жараспайды. Дегенмен, жолақының көтерілуі кейбір кемшіліктерді жоюға да оң әсер етеді.

Жалпы, осы қымбатшылықтан біз не ұтамыз? Соны талдап көрелікші. Қазір байқап отырғанымыздай, Атырауда әр жылы 40-50 автобус кеміп тұрады екен. Әсіресе, жеке меншік көлік иелері елу теңгелік жолақы шығынын өтемегендіктен жолаушы тасымалынан шығып жатыр. Солардың бірқатары автобустарын банкі берген несиеге алған. Егер қазіргі жолақы осы күйінде сақталса, онда әлгі борышын да қайтара алмайды ғой. Сондықтан, көліктерін кейін сатып жібергендер де бар. Кейбірі көшеде текке жүргенше үйлеріне қаңтарып қойыпты. Енді солар маршрутқа шығуға өздері тілек білдіреді. Демек, көшеде автобус саны артады.

Бұл нені білдіреді? Демек, жүргізушілер арасында да бәсекелестік туады. Олар өз міндетін адал атқаруға, тұтынушыға сапалы қызмет көрсетуге ұмтылады. Өзінің орнын басатын өзге адам дайын тұрғанда шалқақтауға шамасы жоқ. Осылай да тәртіпті түзеуге болады. Оның үстіне, жоғарыда айтқанымдай, маршрутта автобус саны артса, халық та аялдамаларда көп тоса қоймас.

Осы орайда жолаушыларға айтар да назымыз бар. Әрине, олардан түскен әр шағым аяқсыз қалмайды. Бәрі де тіркеліп, кінәлі адамдар жазаға тартылады. Алайда, жұртшылықтың да қоғамдық көлікте тәртіп сақтағанын қалаймыз. Мәселен, қазір қолданылып келе жатқан жеңілдіктер алдағы уақытта да сақталады. Бұл ретте кейбір нақтылайтын тұстар бар. Мектеп оқушылары үшін тікелей сабаққа барып-келуі ғана тегін. Ал, олардың қосымша курстарға немесе спорт секцияларына қатысуға қатынауы ақылы. Міне, осыны ата-аналардың білгені жөн. Көп ретте түсінбестік осындай жайдан туындап жатады. Немесе, 63 жасқа толған зейнеткерлерге ғана елу пайыздық жеңілдік жасалады. Әдетте, құқық қорғау саласының қызметкерлері бұл жасқа жетпей-ақ зейнеткер атанады. Біздің жеңілдігіміз оларға таралмайды. Осы жай да кейде дау-дамай туғызып жатады. Жоғарыда айттық қой, біз бұл жеңілдіктер үшін бюджеттен дотация алмаймыз. Жасы келген адамдарға қолдау көрсету – атқарушы биліктің міндеті. Ал, кәсіпкерлік құрылым табыс түсіруі, содан міндетті төлемін төлеуі, қызметкерлерінің жалақысын беруі тиіс. Егер жұрттың жартысын тегін тасысақ, онда нендей пайда табамыз? 

Жолаушылардың кондукторларға сыпайылық танытқанын қалаймыз. Ертеден тұрып, түн ортасына дейін сіздерге қызмет істеп жүрген оларды орынсыз кінәлауға болмас. Кейде жұдырық алып жүгіретіндер, балағат сөздерді қарша борататындар бар. Ойлап көріңізші, осы кондукторлардың дені – әйел адамдар. Сіздің қызыңыздай жандар кездеседі. Егер өз қызыңызды біреу тілдеп жатса, қайтер едіңіз? Осы дұрыс па? Сайып келгенде, қызмет бабындағы адамға жұмысын атқаруға кедергі келтіргендер, қоғамдық көлікте тәртіпсіздік танытқандар жазаға тартылады. Мұны өз қызметкерлеріміз де, қоғамдық бақылаушыларымыз да қадағалайды. Сондықтан, кездейсоқ келеңсіздіктерге кезігіп қалмайық.

Бұрын «Нұрсая» ықшамауданын автобуспен қамтамасыз ету жайы нашарлығы жиі айтылатын. Әрине, бұл өсіп келе жатқан ықшамауданның халқы да артуда. Жаңа тұрғын үйлер, әртүрлі ғимараттар тұрғызылуда. Әрі, онымен іргелес мекендерді де қамту қажет. Қазір «Нұрсаядан» «Дина» базарына тіке тартатын маршрут ашылды. Рас, бағасы әдеттегіден көбірек, бірақ, жолға кететін уақыт та әжептәуір азайды. Ал, бұрынғы №30 «а» маршруты қалдырылды.

Сөз жоқ, жолақының көтерілуі – өмірдің өзі алдымызға тартып отырған жай. Әйтпесе, Атыраудағы жолаушы тасымалы мүлдем тоқырайды. Мен «Атырау» газетіне берген бұрынғы сұхбатымда да айтқанмын, біз – «Батыстранспорт-СИМ» мекемесінің ізбасары емеспіз. Оларға тиесілі автобустарды иеленіп қалғанымыз жоқ. Бәрін басынан бастап, аяғынан тұрғызып жатырмыз. Мынау қымбатшылықты біз сұрап алғанымыз жоқ. Біздің де қызметкерлердің бала-шағасы мен отбасылары, банкілерден алған несиесі, өзге де қаражатқа тірелетін мұқтажы бар. Тұтынушылардың бұған түсіністікпен қарағандары абзал. Ал, біз өз тарапымыздан қызмет көрсету сапасын арттыруға жұмыстанамыз.

Cұхбаттасқан  Меңдібай  СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз