«ҰЛЫ ЖЕҢІС САЯБАҒЫ» ЖАСАЛДЫ

Атырау қаласының көркіне көрік қосып жаңа тағы бір алаңқай бой көтерді. «Жасыл Атырау - 2014» жобасы аясында «Алшы» қоғамдық қоры «Теңізшевройл» ЖШС-мен бірлесіп Махамбет атындағы қазақ драма театрының жанына тал егіп, шағын саябақтың негізін қалады. Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс тойы құрметіне ашылған алаңқай «Ұлы Жеңіс саябағы» деп аталды.

Жеңіс күніне арналған бұл шараға қаладағы еріктілер мен Махамбет атындағы қазақ драма театрының қызметкерлері бір кісідей атсалысты. Саябақ орны – театр маңындағы бос тұрған жер. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген өсиетпен жастар да жұмыла кірісті.
Сонымен қатар, театр әртістері мерекеге орай сахналық қойылым қойып, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетті. «Алшы» қоғамдық қорының жетекшісі Бекет Қарашиннің айтуынша, жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелеуде, ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетуде «Жеңіс саябағының» үлесі зор болмақ. Алдағы уақытта бұл алаңқай тал-терегі жайқалған жасыл саябақ болып, қала тұрғындарының демалып отыратын жеріне айналады. Жыл сайын жастардың қолдауымен гүл көшеттері отырғызылып, тал-терек егілетін болады.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз