АТЫРАУДА 280 ОРЫНДЫҚ ЗАМАНАУИ БАЛАБАҚША АШЫЛДЫ

«Бүгін Ел Тәуелсіздігінің 30-жылдығы аясында, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесінде Атырау қаласының Водников шағын ауданында 280 орындық балабақшасының ашылу рәсімі өтті»,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.


Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов өзінің құттықтау сөзінде ел болашағы — жас ұрпаққа тәрбие берудегі балабақшаның орнына тоқталып, бүлдіршіндерімізге барынша жағдай жасау басты мақсаттардың бірі екенін атап өтті.
«Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында, 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күнінде, бұл — бүлдіршіндеріміз үшін ерекше тарту. Балалардың болашағы үшін бар жағдайды жасау – басты міндеттеріміздің бірі. Осы тұрғыда биыл өңірімізде 9-ы мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы жалпы барлығы 11 балабақша ел игілігіне беру жоспарланған.

Бұл нысан — солардың бірі. Сонымен қатар, салынып жатқан мектептер де балаларымыздың жарқын болашағы үшін жасалып жатқан игі істер. Осы айналада тұратын отбасылар үшін де үлкен қуаныш, айтулы оқиға. Өйткені, олар балаларын бұған дейін өзге жерлердегі балабақшаларға апарып келгенін білеміз. Енді, міне, үйлеріңіздін жанынан балапандарыңыздың танымы кеңейіп, жетілетін тамаша тәрбие ордасы ашылды»-деген М.Досмұхамбетов балабақша ұжымына табысты еңбек тіледі.
Өз кезегінде сөз алған жергілікті тұрғын Райхан Бөлесова «Бүгінгі қуанышымызда шек жоқ. Осы балабақшаның іргетасы қаланып жатқанда, немереммен келіп, тезірек салынуын тілеп едім. Енді міне мерейіміздің тасып жатқан жайы бар. Облыс, қала басшылығына, балабақшаның салынуына атсалысқандарға тұрғындар атынан алғыс білдеремін»,- деді.

Балабақша «Теңізшевройл» ЖШС компаниясының «Игілік» ерікті әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарламасы аясында салынған. «Сіздерді қос мерекемен – балаларды қорғау күнімен және Водниковода балабақшаның ашылуымен құттықтаймын. Бұл маңызды мереке еліміздің болашағы балалардың, соның ішінде осы керемет балабақша арналып салынған кішкентай сәбилердің амандығын, денсаулығын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету біздің жауапкершілігіміз екенін еске салады. Мұнда 13 топтың бүлдіршіндері тәрбиеленуге арналған. Ғимарат балалар жиһаздары, ойын және ой-өрісін дамыту құралдарымен жабдықталған, ауданы 2900 шаршы метр болады», – деп атап өтті аталған компанияның үкіметпен және жұршылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев.


Қалалық білім бөлімінің басшысы Фаруза Шангерееваның айтуынша, бұл заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған, әр топқа өзінің ойын алаңдарын жеке қарастырған, қаламыздағы өз ерекшелегі бар алғашқы балабақша. 280 орындық екі қабатты балабақшаның ғимараты заманауи жиһазбен, құрал-саймандармен, барлық қажетті коммуникациялармен және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Сондай-ақ, балабақшада балалардың дамуы мен белсенді қозғалысына арналған ойын алаңдары, әр топқа арналған жатын және ойын бөлмелері, асхана, музыка және спорт залдары бар.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз