Жарнама
Қоғам

ЖЕТІ МІНДЕТ ЖЕТІ БЕЛЕСКЕ ШАҚЫРАДЫ

Енді Елбасының неге жетіге тоқталғанын пайымдап көрейік. Жеті саны қазақта, жалпы түркі жұртында қасиетті саналады, киелі сан деп ұғынылады. Оны күнделікті тұрмыс-тіршілігімізде, ортамызда басшылыққа алып, айтып та жүрміз. Бірақ, мән-мағынасына үңіле бермейміз. ХVII-ғасырда өмірге келген Әз-Тәукенің «Жеті жарғысына» көз жіберіп көріңізші! Жеті жарғыда жеті бап бар. Жарғының барлық мазмұнын баяндау бұл жерде артық. Ол бірқатар басылымдарда, әсіресе облыстық, республикалық газеттерде жарияланды. Қазақ «жеті атаңды біл» деп жатады ғой, ол төмендегіше аталады. Ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшік, немене.
Жеті қазынаны да білген жөн: ер жігіт, сұлу әйел, ақыл-білім, жүйрік ат, қыран бүркіт, берен мылтық, құмай тазы. Жер бетіндегі жеті жоқты былайша пайымдаймыз: жерде өлшеуіш жоқ, аспанда тіреуіш жоқ, таста тамыр жоқ, тасбақада талақ жоқ, Аллада бауыр жоқ, аққуда (кейде құста) сүт жоқ, жылқыда өт жоқ.
Түркі халықтарында жеті ғашық туралы аңыздар сақталған. Осылардың негізінде қаншама дастандар, пьесалар, кинофильмдердің сценарийлері жазылды десеңізші! Олар: Ләйлі мен Мәжнүн, Жүсіп-Зылиқа, Фархад-Шырын, Тахир-Зухра, Арзу-Қамбар, Уәлік-Карра, Уәки-Гүлшах. Сәбит Мұқанов 1974 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Халық мұрасы» кітабында соңғы үш ғашықтың орнына Орта Азияның өзінде туған кейіпкерлер деп Жамал мен Сейфіл-Мәлікті, Әміре мен Зияданы және Бозжігіт пен Сақыпжамалды қосады.
Қазақ жетімдікті де жетіге жеткізген: тыңдалмаған сөз жетім, киюсіз қалған бөз жетім, иесіз қалған жер жетім, басшысыз қалған ел жетім, аққу-қазсыз көл жетім, туған жерінен айырылған ер жетім.
Қазақ халқы ғасырлар бойы мал бағып, табиғат сырын аңдап, күн райын болжап, тіршілік тауқыметін соған сәйкес құра білген. Оған жеті амал дәлел бола алады. Бірінші – күннің тоқырауы, күннің қысқарып аяқталуы, күннің ұзаруы мен аяқталуы, екінші – қарашаның қайтуы, қараша айының аяқталып, желтоқсанның кіруі, үшінші – үркердің батуы, үркердің түсуі. Үркер батқанда күн ашық болса, «үркер суға батты» дейді. Төртінші – мұздың қатуы қарашаның қары деп аталады. Бесінші – киіктің матауы-киіктің үйірге түсуі немесе теке бұрқылдақ деп те аталады. Алтыншы – тоқсанның кіруі немесе үш тоқсанның түсуі, қазақтың «Тоқсанның бір күні қалса да қорық» деп сақтандыруы тегін емес қой. Жетінші – айдың тоғамы – үркер мен айдың тоғысуы, қыстың түсуі.
Қазақ 7 санын пір тұтады. Тіпті, «жетістік» деген сөздің өзі осыдан шыққан деген де тұжырым жасалған. Ал, социолог-ғалым Мақаш Тәтімовтің 1993 жылы Қазақстандағы қазақтардың саны 7.77.777-ге жетеді деген болжамы дәл келгені әлі күнге есімізде.
«Алты жұрттың» не «сегіз жұрттың демейді», «жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген ата-бабаларымыз. Бұдан да басқа талай мақал-мәтелдер туған.
«Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер», өзін ғана білген ұлдың ой-өрісі тар, сана- сезімі саңылаусыз келеді. «Жігітке жеті өнер де аз» дегеніміз осы.
Облыстық «Атырау» газетінің 15 желтоқсандағы нөмірінде Елбасымыздың «Қазақстан Тәуелсіздігінің жеті қазынасы» деген материалы бір бет болып жарияланған екен. Әр қазынаны талдап оқысаңыз, жаның рахатқа батады. Осы елдің азаматы болғаныңа марқаясың, мақтанасың, әр қазынаның осы қалайы жоқ. Үшінші қазына тіл мен мәдениетке арналған екен. Көрші елдерді айтпағанда, Польша, Мажарстан, Оңтүстік Корея, Германия, Ұлыбритания, АҚШ-тың белді оқу орындарында қазақ тілі оқытылады екен. Сұраныстың молдығынан ғой, көп томдық «Қазақ сөздігінің» жарыққа шығып жатқаны. Жүрегі қазақ деп соғатын, қаны қазақ деп айналатын, 62 тамыры қазақ деп бүлкілдейтін қазақ бауырларымыз бұған қалай мақтанбасқа!

Төлеп ТІЛЕГЕНОВ,
республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер,
Қызылқоға ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button