«…Менің жанымды сен түсіндің»

whatsapp image 2021 10 21 at 11.17.49 Қоғам

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Шыңғыс Айтматов академиясының академигі, «Парасат» орденінің иегері, көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев арамызда жүрсе, 19 қазан  күні 65 жасқа толар еді.

… Тағдыр. Өлшеулі тағдырға кімнің шарасы бар дерсіз! Бірақ, оның артында өлмес рухани мұрасы, ол туралы жылы естеліктер қалды. Елдің  көңіліне осы жұбаныш болады. Қара сөзден қара дауыл туғызған ерекше дарын иесінің мерейтойына орай, жазушының жары, өмірлік серігі  Сәуле ОТАРБАЕВА  газетімізге сұхбат беріп,  естеліктерімен бөлісті.

Ағамыздың қолы босаған кезде күнделік жазып,  сол сәттегі ойларын, сезімін қағазға түсіріп отырғанын білеміз.  Ендеше, бүгінгі әңгімемізді  осы күнделіктен бастайықшы. Ағамыз оны қашаннан серік етті?

–  Сұрағыңа, жалпы Рахымжан ағаңның  туған күніне орай еске алып, сұхбаттасқандарыңызға көп рахмет. Ол қалың оқырманы бар «Аtyraý» газетімен үнемі байланыста болған. Менің де алғашқы еңбек жолым осы редакциядан басталған. Сондықтан,  мен үшін бүгінгі әңгіменің орны бөлек.

Сонымен, күнделіктері туралы. Өзі  «күнделік – менің өмірім» десе, күнделіктегі жазбаларға сондай баға берсе, демек ол жай жазба болмағаны.

Күнделік жазуды  жас кезінен бастаған. Бүгін архивінде  сақтаулы 1986-88 жылдардан басталған жазбалары – соның дәлелі. Ол, өзің айтқандай, сол сәттегі сезімдері, ойлары, белгілі бір оқиғалар туралы көзқарасы, тіпті болған оқиғаны жай ғана баяндау, «не істедім?», «қайда бардым?», «кіммен кездестім?» деген жазбалары. …Қай шығармасын жазбақшы, қандай тақырыпты жоспарлады, қалай дайындалды, нендей тарихи мәліметке сүйенді деген  шығармашылық жоспарлары да жазулы. Бүгін оқып қарасам, Рахымжанның өсу, толысу кезеңдерінің куәсіндей  сол күнделіктері. Балалары туралы жазғандары – өзінше бір тарау. Шынымен де оның өмірінің кезеңдері…

whatsapp image 2021 10 21 at 11.17.50

Мен оны танып-білгелі күнделік жазушы еді. Қазіргі тілмен айтқанда чек-лист  те жазып отырған. Өзі үшін. Бүгін не бітірдім, ертеңге не жоспар? Міне, осы екі сұрақты өзіне  өмір бойы қойып, жауабын  жазып отырды. 

Керемет өнеге емес пе? Уақытын жоспарлау, шаруасын жоспарлау деген қазаққа аса сіңбеген дағды болса, ол Рахымжанда туабітті қасиеттерінің бірі болатын.

– Рахымжан ағаның шығармашылығын насихаттау, бұрын жарияланбаған туындыларын елге жеткізу мақсатында үлкен еңбек сіңіріп жүрсіз.  Осы бағыттағы жасалып жатқан жұмыстарды айтсаңыз?

– Алдымен, бұл жұмыста мен жалғыз емес екендігімді айтқым келеді. Құдайға шүкір, Ермерейім, Қаракөзім, Жансаям, Айжамалыммен бірге жұмыс істеудеміз. Бірі ақылшым, бірі көмекшім болып, бәріміз жұмылған жұдырықтай бірге болуымыз керек екенін олар тез түсінді. Бізбен  әлеуметтік желі арқылы немесе жеке байланысқа шығып қолдау білдіріп, кейде ұсыныс айтып, кейде жөн сілтеп, Рахымжанның  мақаласын іздеп, кітаптарын сұрап жан-жақтан хабарласып жатқан қалың оқырмандары, рахымжантанушылар, ағаларымыз бар. Кеше ғана Мәскеуден Марианна Дударева хабарласты. Әңгіме арасында «Сәуле, Рахымжанды әдебиетшілеріңіз қалай жақсы көреді? Сондай көп мақала, зерттеу еңбегі бар екен» деп қуантып тастады. Өзің білетін нәрсені сырт көз байқап жатса неге қуанбасқа?!

Біз жұмысымызды «Рахымжан Отарбаев  Руханият қоры» жеке қорын құрудан бастадық. Ол кеткеннен  кейін жылына дейін сана сезінгенге  көңіл сенбей біраз уақыт өтті. Жылына жақын еліміздің әр қиырынан Рахымжанды іздеп  шәкірттері, қолдаушылары, тілшілер  хабарласып, үйге іздеп келіп, әрі сергітіп, әрі Рахымжанның өзі айтпақшы,  қос қолтықтан демеп  кеткендей болды.

Содан бері тоқтаусыз жұмыс жасаудамыз. Журнал да арнадық, тапсырыспен зерттеу кітабын да жаздырттық, жас әдебиетші, ақын-жазушылар арасында республикалық стипендия да тағайындадық.  Ал, биылғы туған күніне орай біздің қор оның биографиялық библиографиясын үш тілде  шығарды. Қазақ ақын -жазушылары ішінде тұңғыш рет Рахымжанның биобиблиографиясы үш тілде шығарылып жатыр. Тұсауы бүгін-ертең кесілмек. Бұл – «Рахымжан Отарбаев  Руханият қоры» жеке қорының жанынан ашылған баспаның алғашқы өнімі. Сондай-ақ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің журналистика мамандығы студенттеріне тағайындаған  жыл сайын берілетін Рахымжан Отарбаев атындағы стипендиямызды  алғашқы үміткерге  табыс етеміз. Бұл – биылғы 65 жылдық мерейтойына арналған  іс-шараның бір парасы.

Қазан айында «Рахымжан Отарбаев драматургиясы: зерттеу мен зерделеу» атты республикалық конкурсымыздың қорытындысы шығарылады. Іле-шала «Жас алаш» басылымымен бірлескен тағы бір конкурсымызды жарияламақпыз. Ол «Жас алаш» газетінің 100 жылдығы, Рахымжан  Отарбаевтың 65 жылдығына арналған эссе конкурсы. Осы жылдың алғашқы айларында қалалық кітапхана басшылығы хабарласып, Рахымжанның кабинетін ашқылары келетіндіктерін жеткізді. Біз, әрине, қуана құп алдық. Кеңесе келе оқу залын ашпақшы болдық. Шағын ғана зал. Бірақ, көтерер жүгі, оқырманға  көмегі көп болмақ. Аздаған жөндеу жұмысын, жиһазбен жабдықтауын, безендіруін, барлығын  өзіміз жасап шықтық. Бұйыртса, қараша айында ашылады. Сол шара кезінде Рахымжан Отарбаев сайтының да тұсауы кесілмек. Бұл шаралардан өзге облыстық әкімшіліктің қолдауымен атқарылып жатқан жұмыстар  бар. Рахымжан мұрасын насихаттау, жинақтау, оқырманға жеткізу, жас әдебиетшілерді қолдау сияқты жұмыстарымыз жалғаса бермек. Кезінде куә боларсыздар деп ойлаймын.

«Сіздермен қанаттас өмір сүргеніме бақыттымын» деген  Рахымжан әлі де болса елін бақытты ететіндігіне сенімдімін. Оның рухани мол мұрасы халқына қызмет ете беретіні сөзсіз. Жалпы, біз рахымжантануға үлес қосқысы келетін  кез-келген ізгілікті жобаларды қолдауға, бірге жұмыстануға дайынбыз. Тек барлық жұмыс Рахымжан жақсы көргендей сапалы, тиянақты жүргізілуі тиіс деп ойлаймын.

Халық қара сөзден қара дауыл тұрғызған жазушы Рахымжанды біледі. Жалғандыққа жаны қас, қоғамдағы келеңсіздіктерге бей-жай қарамайтын Рахымжанды біледі. Ал, ағамыз күнделікті өмірде қандай еді?

– Күнделікті отбасылық өмірде ол алдымен ет пен сүйектен жаратылған адам еді. Алланың сүйген құлы еді. Үй ішінің ұсақ-түйегіне басын ауыртпаған өз әкемнен айнымайтын еді. «Мамасы, мынау ақшаң, керегіңе жұмса»  дейтін де  ол «қайда кетті, қашан бітті?» дегенге бас ауыртпайтын үйдің қожасы еді.  Қамқор әке еді.  Түнде баласы мазасызданса жазумен отырған жерінен жүгіріп келіп, астын ауыстырып, сүтін беріп, бесікке бөлей салатын жып-жылы әке  еді. Ол түнімен бала қарады деген сөз емес, әрине. Бірақ «сенің  жұмысың, сен жаса» демейтін. Балалар есейіп, кештетіп қыдыратын жасқа жеткенде уайымшыл әке болды. Төрт баласының сұрағанын тауып беруден, алып келуден шаршаған емес еді. Сөйте тұра, балалары үшін бір адамға шаруа айтпаған әділ де таза әке еді.

Отбасылық өмірде жайлы да қанағатшыл  еді. Мен де мазасын алмауға, «жоқты тап» демейтін серігі болдым. Талай қиын кезді, жоқтықты, сатқындықты бастан кештік. «Дара жолында» айтқандай, мен төзуге ұмтылдым, ал ол …ол болса күнделігінде «бір мүшелдей кіші болсаң да менің жанымды сен түсіндің» депті. Осы шығар әйел бақыты, қазақ әйелінің бақыты. Бүгін де маған күш беретін осындай жазбалары. Солай, Рита.

whatsapp image 2021 10 21 at 11.19.25

Әдетте ерлі-зайыптылар уақыт өте келе бір-біріне ұқсап кетеді деп естиміз. Мұндай жағдай сіздерге де тән деп ойлайсыз ба?

–  Біз негізі ұқсап кеткен емес, ұқсап туған жандармыз. Көп жағдайда жақсы көретін нәрселеріміз үйлесіп жататын. У-шулы ортаны ұнатпайтынбыз.  Көп балалы болғанды жақсы көрдік. Әзілді жақсы көрдік. Сөзді түсінген қазақ болдық екеуміз де. Кітапты жақсы көрдік. Дүниенің құлы болмадық. Ең бастысы, жылдар өте келе оның жек көрген дағдыларын мен де ұнатпай, оның сүйген істері маған да сүйкімді болып кетті. Әйтпесе, жарасымды  отбасының бөлшектері  бірікпес еді. Осы жолда бір-бірімізден үйреніп, кейде өмірдің сабақтарын бірге үйрендік те. 

Отбасы болып бір шаңырақ астында тұра бастаған алғашқы жылдары үйге келген қонақ қонып қалса, мен өзіміздің аяқ- киімдерімізбен бірге мейманның да аяқ-киімін жуып, тазалап қоятын едім. Ол – өзім өскен отбасымнан ата-анамыз бойымызға сіңірген дағды. Күнде кешке ыдыс-аяқ, ас үй жуып-тазаланатыны секілді кіреберіс пен аяқ-киім ертеңгі күнге таза тұруы тиіс еді. Бірде Рахымжан ұрысты «бөтен адамның аяқ-киімін ұстама» деп. Бірнеше ай өткен соң, жұмыстан келіп кешкі шай үстінде әңгіме айтып отырып, «айтпақшы, сенің келген қонақтың аяқ-киімін  тазалап қоятының дұрыс екен» дейді. Өзі күледі. Сөйтсе, біздің бір топ ақын-жазушымыз  Әзербайжаннан іссапардан келіпті. Бір үйде қонақ болып, әбден шығарда аяқ -киімдері жуылып, тап-таза болып тұрғанын көріп, әрі ұялып, әрі қуаныпты. Үй иесі балаларына тазалатып қойыпты. «Жігіттер таңданып айтып келді» дейді.  Біздің Атырау секілді «бауырмал»  балшығы бар,  шаңдау жер болса керек. Бір қарағанда ұсақ-түйек болғанымен, бәрі де өмір сабақтары.

Қазақтың Рахымжанының жары болудың салмағы қандай?

– Ағаң кеткен кезде бір замандастың айтқаны бар, «сенің орныңда жылап отыру қазақтың көп әйелінің арманы ғой» деп. Рас сөз шығар. Бірақ, менің бақытым сол, қазақтың Рахымжанын белгілі бір мөлшерде   қалыптастырдым. Біз бірге қалыптастық.

Салмағын менен бұрын Рахымжанның өзі түсінгендей. Бұл сөзіме сұхбаттарында айтқандары  дәлел.

Жалпы, отбасылық өмір қағидалары  қазір жер-жерден айтып, жазып жататын бақытты болудың бес қағидасы, алпыс айласы деген сияқты  адам күлкісі  келетін немесе «сен ешкімге ештеңе тиісті емессің» деген қисынсыз  ақылдар емес. Ол таза қазақы қағидамен, сыйластықпен өмір сүру ғана. 

Сұхбаттасқан

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Гульмира

    Керемет шынайы сұхбат екен.
    Үлкен шаралар, істі жүргізуде толағай табыс тілеймін.
    Сәттілік ✈✈

  2. SerjanSarsenbay

    Сұхбат жақсы алынған.Рақымжан аға шын мәніндегі суреткер.Қазақта жазушы көп, бірақ суреткер өте аз. Отарбаев жаңа дәуірдің басында тұрған қаламгер.