Жарнама
Қоғам

ЖЕҢІС-75: Жау ұясын денесімен жапқан батырлар туралы бір үзік сыр

Аtr.kz/28 мамыр, 2020 жыл. Адамзат тарихында бұрын болмаған алапат — ІІ дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі — Ұлы Отан соғысы туралы айтылып та, жазылып та келеді…

Әсіресе, алдымызда аталып өтетін КСРО-ның фашисттік Германияны талқандағанына 75 жыл толуы қарсаңында Бұқаралық ақпарат  құралдары Ұлы Жеңіске байланысты көптеген шың деректер жариялауда.Осыған біз де оқырмандар назарына соғыс кезінде болған төмендегі оқиғаларды ұсынуды жөн көрдік.

    Ұлы Отан соғысы барысында Кеңес әскерлері фашисттерді ел аумағынан қуып шығару барысында қан майданда талай – талай жанқиярлық ерліктің үлгісін көрсетті.Солардың ішінде Кеңес әскерлерінің шабуылын қамтамасыз ету жолында жауынгерлердің жаудың атыс ұясын өз денелерімен жабуы сияқты  ерліктері туралы ерекше айтқан жөн.

   Алдымен айтарымыз соғыс тарихында мұндай ерлік жасағандарды матросовшылар деп атайды.Оның себебі шабуыл барысында жау пулеметінің аузын жауып,Кеңес әскерінің ілгері қарай шабуылын қамтамасыз еткен қызыл әскер Александр Матросов болатын.Ол бұл ерлігін 1943 жылы 23 ақпан күні жасады.Сол жерде оның өзі де  қаза тапты.Оған Кеңес Одағының батыры атағы берілді.Айта кетелік соғыс барысында А.Матросовтың осы ерлігін қайталағандар көп болды.

    Осындай ерлікті  1942 жылы Гурьев облысы Индер ауданынан майданға аттанған Боран Нысанбаев та жасады.Алдымен,Гурьевтік  батыр өз ерлігін қалай жасағанына тоқтала кетейік. 1943 жылы 8 ақпанда құрамында минометші  Б.Нысанбаев бар 137 атқыштар дивизиясының 771 полкі жауынгерлері фашисттер бекінген Лески деревниясы маңында стратегиялық маңызы бар төбені алу үшін шабуылға шығады.Алайда,Кеңес әскерлері ілгері жылжи алмай тоқтап қалды.Оған  себеп төбеде орналасқан пулеметтер жоғарыдан оқ себелеп,олардың ілгері жылжуына мүмкіндік бермейді.

Осындай қысылтаяқ сәтте Б.Нысанбаев командирден пулеметтердің үнін өшіруге рұқсат сұрайды. Рұқсат алған Боран беліне гранаталар байлап,төбеге қарай жылжиды.Ақыр соңында жақындап келіп пулеметтерге бірнеше гранаталар лақтырады. Дегенмен,әлі де бір пулеметтен оқ атылып тұрады.Міне осы кезде Боран секіріп барып,пулеметтің аузын өз денесімен жабады.Нәтижесінде пулеметтің үні өшіп,Кеңес жауынгерлері жау әскерлері орналасқан төбені басып алады.

    Өкінішке орай осы жерде Боран Нысанбаевтың өзі де қаза табады. Қаза тапқан жауынгердің кім екенін анықтау барысында өрескел қателікке жол беріледі.Төсқалтасынан алынған қанға малынған құжаттағы Боран Нысанбаев деген сөз Боран Исанбаев деп оқылады.Боран Кеңес Одағының батыры атағына Исанбаев деп ұсынылады. Осылайша,КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасы Боранға Батыр атағын берсе де оның майданға аттанған жері-Гурьевтіктер оның шын мәнінде Боран Нысанбаев екендігін біразға дейін біле қоймайды. Осы қателік мектеп оқулығына да енеді.

Өткен ғасырдың 80-жылдары шыққан авторы академик М.Қ.Қозыбаев болып табылатын 10 сыныпқа арналған “Қазақстан тарихы” оқулығында А.Матросовтың ерлігін қайталаған Б.Исанбаев деп жазылып келді. 50-жылдардың ІІ-жартысында КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы Л.И.Брежнев Б.Исанбаев деген фамилияны түзетіп,Боран Нысанбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы қайтадан указ шығарды. Указды көзім шалғаннан кейін мен,яғни,осы мақаланың авторы М.Қ.Қозыбаевқа хат жазып (хаттың түп нұсқасы өзімде- А.Ш), онда оқулықтағы Б.Исанбаев шын мәнінде Гурьев облысы Индер ауданынан 1942 жылы майданға аттанған Боран Нысанбаев деген қызыләскер және ол өзінің өшпес ерлігін А.Матросовтан 15 күн бұрын-1943 жылдың,8 ақпанында жасаған. Сондықтан да Александр Матросов шын мәнінде Боран Нысанбаевтың ерлігін қайталаған деп айтуға болады,-деп жаздым.

Сонымен бірге тарихшы-ғалымнан оқулықтың келесі басылымдарында Б.Исанбаевты Б.Нысанбаев деп түзетіп жазуды сұрадым.Шындығында солай болды да,кейінгі оқулықтарда Индерлік батырдың аты мен тегі дұрыс көрсетілді.Осылайша,Ұлы Отан соғысы барысында қаһармандықтың асқан үлгісін көрсеткен Атыраулық Боран Нысанбаев туралы тарихи шындық толықтай қалпына келтірілді.  

     Келесі әңгіме Сабалақ Оразалинов туралы. Алдымен айтарымыз, жау дзотының амбразурасын кеудесімен жауып теңдесі жоқ ерлік жасағандардың жалпы саны 400 ден асады. Олардың бесеуі тірі қалған.Солардың бірі- Оразалинов Сабалақ.Ол 1942 жылы 21 желтоқсанда Аягөзден майданға аттанған.Ашхабад қаласында мергендер мектебін бітіріп,1943 жылы желтоқсан айында Волхов майданында ұрысқа кіріскен. 1944 жылдың қаңтар айының ІІ-жартысында Ленинград қоршауын жою операциясына қатысқан. Стратегиялық маңызы бар Ропшин деревнясын алуда,Нарва қаласын азат етуде асқан ерлік көрсеткен.

    1944 жылы 18 қазан күні С.Оразалиновтың  ротасы Эстония жерінде кезекті шабуылға шығады,алайда олар діттеген межені ала алмайды.Өйткені өздеріне ыңғайлы жерге орналасқан фашист дзоты кеңес әскерлерін ілгері аттатпайды. Рота командирінен рұқсат алған Сабалақ жер бауырлап жылжып жау дзотына жақындап келеді.Ол екі пулеметтің оқ себелеп тұрғанын байқайды. Қолындағы гранатаны бірінен соң бірін амбразураға жіберіп қалады.

Алайда, пулеметтің бірі әлі де  атып жатады.Содан соң ол жалма-жан  танкіге қарсы қолданатын гранатаны алып,амбразураға лақтырады. Жарылыс өте қатты болғанымен пулеметтің  үні өшпей, әлі де атып жатады. Гранатасы таусылған  Сабалақ “Отан үшін” деп айғалай жүгіріп,пулеметтің аузын денесімен жабады. Сабалақтың амбразураны жаба құлағанын көрген кеңес әскерлері уралап алға шабуылдап, лап қояды

    Жауынгерлер Сабалақты өлді деп есептейді.Рота  писарі Сабалақтың ерлікпен қаза тапқаны туралы ағасының үйіне “қара қағаз” жөнелтеді. Батыр С.Оразалиновтың ерлігі туралы дивизия газетінде мақалалар жарияланады.Сабалақтың ерлігі туралы 1974 жылы “Воениздат” баспасынан жарық көрген “Ленин орденді Ленинград әскери округінің тарихы” атты кітапта да жазылады. Бұл мақалалардың бәрінде де С.Оразалинов ерлікпен қаза тапты деп көрсетіледі.

Ал, шындығында Сабалақ тірі қалған еді. Сабалақтың тірі қалуына оны шалажансар  күйінде тауып алып,сол жерде көмек көрсетіп,медсанбатқа жөнелткен санитарлық взвод бастығы,медицина қызметінің аға лейтенанты Анна Афанасьева (Пушкова ) болатын.Таллиннің,Ленинградтың әскери госпитальдарында ұзақ жатып емделген Сабалақ ақыр соңына елге-Аягөзге оралады.Үйленіп,Алматыға жұмысқа ауысады.Зайыбы Қауария екеуі 7 бала тәрбиелеп өсіреді. Жұмысы абыройлы болып Алматы қалалық кеңесіне әлденеше рет депутат болып сайланады.

1965 жылы “Известия” газетінде С.Оразалиновтың майдандағы ерлігі туралы мақала жарияланғаннан кейін қарулас достары оны іздеп табады. 1967 жылы С.Оразалинов Эстония жерінде өзіне қойылған құлыптасты-пирамида ескерткішін — барып көреді. Ескерткіште : “Ефрейтор Оразалинов  Сабалақ 1925 жылы туған. 1944 жылы 18 ноябрьде қаһармандықпен қаза тапты ” деген  жазылған екен…  

    Біз бірдей ерлік жасаған 2 адамның тағдырын сөз еттік.Олар мұндай ерлікке туған елін,Отанын жаудан азат ету үшін жасады. Бұл екі батырдың қаһармандығы бүгінгі жас ұрпақ үшін ұмытылмас үлгі болып қалуға тиіс.

Амангелді ШАМҒОНОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, ҚР үздік өлкетанушысы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button