Жеңіске бастар жол
Атырау қаласының «Авангард» ықшамауданындағы №1 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырыл-ған олимпиадалық резервті дайындайтын спорт мектебінде таэквондо, бокс, дзюдо, грек-рим күресі мен ескек есуден жаттығу жүргізіледі. Әсіресе, таэквондошылардың жеткен жетістіктері облысқа ғана емес, бүкіл елге мәлім. Осы орайда олардың жаттықтырушысы, өзі де кезінде екі мәрте республика чемпионы атанған, спорт шебері Асан Қасаевтың еңбегі ерен. Ұжымның жеткен жетістіктеріне Асқар Тоқтабаев, Әнуар Насихатов, Фархат Қаржауов, Ырысжан Ибатова, Айбек Нұрлыбеков пен Жұлдыз Бүркітова сынды мамандардың да қосып отырған үлесі зор.
АДАМ МҮМКІНДІГІ ЕШҚАШАН ШЕКТЕЛМЕЙДІ
Алты жастағы баладан ақыл тоқтатқан ересекке дейін жаттығып жатқан залда бір спортшыға ерекше назар аудардық. Ол – Нұрлан Домбаев, мүмкіндігі шектеулі жан. Кішкентай кезінде жазатайым оқиға болып, қос қолынан айырылған. Соған қарамастан, тіршіліктен түңілмей, өмірге деген құштарлығы арта түскен. Әдетте спортшыны же-ңіске жеткізетін оның мінезі ғой. Ал, Нұрланның бойынан қамал бұзар қайсарлықты аңғардық. Отбасылы азамат осында қызымен бірге жаттығады.
— Қазір он екі мүшесі сау бола тұра жеңіл жолмен табыс табуға ұмтылатын жастарға таңым бар. Оны былай қойғанда, еліміздің амандығы мен ұйқымыздың тыныштығына тәубе етудің орнына, жат ағымға ілесіп жатқандары да жоқ емес. Адам ауыртпалыққа тап болғанда, спорт қана көмекке келеді. Мен де кезінде қиындыққа душар болдым. Сол кезде спортқа арқа сүйедім, оны жаныма серік еттім. Түңілген кезде ол мені өмірге қайта әкелді, — деді ол бізбен әңгімесінде.
Нұрлан былтырдан бастап күн сайын екі-үш сағат уақытын жаттығуларға арнап келеді. Алға қойған мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандар арасында таэквондодан ел біріншілігіне қатысып, Атыраудың намысын қорғау. Ендеше, біз де оған жеңіс тілейміз!
ОН БІР ЖАСАР ЧЕМПИОН
Елназ Нәжімова небәрі он бір жаста. Әйтсе де, ел чемпионы атанып үлгерген. Биыл Астана қаласында Мұстафа Өзтүрік атындағы біріншілік ұйымдастырылды. Соның қо-рытындысымен атыраулық спортшылар Асылхан Айтмағамбетов, Айбек Амангелдиев, Нұрғиса Сағадатов жүлделі орындарға ие болса, кішкентай Елназ алтын медальді қанжығасына байлады.
Баршаға мәлім, Атыраудың айбынын барша әлемге асқақтат-қан таэквондошы – әрине, олимпиада жүлдегері Арман Шылманов. Болашағынан зор үміт күттіретін Елназдың да арманы – болашақта Арман ағасы секілді олимпиадаға қатысу. Бүгінде белгілі спортшының атында облыста дәстүрлі жарыс-тар өткізіліп тұрады.
АРДАГЕР СПОРТШЫ – ӘЛІ САПТА
Ғизат Салықов – кезінде бокспен шұғылданған, кейін классикалық күреспен айналысқан белгілі спортшы. Әскер қатарынан оралған соң аймақта таэквондоны дамытуға ден қойған.
— Кеңестік кезде таэквондомен шұғылдануға тыйым салынды. Өйткені, спорттың бұл түрі адамға дене жарақатын көп салады деп есептелді. Солай екені де рас. Бірақ, спорттың жеңілі бола ма? Тек тәуелсіздік жылдары ғана республикада таэквондо жақсы дами бастады. Бұл ретте, әсіресе, атыраулық спортшылардың жеткен жетістіктері қомақты, — дейді ардагер.
Жалпы, оның айтуынша, жас-тарды осы спортқа баули бастағанда «көлеңкемен күрес» (бой с тенью) тәсілі қолданылады екен. Барлық балалар бастап-қыда осы сатыдан өтеді. Әбден жаттыққан соң ғана жекпе-жекке шығады. Ардагер спортшы жастарды осылай шыңдайды.
«ПУМСЕ» – ШЕБЕРЛІК ШЫҢЫ
Таэквондода түрлі жаттығулар кешені қалыптасқан. Мәселен, «керуги» – жұптық немесе «пумсе» – жеке сайыс түрі.
Бұл өнерді толыққанды үйреніп алуға кемінде үш-төрт жыл кетеді. Алайда, бәрі де алдына мақсат қоя білген жанның ықылас-ниетіне байланысты. Сонымен бірге, аталған жаттығулар кешені адам денсаулығына өте пайдалы. «Пумсемен» жасыңыз жүзге келсе де емін-еркін айналыса бересіз. Айтпақшы, Атырауда таэквондомен шұғылданатын жасы ал-пысқа таяған әжелеріміз де бар екенін айта кету керек.
Ал, «керуги» жұптық жаттығулар кешеніне спорт шебері Айдана Мақымова жетекшілік етеді. Ол да кезінде он бір жасында ел біріншілігінің алтын медалін ұтып алған. Алғашқы жеңіске жеткізген ұстазы Ай-сұлу Қаламғалиева екенін айтады. Ал, осыдан тура алты жыл бұрын Асан екеуі «пумседен» ел біріншілігіне қатысып, ересектер арасында бірінші орынды иеленген. Биыл да «қара белбеу» иесі Ғизат Салықов екеуі Мәскеуде өткен «Патриот» таэквондо жарысына қатысып қайтты. «Сонсудо» кубогі са-рапқа салынған ақтық сында жерлестеріміз жүлделі орынды жеңіп алды.
Аталмыш спорт мектебі спортшыларының үстіміздегі жылы жеткен жетістіктері де аз емес. Мәселен, олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған таэквондодан республикалық жарыста атыраулықтар Фатима Рахман, Меруерт Серікқалиева, Арина Казанская, Екатерина Кан, Ерназар Нығыметов, Мерсаид Кошанов, Мержан Сәбит, Камил Дәулетбаев, Сейілхан Сәменов, Ярослав Крылов жүлдемен оралды. Демек, же-ңіске жеткізер бастапқы жолдың іргетасы осында қаланып жатыр. Өйткені, талмай тер төкпей, бір-ақ сәтте атақты атану мүмкін емес. Жеңіс – қайтпас қайсар жандардың еншісі, сансыз жаттығулар жемісі.
Таэквондо – корей халқының ұлттық спортының бір түрі. 2000 жылдан бастап олимпиадаға енгізілген оның шығу тарихы өте терең. Заманауи күрес жүйесі ретінде ол тек XX ғасырда қалыптасты. Таэквондода спортшының аяғы мен қолы қатар жұмыс істейді. Атауы да соған орай қойылған: «таэ» – аяқ, «квон» – жұдырық (қол), «до» – өнер дегенді білдіреді. Мақсаты – жарыс ережесіне сай келетін әдістерді пайдалана отырып, жеңіске жету. Таэквондошы әрқашан өзіне сенімді, салқынқанды, сабырлы адам болуы керек. Біздің елге жекпе-жектің бұл түрі тәуелсіздікпен бірге келді десек болады. Аты әлемге әйгілі таэквондошы Мұстафа Өзтүрік атажұрты Қазақстанға келіп, оның негізін қалаған еді
Суреттерді түсірген: автор. Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.