ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК ЖАЙҚАЛА ТҮСПЕК
Бұған дейін де Махамбет ауданына көп демеушілік көмегін көрсетіп келген «Каспий құбыр желісі консорциумы» АҚ бас директорының ҚР Үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары Қанатбек Райханұлы Жумин және аталмыш мекеменің басқа да өкілдері аудан әкімінің қабылдауында болды. Ауданымызға арнайы келген мәртебелі меймандарды қабылдаған аудан әкімі Ерлан Жаңабаев «Каспий құбыр консорциумының-К» демеушілігімен 2010 жылы ауданымыздың 4 мектебі күрделі жөндеуден өткенін, ал биылғы жылы осы мектептерге толықтай құрал-жабдық алынып берілгенін атап өтті. Бұған қоса Махамбет ауданы үшін ең басты қиындық жазғы су болып отырғанын да тілге тиек етті.
— Ауданымызда 1700-дей үй бар. 1960 жылдары салынған жазғы су құбырлары әбден ескіріп, тозғандықтан су беруге жарамай қалғаны жасырын емес. Махамбет ауданының жері құнарлы, қашанда шарбақтарына егін салып үйреніп қалған халық үшін жазғы судың жетпей қалуы қасіретпен тең болғаны да рас. Осы орайда бізге екі жылдан бері демеушілік көмек көрсетіп, жазғы су желісін тартуға қол ұшын беріп келе жатқан «Каспий құбыр желісі консорциумы» АҚ-на алғысымыз шексіз. Осы екі жылдың ішінде аудан бойынша 22 шақырым жерге жазғы су желісі тартылды. Ал ағымдағы жылы тағы 8 шақырымы іске қосылып отыр. Бұл үшін 25 млн. қаржы бөлінді. Жалпы 50 шақырымға дейін жазғы су желісін тарту жоспарымызда бар. Бұл жұмыстар 4 кезең бойынша жүзеге асырылады. Осы 4 кезеңнің біреуіне қаржы бюджеттен бөлінсе, қалған үшеуі «Каспий құбыр консорциумы-К» АҚ арқылы жүзеге аспақ, – деген Ерлан Мақсотұлы «Каспий құбыр консорциумы-К» АҚ бас директорының ҚР Үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары Қанатбек Райханұлы Жуминге аудан әкімі атынан Алғыс хат пен ескерткіш сыйлық табыс етті. Өз кезегінде Қанатбек Райханұлы Махамбет ауданына көмек қолын созуға қашанда дайын екендіктерін айтты.
Одан әрі «Каспий құбыр желісі консорциумы» АҚ өкілдері халықпен кездесті. Кездесу барысында сөз алған Қанатбек Жумин:
— Осы жылы 8 шақырым жазғы су желісін тартып беріп жатырмыз. Бұл жұмыстар алға қарай да жалғасын табатын болады. Осы жұмыстардың арқасында Махамбет ауданының ауыл шаруашылығы дамиды деп ойлаймыз, – деді.
Ал «Каспий құбыр консорциумы-К» АҚ ҚР Үкіметімен байланыс бойынша өкілі Асқар Шмановтың: — Атырау – мұнайлы өңір. Ал, Махамбет ауданы бір кездері Атырау облысының күретамыры секілді болды. Бүкіл облысты ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етті. Бала күнімізде жеген Сарытоғайдың алмасының дәмі әлі күнге аузымыздан кетпейді. Осындай мүмкіншілігі мол ауданның, Жайықтың жағасында отырып, жазғы суға зар болуы біздің жанымызға батады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін аз да болса көмегімізді көрсетіп жатырған жайымыз бар, – деген сөздері кездесуге жиналған ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты аналардың көңілінен шықты.
Ауданның байырғы тұрғыны Сұлухия Исмағұлова өз ризашылығын былай білдірді:
— Соңғы жылдары халыққа жазғы су беру жолында жергілікті басшылардың қалай еңбектеніп жатырғанын көріп отырмыз. Қазақта «Көш жүре түзеледі» деген нақыл сөз бар. Сол секілді біздің ауданымыздың да көші біртіндеп түзеліп келеді. Әсіресе, мынау өз заманында жайқалған жасыл белдеуді қалпына келтіру үшін қолдарынан келгенін жасап жатырғаны қуантады. Бүгінде тамырына су барған тал-теректер жапырағын жайып, жайқалып өсіп келеді. Біздің ауданымызға демеушілік жасап, жазғы су беріп жатырған «Каспий құбыр желісі консорциумы» АҚ-ның ұжымына және осындай демеуші тауып, жұмыстанып жүрген жергілікті басшыларға ризамыз. Сіздердің де жапырақтарыңыз жайыла берсін!
Дәл бүгінгі күні шарбағына жазғы су келіп, қуаныштан көңілі тасып тұрған кейуана Жібек Жұмашева да аналық жүрегінен шыққан ақ лебізін білдірмей қала алмады:
-Жазғы су жүрмей қалып, ағаштарымыз қурап, егініміз өнім бермей қиналған кездеріміз болғаны анық. Алайда, сіздердің арқаларыңызда бұл күндер де бәлду-бәлду бәрі өтірік болып артта қалып жатыр. Елімізде тек осындай жақсылықтар көбейе бергей. Жақсылықтан жақсылыққа жете берейік, – деген ана қазақы салт-дәстүрмен өз үйінің ауласынан қадірменді қонақтарға дәм татырды. Қуанышты кездесуді пайдаланған тұрғындар аудан әкіміне: «зейнеткерлерге, аз қамтылған отбасыларға жазғы су желісін жарты бағасына тартып беруге көмек көрсетілер ме екен?» деген өтініштерін де айтып қалды. Аудан әкімі Ерлан Мақсотұлы бұл орайда қол ұшын беріп, көмектесетінін айтты. Аудан халқы тағы бір жақсылықтың куәсі болып, риза көңілмен тарқасты.
Баян СҮЙЕУОВА.
PR