Жарнама
Қоғам

ЖАСТА БЕРГЕН ТӘРБИЕ ЖАС ҚАЙЫҢДЫ ИГЕНДЕЙ…

 

ШАҒЫН АУДАННАН ЛАҢКЕС ҚАЛАЙ ШЫҒАДЫ?

Жасыратыны жоқ, Қызыл-қоға ауданында діни теріс бағытты ұстаушылар бұдан біраз жыл бұрын пайда болды. Бірақ, іс насырға шабарын ойламаппыз. Расында да, қазақылық қаймағы шайқалмаған шағын ауданда лаңкестер қайдан шықты? 

Қызылқоға ауданының әкімі Мақсот Мұқановтың аймақта діни ахуалды тұрақтандыру, теріс пиғылды немесе деструктивтік ағым идеяларының алдын алу бағытындағы жұмыстары жөніндегі баяндамасын тыңдап отырып, осы сауалдарға жауап іздедік. Рас, ауданның Миялы, Мұқыр және Сағыз селоларында мешіт жұмыс жасайды. Аудан орталығындағы «Бәйтерек» мешітінің жанынан медресе ашылып, 27 адам екі айлық курстан өтіпті. Дін қызметкерлері қалыпты жұмыс істеуі үшін компьютермен, бейнекамерамен, автокөлікпен, интернетпен, т.б. қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. «Қамқорлық» қоры арқылы жөндеу жұмыстарына қаражат та бөлінген, бас имамға жалақы да берілген.

Аудан тұрғындарының дәстүрлі дінге көзқарасы да жаман емес. Рамазан айында халықтан жиналған 850 мың теңгеге 16 аз қамтылған отбасына азық-түлік пен киім-кешек алынған, Оразада арнайы киіз үй тігілген, «Ақнұр» мейрамханасында ауызашар ұйымдастырылған, «Мектепке жол» акциясы аясында күнкөрісі төмен 20 отбасының баласына оқу құралдары мен басқа да қажеттіліктері алынып берілген.

Міне, бір қарағанда, бәрі жақсы. Ендеше, лаңкестік әрекетке қатысып, бүгінгі күні түрмеде отырғандар қайдан шықты? Оларлың отбасы қандай күйде? Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан осы жайды сұрады.

Сөйтсек, аудан әкімі Мақсот Мұқановтың айтуынша, қызылқоғалық жасөспірімдер теріс әдетті халқы көп, адамдар тығыз шоғырланған Атырау қаласынан үйреніп қайтады екен. Мәселен, тоғызыншы сыныпты бітірген бозбалалар осындағы колледждерге оқуға түсіп, беймәлім ортамен араласады. Оның үстіне, оқу орындарының көбінің жатақханасы жоқ, ауылдан келгендер пәтер жалдайды. Осы жерде олар кіммен кездеседі? Қандай адамдармен дастарқандас болады?

Шыны керек, ата-ана балаларын қалаға әкеліп тастайды да, содан соң айлап хабарласпайды. Ұл-қыздарының қалай тұрып жатқандығынан, кімдермен жолдас болып жүргендігінен мүлдем бейхабар. Соңынан санын соғып, аһ ұрғанымен, бәрі кеш. Әйтпесе, лаңкестік әрекеті үшін сотталып отырған қызылқоғалық үш жігіт те қалыпты отбасынан шыққандар.

Ал, олардың отбасылары қалай күн көріп жатыр? Аудан әкімі Мақсот Мұқановтың  айтуынша, біреуінің әйелі осындағы мекемелердің бірінде хатшы-референт көрінеді, екіншісінің шешесі де қызметпен қамтылған. Үшіншісі де қалыпты өмір сүруде. Ешқайсысынан шағым түспеген.

Рас, өңірде дәстүрлі дінді уағыздауға, теріс ағымдардан сақтандыруға бағытталған шаралар өтіп жатыр. Әйтсе де, ауданда 95 адамның жат ағымға бейім ретінде есепке алынуы – алаңдатарлық жай. Бұлардың 33-і Миялыда, 30-ы Мұқырда екен. Алдында өңір басшысы жастарды имандылыққа икемдеуде теолог-мамандардың жетіспеуі, мешіттердің аздығы, имамдардың тапшылығы кедергі келтіріп отырғандығын айтқан. Бірақ, Миялыда «Бәйтерек», Мұқырда «Аманияз ата» мешіттері бар емес пе? Оларға сауатты имамдар да тағайындалған. Демек, мәселе тек қана мешіттерде емес-ау. Ал, Көздіқарада жалғыз, Тасшағылда екі өзге бағыт иесі қайдан жүр? Жан-жағының бәрі зиялы адамдар екен, оң жолға бағыттамай ма? Рас, аудан басшысы соңғы екі жылда 17 адамның адасқандар арасынан шығып, қалыпты өмірге оралғанын айтады. Бұл да жаман емес. Әйтсе де, қазақылық қаймағы шайқалмаған Қызылқоға тәрізді шағын ауданнан осындай жат пиғылды адамдар шығады деп кім ойлаған?!

 

ЕКПЕГЕ ЕНЖАРЛЫҚ – СӘБИ САУЛЫҒЫНА  САЛҒЫРТТЫҚ

Қос өзен аралығындағы діни ахуалды баяндаған Исатай ауданының әкімі Тұрарбек Сұлтанбековтің айтуынша, өңірде 27 бүлдіршін алғашқы екпеден тыс қалыпты. Яғни, олардың ата-анасы мұндай шарадан бас тартқан. Өзге проблема әзірге жоқ секілді. Теолог-мамандар мен дін иелері жұртшылықпен жүздесуде, үгіт-насихат топтары жұмыс жасауда. Әйтсе де, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаеваның айтуынша, аудандағы осындай құрылымда жалғыз меңгеруші ғана бар көрінеді. Штаттық кестеде өзге маман қарастырылмаған. Сонда бір ғана адам қай шаруаны тындырып үлгереді? Сайып келгенде, ішкі саясат бөліміне жүктелер жүк көп. Сондай қарбаласта жүргенде дін мәселесі назардан тыс қалмай ма?

Екпе мәселесін облыстық дін істері басқармасының «Ақпараттық-талдау орталығы» мекемесінің басшысы Жарас Есенғалиев та қозғады. Оның айтуынша, дүдәмал діннің жетегіндегі 389 отбасы екпеге қарсылық білдірген. Тек біраз түсінік жұмыстарының нәтижесінде ғана 58 отбасы оң қабақ танытып, сегізі баласына екпе жасатқан. Дегенмен, 120 әке-шешенің арғы әрекеті белгісіз. Өйткені, олардың бірі келгендерге есіктерін ашпаған, екіншісі үйлерінде болмаған. Ал, 203 отбасының үзілді-кесілді бас тартуы ойландырады.

Жалпы, бұл мәселе – бүгінде дәрігерлердің де бас ауруы. Екпеге қарсылық білдірушілер саны ақпараттық-талдау орталығы ұсынып отырған дәйектерден де көп болуы ықтимал. Мұндай ата-аналарға алдын ала егудің адам өміріне, соның ішінде сәбилер саулығына аса пайдалы екендігі жөнінде кітапшалар таратылыпты. Бұл шара қалай әсер етеді? Екпеге енжарлық танытқандар енді бетін бері бұрар ма? Оны уақыт көрсетер.

 

АУЫЛ БАЛАСЫНДА БОС УАҚЫТ БАР МА?

Бүгінде ауыл жастары жөнінде сөз бола қалса, олардың бас қосатын орнының жоқтығы алдымен айтылады. Мұны облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Қалауи да тілге тиек етті.

— Бәріміз де ауылдан шықтық, — деді оған Шыңғыс Жұмабекұлы, — жалпы, ауыл баласында бос уақыт бар ма? Мектептен келген соң үй шаруасына араласады. Малға шөп салу, оны суару секілді таусылмайтын тірлік басталады. Ендеше, ауылдарға қаражатты көп талап ететін үлкен жобалар қажет пе? Бүгін қыруар қаржы шығындап салынар ғимараттардың ертең бос тұрғаны жарасымды ма?

Расында да, бұл сөздердің жаны бар. Ауыл түгілі, қаладағы мәдени ошақтарға жастар жинала ма? Турасын айталықшы,  солар театрға өз еркімен барып жүр ме? Әлдебір шара ұйымдастырылса, студенттерді сабақтан босатып, әдейі жинап апарады ғой. Онда да жанына мұғалімдерін қосып жібермесе, басқа жағына тайып тұрады.

Немесе кітапханадан әдеби кітаптар алатын, күнделікті газет-журналдарды оқитын жастар бар ма? Кітапханашылардың өздерінің айтуынша, студенттер мұнда тек кезекті сессия қарсаңында ғана келеді екен.

Рас, қазір жастарды жат ағымдардан сақтандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүруде. Биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Діни экстремизмнің алдын алу, жастардың ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраға құрметін арттыруға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру» тақырыбына арнайы лот бөлініп, 2,5 млн. теңге қаралған. Аталмыш жобаны «Жас Отан» жастар қанаты жүзеге асыруда. Қыруар қаржы жұмсалатын шарадан лайықты қайтарым күтеміз.

 

СЕНІМ ТЕЛЕФОНЫ СЕНІМДІ ЕМЕС?

Облыстық дін істері басқармасының ақпараттық-талдау орталығының басшысы Жарас Есенғалиевтың айтуынша, осындағы 46-74-43 сенім телефонына 19 адам хабарласыпты.

— Небәрі 19 адам хабарласса, — деді оған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан, — ол сенім телефоны емес. Жалпы, осы орталық дін істері жөніндегі басқармаға көмекші құрылым ретінде өмірге келді. Бірақ, бүгінгі тындырылған іспен мақтануға әлі ерте. Қазір 86 ақпараттық-насихат тобы жұмыс жасайды. Солардың әрқайсысының қатарында бес-алты адам бар дегенде қаншама күш. Осыншама маман барлық ауданды қамтып, облыстағы ахуалды уысынан шығармауы керек. Сайтта әр топтың не тындырғаны көріп тұруы тиіс.

Жалпы, Жарас Есенғалиевтың айтуынша, жастардың санасын интернет арқылы улау жалғасуда. Жыл басынан бері теріс пиғылды алты сайт анықталыпты. Шет елде білім алып, енді Аты-рауда жамағат құру мақсатында үгіт ұйымдастырған тоғыз азамат көзге түсіпті. Елімізде тыйым салынған «Таблиғи жамағат» ұйымының 13 жетекшісімен сұхбат жүргізілген, дәстүрлі емес бағытты ұстанушы 87 адаммен әңгіме өткізілген. Тек солардан оң нәтиже шықса игі еді.

…Сонымен, облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның пайымдауынша, кеңес отырысында келелі мәселелер қоз-ғалды. «Шапағат» деструктивтік діни  ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының төрағасы Ерсін Әміре жұмысына қанағаттанушылық білдірілді. Бұдан бір жарым жыл бұрын облыс басшылығының арнайы шақыруымен келген азамат содан бері біраз іс тындырыпты. Енді Алматыға қайтып, жұмысын сонда жалғастырмақ екен. Шыңғыс Жұмабекұлы оған ескерткіш сыйлық табыс етті. Ақырында, осы кеңес талқылаған мәселелерді орындауға мерзім белгіленді.

Меңдібай Елемесұлы.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button