Жарнама
Қоғам

ЖАСӨСПІРІМДЕР ЖҮКТІЛІГІ

«Жарқын болашақ» жастар денсаулығы орталығының жетекшісі Алуа Сыралиеваның айтуынша, былтыр орталықта 14-15 жастағы жеті қыз жүкті ретінде тіркелсе, биыл төрт жағдай тіркеліп отыр. Орталықта 30-68-43 сенім телефоны жұмыс істейді.  Сенім телефонына жалпы 3200 қоңырау келіп түскен. «Жас кезінде кім-кімде сенгіш, алданғыш келеді. Бұндай әрекеттерге саналы түрде барайын демейді. Орталыққа жастар мұндай жағдайға білместіктен тап болғанын айтып келеді. Әрине, оларға көмектесуге дайынбыз. Дегенмен, көпшілігі мамандармен ашық түрде сөйлесуге ұялады, достарына да айта алмайды. Кейбіреуі іштей қапаланып тұйықталады. Күйзеліске ұшырап, ақыры өз-өзіне қол жұмсауы секілді қайғылы жағдайға ұшырауы мүмкін. Сондықтан, орталық мамандары жасөспірімдердің әрқайсысымен қандай жағдай болса да ашық сөйлесуге тырысады», — дейді Алуа Сыралиева.

Ал, дәрігерлер ерте жастағы жүктілік жас аналардың денсаулығына үлкен зиян келтіретінін айтады. Оның үстіне, жыныстық қатынасты ерте бастау гинекологиялық аурулардың көбеюіне әкеледі. Сондай-ақ, «дөңгелек үстелде» жүкті болып қалған жас қыздардың жыныстық жолдары арқылы берілетін инфекцияларды жұқтыруы, соның салдарынан патологиясы бар сәбилердің туылуы көбейгендігі де айтылды.

–Біле білгенге болашақ ана болу – әр адам үшін жауапты кезең. Бүгінгі бойжеткен қыз физиологиялық, әлеуметтік жағынан жетілді ме? Денсаулығы жарай ма? Өзінің болашағы үшін жауап бере ала ма? Міне, біріншіден олар осы сауалдарға жауап бере алатын болуы керек. Мектеп оқушысы мұндай сауалдарға жауап бермек түгілі өз қатарластарымен бірдей мектеп бағдарламасын белгілі бір деңгейде аяқтай алмай, ортада сенделіп жүреді, — дейді №1 қалалық емхананың гинеколог дәрігері Айқияш Шонаева. Ол өз тәжірибесінде кездескен жасөспірімдер арасындағы жүктілік бойынша статистикалық мәліметке жүгінді. 2011-2012 жылдары емханаға алты жасөспірім жүктілікпен тіркелсе, 2013 жылы ең жас аналардың қатары 13-ке жеткен. 2014 жылы 11, биылғы жылы – 7. Айқияш Шонаеваның тәжірибесінде кездескен 15-16 жастағы  аналардың бәрі де сау баланы дүниеге әкеліпті. Гинеколог жиында біздің облысқа балалар гинекологы қажеттілігін ерекше атап айтты.

– Жасөспірімдердің жүктілігі  мәселесіне жылдан-жылға «етіміз үйреніп келе ме», қалыпты жағдай ретінде қарайтындай болып алдық. Бұл тақырыпты дәрігерлер ғана көтеріп келеді. Ал, мектеп, білім басқармалары мен бөлімдерінің тарапынан саябырлық бар. Бұрындары «мектепке жағылған күйе» деп үлкен талқыға түсетін еді. Қазір ондай жоқ. Жүкті болып қалған оқушы автоматты түрде кешкі мектепке  ауысып кетеді. Жүкті жасөспірімдер шыққан мектептерге барып, мектептің медбикесімен сөйлестім. Медбике оқушының жүктілігінен хабардар болса да, білмегендей кейіп танытып жүріпті. Негізінен мұнда  медбикелер жауапкершілікке тартылуы керек. Мектеп қыздарына осы бағытта медбике немесе әйелдер дәрігері кеңестер бергені абзал.  Жыныстық қарым-қатынастарды ерте жастан түсіндіру керек.  Жастар байыбына барып түсінбейді.  Оның аяғы қаламаған жүктілікке, түсік жасатуға, жыныстық жолдар арқылы туындайтын ВИЧ/СПИД сынды жұқпалы сырқаттарды жұқтыруға соқтыратынын әр жасөспірім білуге тиіс, — дейді гинеколог А.Шонаева.

№7, 2, 4 емхананың гинеколог дәрігерлерінің айтуынша, оларға биылғы жылы барлығы 33 жас ана келген. Облыста ең көп жасөспірімдер жүктілігі Жылыой мен Атырау қаласында тіркелген. Сондай-ақ, «дөңгелек үстелге» қатысушылар «жастайынан жүкті болу фактілері негізінен вахталық әдіспен айлап үй көрмей жұмыс жасайтын отбасының балаларында кездеседі» дейді. Өркениетті елдерде қыздар тұрмыс құрғаннан бастап, болашақ сәби сүю мәселелеріне дейін міндетті түрде дәрігерлермен кеңеседі. Олардың ұғымында бала көтеру үшін арнайы әзірлік керек деген түсінік қалыптасқан. Өйткені, денсаулықтағы кінәрат салдарынан ертеңгі күні өмірге кемтар бала келетінін олар жақсы біледі. Ал, бізде сондай сәбилер дүниеге келгесін ғана опынып жатамыз. Жасыратын несі бар, қыздарға дұрыс ақыл-кеңес айтатын ананың қазір жұмыстан қолы тимейді. Ертеден кешке дейін үй көрмейді. Олар тәлімнен гөрі, перзенттерінің материалдық жағдайын дұрыстап беруді ойлайды. Ата-анасы дұрыс тәрбие бермеген оқушыға ұстаз толыққанды тәрбие бере алмасы анық. №7 емхананың акушер-гинекологы Светлана Мәдиева да «Қыз балалардың мұндай әрекетке баруы – олардың ана болуға дайын еместігін сезініп, шарасыз күйге түсетіндігінен. Мұндай жағдай көбіне жасөспірімдердің бақылаусыз қалуынан орын алады», – дейді.

Жиын қорытындысында облыстық білім беру басқармасының маманы Алмагүл  Қайырлиева, қалалық білім бөлімінің әдіскері Жұмазия Жолмұханова мектептерде жасалынып жатқан жұмыстарға тоқталды. Алдағы уақытта да мектептердегі салауатты өмір салтын қалыптастыру, адамгершілік, тәрбие бағытында жүргізілмек кешенді іс-шараларды атады.  Емдеу-профилактикалық ұйымдар мен мектеп медбикелeрінің арасындағы сабақтастықты арттыру, оқушыларға түсіндірме жұмыстарын дұрыс жүргізу керектігі нақтыланды. Қалай болғанда да ата-ана, ұстаз, дәрігерлер мектеп оқушыларымен бірлескен түрде жиі іс-шара, әлеуметтік кеңестер мен дәрістерді жеткі-лікті түрде өтізіп тұрса, жасөспірімдер арасындағы мұндай бейберекетсіздік орын алмас еді. «Дөңгелек үстелге» қатысқан емдеу-сауықтыру мекемелерінің дәрігерлері, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, облыстық, қалалық  білім беру басқармасы мен білім беру ұйымдары өкілдерінің пікірлері негізінен осы ойдың арнасына тоғысты.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

 

Орталықта 30-68-43 сенім телефоны жұмыс істейді. Сенім телефонына жалпы 3200 қоңырау келіп түскен. 

№7, 2, 4 емхананың гинеколог дәрігерлерінің айтуынша, оларға биылғы жылы барлығы 33 жас ана келген.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button