Талантымен жарқырап көрінген

bez imenireregggg e1712926393388 Қоғам

Төлеубай аға Ысқақов 1967 жылы күзде Индер аудандық «Индер» (қазіргі «Дендер») газетіне редактор болып келгеннен бастап өзінің ұйымдастырушылық және шығармашылық қабілетімен, табиғи ерекше талантымен танылды. Аудандық газетте халықтың әлеуметтік-тұрмыстық және экономикалық проблемаларын жазумен қатар, оның безендірілуіне, көз тартымдылығына назар аударды. «Индер», кейіннен «Дендер» газеті өз тарихында бүкілодақтық, республикалық және облыстық байқауларда жиырмашақты жүлдеге ие болса, оның ондағаны Төлеубай ағаның ізденісінің арқасы. Ол «Индер» газетінде 1975 жылдардың жазына дейін қызмет жасады.

Ол үнемі өрлеу үстінде болатын. Қызылқоға, Индер аудандық газеттерінде редактор, облыстық «Коммунистік еңбекте» бөлім меңгерушісі, республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілшісі, арасында Гурьев облыстық драма театрының директоры лауазымдарын ізденіспен, шығармашылық шабытпен атқарды. Индер ауданында ақындар айтысын ұйымдастырып, талантты жас ақындардың қалыптасуына бастамашы болды.

Төлеубай аға тек қана жай журналист емес, ол жазушы әрі аудармашы. Орыстың белгілі жазушысы Антоновтың «В.И.Ленин туралы әңгімелер» атты кітабын тәржімалады. Жазушылығын айтсам, ұзақ әңгіме. Алғашқыда «Арқадағы таңба» атты повесі, сонан соң «Бұл Лескиде болған еді» повеске тұражақ шығармасы. Ал, «Жалын» пьесасы аудан театрлары мен мәдениет үйлерінің сахналарын көріктендірген сол кездегі көкейкесті шығармасы еді. Редакцияның қызметкерлері өз күштерімен бұл пьесаны қойып, тұсауын кесті. Оны жұртшылық ықыласпен қабылдады.

Төлеубай ағаның тағы бір қасиеті – оның адам танығыштығы. Кадрларды іріктеп, орналастыра білді. Алғашқыда тілші болған Ерсайын Көшек пен Сансызбай Базарбаев кейіннен редактор, Кеңес Сахи редактордың орынбасары, Бақытжан Мусағалиев жауапты хатшы, Мұрат Қазиханов, Әнуар Нәбиев, апалы-інілі Бақытжан, Рауза Жұматовтар бөлім меңгерушілігіне, Төлепберді Дүйсембиев баспахана директорлығына дейін жоғарылады. Төлеу Ербөлек газет басушы баспагерден редакцияға газет түзетуші корректор болып ауысты. Ал, мен Төлеубай ағамен он жылдай жұмыстас болғанымды, одан көп нәрсе үйренгенімді бақытты, шатты шақтарым деп есептеймін.

Төкеңнің қарапайымдылығы мен кішіпейілділігі ересен еді. Ол редакциядағы мерекелік дастарқанда тазалықшыны, автомашина жүргізушісін, баспагерлерді төрге отырғызатын. Олардың жұрт елей бермейтін қарапайым еңбектерін жоғары бағалайтын.

Төлеубай аға үлкен шаңырақ иесі болатын. Зайыбы Қазына апа ұстаз. Бір баласы Ресейде оқып, баспагер мамандығын алды. Жалпы, ұлдары мен қыздары жоғары білімді, бәрі жанұялы. Әрқайсысы бір-бір шаңырақ иесі, үбірлі-шүбірлі.

Бір өкініштісі, Төлеубай аға 60 жасында, шығармашылық дер шағында бұл фәниден өтті. Амал нешік?! Табиғат заңына ешкім қарсы тұра алмайды. Төлеубай  ағаның өнегелі ісі мен азаматтық тұлғасы оны көргендер мен жұмыстас болғандардың жадында мәңгі сақталады.

 Жақында Атырау қаласының Төлеубай аға тұрған Махамбет көшесінің №14 үйінің қабырғасына ескерткіш тақта қойылды. Бұл оның жарқын еңбегінің куәсіндей.

Кеңес САХИ,

«Коммунистік еңбек» газетінің Қызылқоға аудандары бойынша 1981-1984 жылдардағы меншікті тілшісі, КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Индер ауданының Құрметті азаматы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз