Қажетті құжаттар – телефон «тілінде»

1111 0 Қоғам

Қазіргі қоғам көптеген өзгерістер мен жаңалықтарға толы. Әсіресе, адамзат баласының қолы жеткен интеллектуалдық табыстары таңдай қақтырады. Соның ішінде, халыққа қызмет көрсету саласының ұялы байланыс әлеміне қадам басуы қуантады. Бұл бағытта атыраулықтар да қалың қағаздан арылып, қажетті құжаттарды ұялы телефон арқылы алуда.

1111_0

Банкпен ұялы байланыс

Осыдан екі жыл бұрын мемлекеттік  және орыс тілдерінде Ұлттық банктің «Online» жаңа мобильді қосымшасы іске қосылған болатын. Заманауи мессенджер  «Whatsapp», «Viber» немесе «Telegram» қосымшаларына өте ұқсас. Оны пайдаланушылар Ұлттық  банкке  тікелей  өтініш  жолдай алады. Қосымшаның – «банкноттар мен монеталар», «ипотекалық кредиттер»,  «айырбастау  операциялары», «банктерде  қызмет көрсету», «төлемдер», «банкоматтардың жұмысы», «қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау», «жұмысқа орналасу», «алтын құймалар», «депозиттер  бойынша кепілдік», «коллекторлық агенттіктердің қызметі» және «өзге» дейтін қызметтік ресурстары бар.

– Мәселен, «Жұмысқа орналасу» бөлімінде тікелей кадр қызметкерлерінен аталған банкке жұмысқа қабылдану рәсімдері мен іріктеу кезеңдері бойынша жедел жауап алуға болады. Сонымен бірге, жоғарғы оқу орнының студенттері немесе  магистранттары тәжірибеден өту мәселесіне қаныға алады. Сол сияқты, әлемдік сауда-саттық, валюта  бағамы, қаржы  нарығы  жөніндегі деректер мен басқа  да жаңалықтар ұсынылады. Ақпараттар күн сайын жаңарады. Қосымшаны мемлекеттік  және орыс тілдерінде «iOS», «Android»  платформаларында  «App Store»  және  «Play Market» онлайн-дүкендерінен жүктеп алуға болады, – дейді Ұлттық банк филиалының экономикалық талдау және статистика бөлімінің басшысы Айнагүл Аққұлова.

Салық төлемдерісмартфон арқылы 

Қазір үйде отырып-ақ салық мөлшерін біліп, тез арада төлеуге жағдай жасалған. Бұл жақында жұмысын бастаған «Салықтық қызмет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы мүмкін болды.

– Қазір жеке  тұлғаның жеке куәлігі көрсетілсе болғаны, қызметтің барлық түрін қолдануға болады. Ұялы телефонға смс-хабарлама келіп тұрады. Бұл қыруар қаржы мен уақытты үнемдейді. Біздің қызметкерлер заң бағытында кеңестер беріп, кәсіпкерлікке қатысты кез келген мәселеңізді шешіп беруге дайын. Атап айтқанда, мөр мен таңба дайындау, бухгалтерлік есептерді жасау, тоқтап тұрған бизнесті қайта жандандыру секілді мәселелерді оң шешуге болады, – дейді аталған мекеме басшысы Нұрсұлтан Әуелбаев.

Сол сияқты, жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, көліктің техникалық төлқұжаты, техникалық байқаудан өткендігі және сақтандыру полисі туралы құжаттар телефон «тіліне» аударылды. Енді оларды ұялы байланыс арқылы да алуға болады. Өзіңізбен бірге тасып жүрудің қажеті жоқ.

– Смартфон бірқатар құжатты алмастыра алады. Бюджеттің үнемделген қаражатына әрбір азаматты смартфонмен қамтамасыз ету керек. Техникалық тұрғыда біз бірқатар құжатты өзімізбен алып жүруден бас тартып отырмыз. Барлық ақпарат енді графикалық түрде шифрланған. Оның «QR» деген коды бар. Сол арқылы адам туралы барлық мәліметті алуға болады, – дейді Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет басшысы Бағдат Мусин.

Бүгінде елімізде арнайы геоақпараттық портал жүйесі әзірленіп жатыр. Онда әкімдіктер арқылы жалға берілетін, сатылатын жер телімдері туралы ақпарат жарияланбақ. Тіпті, аукционға қатысу функциясы да болады. Кез келген адам электронды форматта өтінім беріп, қатыса алады. Сөйтіп, жерді жалға немесе жеке меншікке алуға мүмкіндік туады.

Манасбек ЖАЛҒАСОВ, чкәсіпкер:

– Үш жылдан бері құрылыс бөлшектерін сатумен айналысамын. Жақында бухгалтерлік есептердің дұрыс жүргізілмегені анықталды. Бұл кәсібімнің алға басуына көптеген кедергілер туындатты. Сөйтіп, біраз шығынға баттым. Амалым таусылған соң, жаңадан ашылған «Салықтық қызмет» орталығының көмегіне жүгіндім. Мұнда барлық қызмет заманауи үлгіде көрсетіледі. Әсіресе, сервистік салада шетелдік тәжірибе қолданылады. Сондай-ақ, жергілікті әкімдік тарапынан қолға алынған мобильдік қосымшалар да өте пайдалы. Енді қажетті құжаттардың бәрін ұялы телефон арқылы аламын.

Амандық Сағынтайұлы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз