Жанымен көріп, жүрекпен сезеді…

145 Қоғам

Өңірде бірінші топ мүгедектерін жұмыспен қамтып отырған бірден-бір мекеме болса, ол – Атырау қаласындағы соқырлар қоғамының өндірістік мекемесі. Оның тарихы сонау екінші дүниежүзілік, яғни, Ұлы Отан соғысы аяқталған уақыттан бастау алады. Дәлірек айтсақ, кәсіпорын 1946 жылы жұмыс істей бастаған.

145

Алғашқы кезде мұнда майданнан жаралы болып оралған сегіз адам еңбек еткен екен. Олар балалақшалар мен ауруханаларды тұрмыстық қажеттіліктермен, соның ішінде, төсек-орындармен жабдықтаған. Бүгінде аймақта 18-64 жас аралығындағы жүздеген зағиптың бір бөлігі осында нәпақасын тауып жүр. Олардың арасында көзі мүлдем көрмейтін және нашар көретін бірінші және екінші топ мүгедектері бар. Мүлдем көрмейтіні жұмысқа арнайы көлікпен қатынайды.

Мекеме жекенің меншігінде болғандықтан, мемлекет тарапынан да, басқа да қосымша көздерден материалдық қолдау тетіктері қарастырылмаған. Мүмкіндігі шектеулі болғанымен, құлшынысы шексіз жандар қоғамның қарапайым өкілі ретінде еліне адал еңбек еткісі келеді. Олар жасап шығарған қандайма бұйымдар шетелден келетін тауарлардан артық түспесе, еш кемшілігі жоқ. Керісінше, отандық өнім таза әрі қолжетімді бағамен ұсынылады. Негізгі шикізат көзі болып табылатын мақта Шымкент және көршілес Бішкек қалаларынан көтерме бағамен әкелінеді.

Бір қызығы, бұл жердегі кәсіп ерлер не әйелдерге арналған деп бөлінбейді. Мәселен, тігін цехында нәзік жандылармен бірге ерлер де бір қатарда қызмет етуде. Қалай болғанда да, бұл кәсіпорын пайда табу емес, мүгедектерді қоғамға тарту мақсатында құрылғанын ұмытпаған жөн. Бұл жердегі табыс 15 мың теңгеден басталады. Ал, тапсырыс болмаса, ол да жоқ. Осыдан тура жетпіс жыл бұрын тұрғызылған ғимарат та әбден ескірген. Әсіресе, қыс мезігілнде жұмыс жасау өте қиын. Әйтсе де, жақсылықтарды да айтпай кетуге болмас. Жыл сайын тегін демалыс орындары ұйымдастырылып, қоғамдық көлікпен қатынау мүмкіндігі қарастырылған. Тіпті, ұялы телефондармен де қамтылған. Мемлекет тарапынан 47 мың теңге жәрдемақы төленеді.

Аман ШАМАР

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз