Рахымжан Отарбаев

Жаңалықтар

Қазақтың белгілі драматург-жазушысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет сыйлығының лауреаты, Халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың иегері Рахымжан Отарбаев бүгін 60 жасқа толды.

maxresdefault

Қазақ әдебиетін баға жетпес мұрасымен толықтырып, туындылары  орыс, қытай, араб, түрік, татар, қырғыз тілдеріне аударылған қаламгердің мерейлі сәтін  ТМД елдері, Ресей, Қытай, Түркия елдері қаламгерлері де айрықша атап өтуде.

Шығармашылығы арқылы қазақ халқын әлемге танытқан жазушының «Біздің ауылдың Амазонкалары» сериясынан сиясы кеппеген әңгімелерін оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

Ауылдас аға

Жалқы адам еді. Жалғыз үй. Жетім түтін. Қора-қопсысы жоқ. Қақ-соғы жоқ. Қайырылып келер қара жоқ. Ағайын сағалап алыстан келді десетін. Жүріс-тұрысы қыр қазағына таңсық.

Өзі ақсары өңді еді. Екі бетінің ұшы қып-қызыл. Иегі қылтанақсыз,  көсе. Даусы жіп-жіңішке. Қысы-жазы басынан қалпақ түспейді. Қайда барса да балағын тобықтан асырып түріп алатын. Зәуде бір көршіден шырпы алса, жаққан талын санап қайтаратынды.

Ара-тұра қара жолдың бойында іздік шаң көтеріп кетіп бара жатар еді. Ара-тұра Қанішкен беттен қалпағы көзін жауып қайтып келе жатар еді. Ондайда өңшең бала жәудіреп жолын тосамыз. Әр жүгірмекке бір-бір кәмпит ұстатар. Дүкеннен санап тұрып сатып алатын шығар. Өзі шайға тістер қалтасында түк қалмайтын.

– Әйелден ұшыныпты. Содан құтаймайды екен,- десетін ауылдың қағынды келгір қатындары.

– Малдан безініпті. Түбі асқан бай тұқым екен. Талауға түсіпті. Тышқақ лағы қалмапты. Содан қалған ғұмырда қи баспаспын депті. Көңілі суыныпты,- десетін көрші-көлем.

Әлгі әйел жайы… Ұшынса ұшынған шығар. Той, тыштырмада ақ манардай бір келіншекке көзі түссе болды: – Шикін-ай, ошындай әйел бізге бұйырмады-ау,- деп жіп-жіңішке даусымен шыр ете қалар-ды. – Шикін-ай!..

Жо жоқ, ұшынбапты. Бір күні кеп әкеме сыр ашты.

– Қасымжан, жаныма жақын інімсің. Сенен бүгіп қайтейін. Мына ағаң көрші ауылдың бір қызымен  сөз байласып жүрген.

– Е, бәрекелді,-деп  әкем отырған орнынан бір  аунап түсті. – Көптен  күткеніміз осы сөз ғой.

– Кәрі шешесі бар. Өзі сауыншы. Анда-санда ұстар құс келдісі бар екен. Ештеңе етпес. Жас адам ғой…

Әкем не дерін білмей тағы бір аунап түсті.

– Төсек-орнымен қоса бүгін алып келейін. Ат-арбаңды бере тұрсаң. Делбені өзім ұстармын.

– Аяр дейсіз бе? Қазір әзір етейін.

Күн қауыса ағамыз жеңгемізді алып, ат басын қараша үйіне тіреді. Әжем алдынан шашу шашты. Келіннің маңдайынан сүйді.   Шынында жас екен. Бойшаң, қараторы. Ағамыз қалпағымен қоса иығына әзер жетіп тұр. Мейлі ғой, махаббат бой таңдай ма? Бір сандық, екі-үш көрпені өңшең жүгірмек зыр қағып төріне кіргізіп бердік.

Әкем ор марқасын сойып, «құтты болсын» десті. Атам бар батасын сауып айтып, үйлеріне қайтарған. Түн ортасы ауа терезе қағылды. Тіпті, әкетіп барады.

– Ағам қасына жатпаймын. Осында қонайыншы,- деп жас жеңгеміз қарап тұр.

– Шырағым-ай,- деп әкем не дерін білмей есік көзінде тұрып қалды. – Бұл болмайды ғой.

– Қалпағын шешкенде көрдім. Басы таз екен. Осында қонайыншы.

Алдарынан шашу шашқан әжем қарап жата алмады.

– Әй,  не деп тұрсың, а? Азаматты қорлап. Нақ төбесінде ботаның көзіндей ойма тазы болса болар. Онда тұрған не бар? Көрмей-білмей тидің бе?

– Әже, сол таз маған жұқса қайтемін?

– Өй, сөз болғаныңа!- деп әжем жата кетті.

Көктемнің күні еді. Құс келіп жатқан…

Ара-тұра қара жолдың бойында іздік  шаң көтеріп кетіп бара жатар еді. Ара-тұра Қанішкен беттен қалпағы көзін  жауып келе жатар еді.

Күзге салым әкеме кеп тағы сыр ашты.

– Қасымжан, жаныма жақын інімсің. Сенен бүгіп қайтейін. Мына ағаң Қанішкеннің бір келіншегімен сөз байласып жүрген.

Әкем бұл жолы отырған орнынан бір аунап түспеді.

– Жақсы екен,- деумен тынды.

– Ұлты өзге. Кәріс әйел. Байы өлген. Соқа басы.

– Дұрыс қой.

– Төсек-орнымен қоса бүгін алып келейін. Ат-арбаңды бере тұрсаң. Делбені өзім ұстармын.

– Жарайды.

Әжем шашу шашпады. «Тілін білмеймін. Қой, құрсын»- деп ұршығын иіріп отыра берді.

Әкем тағы бір тоқтысын сойып, дастархан жайғызды.

Тоқтасқан жан екен. Сары шашты, жүдеу бет, алакөз. Үйге үн-түнсіз кіріп шықты.

Араға ай салып талтүсте есік қағылды. Кәріс жеңгеміз.

– Ну, Қасымжан,- дейді шүлдірлеп. – Твой брат что за человек? Орысша қақпайды. Бар білетіні «е, кәнешні». Бір ауыз сөзбен сколько можно так жить? Кетемін. Қанішкенге өзің апарып таста. Арба сенікі.

Сасып қалған шығар, әкем де «е, кәнешні» деп жіберді…

– Қыстай тым-тырыс  жатып алған ағамыз келесі көктемде қайтадан бас көтерді. Содан ауылға құдағи боп келген ақ торғындай бір келіншекке көзі түссін. Сол-сол-ақ  екен: – Шикін-ай, ошындай әйел бізге бұйырмады-ау,- деп жіп-жіңішке даусымен шыр ете қалсын. – Шикін-ай!..

Осы сөзден әбден зәрезап боп қалған үй-іші түгел шошып кеткен. Айтқандай ағамыз көп тостырмады, әкеме абайлап әңгіме бастады.

– Қасымжан, жаныма жақын інімсің. Сенен сыр бүгіп қайтемін. Мына ағаң Қарақамыстың бір әйелімен сөз байласып жүрген.

– Енді… деп әкем мүдіре берді.

– Ер кезегі үшке дейін. Қайтып қинамаспын. Ат-арбаңды жегіп, өзің алысып қайт. Мен қасыңда отырайын.

– Кәмпит жоқ. Немді шашам? – деп әжем бұл жолы да ұршығына жармасқан. – Мені сұраса айт, ұшық шығып ауырып жатыр де.

Байдың солқылдақ мырзасындай боп екеуі аттанып кеткен. Екінді кезінде кері оралды. Әкем бұ жолы серке сойып, қонақасы берді. «Ұшық шығып» ауырып жатқан әжем дастархан басына әрең келді. Қабағы ашылмады.

– Құдай, мынаусы жатып-тұрмаса жүре алмайтын ақсақ қой. Қайдан тапқан? – деп әжем көпке дейін сабасына түспеді. – Сөзуарына  не берерсің? Ындыны жарымаған біреу шығар. Тоқпан жілікке жармасқаны несі? Шеше, жеп отыр, деп өз етімді тіпті өзіме тықпалауын.

Араға апта салып ағамыз әкеме шаруа айта келді.

– Қасымжан, мына жеңгеңнің бұ-рынғы күйеуі қайтыс болған. Он жыл толыпты. Соған мал шалып, еске алайық деп ек. Бір тоқтыны сат, айналайын.

– Ыңғайлы мал жоқ. Өзге үйден алсаңызшы. Өзім жол жүріп барамын.

Әкем даусы қоңырлап шықты.

Ауылдың қағынды келгір қатындарының айтқаны айдай келмей тұра ма? Бұл жеңгеміз де құтаймады. Өлген күйеуіне ас берген соң көп кешікпеді. Сандығын есік көзіне шығарды. Үстіне көрпе-жастығын жинады. Сосын жатып-тұрып ақсап әкемнің жанына жетті. – Қайным, қалың елді қақ жарып өзің алып келіп ең,- деді нығыздап. – Дәм-тұзымыз жарасар емес. Енді кері өзің апарып сал. Жөні сол ғой. Мен де абыроймен қайтайын.

Атам көлеңкеде шалғы орақ шыңдап отырған.

– Шапқан шөпті әкеле қояйық десем осы арба әрлі-берлі қатын тасудан бір босамады,- деді күйіп кетіп. – Бар шөмеле күннің астында жатыр. Қурап қалатын болды!

Жазған құлда шаршау бар ма? Әкем жүкті тиеп, жанына жеңгесін отырғызып енді қозғала бергенде… Ағамыз үйден атып шыққан.

– Әу, тоқтаңдар. Бір кесесі қалып қойыпты. Мә, мойныма қарыз болар…

Содан бері небір заман аунап ақты. Бәрі де пәни дүниеден жүзін аударған. Тек ара-тұра қара жолдың бойында іздік шаң көтеріп кетіп бара жатқан біреуді көрсем… «Ауылдас аға емес пе?» деп елеңдеп қаламын. Шайқы адам еді, жарықтық. Жіп-жіңішке даусы құлағыма келеді.

– Шикін-ай!..

Көрші шешей

Қызылшақа күн еңкейе берді. Көкжиекке еріп сіңер. Аптаптың пәті қайтыпты. Кешкі саумал ауа тынысты кеңейтті. Есік көзіне шықтым. Ермек жоқ. Көрші шешей көлеңке бетке жайғасыпты. Бет-ауызы бір уыс қара кемпір. Жаулығын қат-қабат орап алып, үкідей үрпиеді де отырады. Сөз ләмі бөлек. Қылығы қызық. Әлде құлақтан қалған соң ба? Естелік емеді. Кешегі әңгіменің сөнбей қалған шоғын бүгін көсейді.

– Сәлем бердік,- деймін ұзынша орындыққа отырып жатып. – Бала-шаға қалай, шеше?

– Е, жүр. Бала қызметте. Келін үйде. Қызым доктор ғой. Жұмысы мазасыз.

– Жараған.

– Әлгінде саған укол салам. Қаның тасып тұр. Құлағың содан шыңылдайды дейд. Қой, дедім қызға. Кәрі адамда таситын қан қайдан қалсын. Бар-жоғы бір қасық шығар.

Еріксіз күлем. Қылығы қызық. Әлсін-әлсін қос құлағын бағады. Қай құлағы шыңылдаса, сол жақ көзін сығырайтып, ернін бүрістіріп тыңдайды кеп. Сосын сөйлеп қоя береді.

– Шеше, содан атамыз мол кетті ме? – деймін дауыстап. Кеше үзілген әңгіменің жалғасын дәметкен түрім.

– Е, бала таппадың деп торсаңдап біраз жүрді,- дейді үкідей үрпиіп.  – Бермесе немді табамын? Бұзаубас бір шарананы қимады ғой.

Соны айтып жүзіме сығырайып қарайды кеп. Өз-өзімнен қысыламын. Кәрі адамның құпиясын қозғап… Қатып қалған шерін жібітіп… Қой, болмас. Орнымнан тұрғым кеп құйрығымды жыбырлатамын.

– Асықпа. Кешкі саумал ауаны қарашы. Аңқаңды ашқандай. Қызығы алда. Китап жазсаң аздық етер…

Сөздің аштығы өтіп кеткен жазған басым. Қайтадан зейін тіктеймін.

– Кешке айттым ба, жоқ па, қыз алар киімін қапқа салып қойған екен. Бір кеште атына  мінді де: «Ал, Ағила, айыпқа бұйырма. Аман бол»- десін. Әй, артына бір қайырылып  қарамады-ау. Мұндай қатты болар ма? Қайтейін бұзаубас бір шарананы қимаған соң. «Алған бетіңнен жарылқасын» дедім.  Қатын – қанжығада. Тапқан шығарсың…

Соны айтты да оң құлағын кимешегінен босатып, көзін сығырайтты. Ернін бүрістіріп, бас изейді.

– Аллеке, өлімнен хабарым бар. Өзің ғой алмай отырған,- деп сайрап қоя берді.- Қу жанымды аяп отырған мен жоқ. Шалымның қасына барып жата қалайын. Жанында әжептәуір  орын бар…

Шешейдің кәнігі сөзіне қанықпын.

– Алла ғой,- дейді жайбарақат. – Пәндесін әлсін-әлсін тексеріп тұрады дейді. О дүниеден хабары бар ма, жоқ па деп. Есеп үшін керек шығар. Солай, балам. Құлағың шыңылдамай ма?

– Әзірге жоқ.

– Е, жассыңдар. Асықпа, әлі шыңылдар.

– Атамыз алыс сапардан қашан оралды?

– Хат жоқ, қара қағаз жоқ үш жыл жүрді. Естіп жаттым. Тырп етпедім. Ел аспапты. Көрші ауылға барыпты. Шөпшілер қосынында аспаз боп жүретін әлгі Жамиға бар ғой… Сен қайдан білейін деп едің, соны алыпты.

– Ым.

– Атаң өзі салқамсоқ. Аздаған әнші еді. Картаны қуып жүріп ойнайтын. Не айтып кеттім, е, оралды ғой. Қоқанның салықшылары құсап. Кешқұрым атынан домалап түсіп жатыр. Қойнынан шығарып кішкене сәбиді қолыма ұстатты. Періште ғой. Қарны ашқан. Омырауымды иіскелейді.

Соны айтты да сол құлағын кимешегінен босатып, көзін сығырайтты. Ернін бүрістіріп, бұ жолы бас шайқайды.

– Әй, Жамиға, тағы мені жамандап жатсың ба? Шалабыңды шайқама,- деп сайрап қоя берді. – Аузымды көп қыздырма. Осы бар ғой…

Шешейдің кәнігі сөзіне қанықпын.

– Көрші ауылдағы Жамиға шығар. Мені қарақаттамаса отыра алмайтын көрінеді. Басқа кім қалды дейсің?

– Оған қайта алғыс айтпайсыз ба?

– Не үшін?

– Бала тауып берді.

– Шалым болмаса көрер ем. Күлге аунап туып па? Балпанақтай етіп. Тіпті, өзіме тарт-қан. Аулақ! Байы бар, бір табын баласы бар дейд. Менің жалғыз қарғама қарап қап па?

Шешемнің бір уыс бетіне тиіп-қашып қызыл жүгірді. Сосын үкідей үрпиген жаулығын бір қозғап қойды. Пияз қабығындай болса да үстемдігіне сенген жанның кейпі.

– Сен де бір айтпасты айттыратын неме екенсің,- дейді  көрші шешем енді мені жазғырып. – Ол қайтып оралғанда мына мен де… Қисық аяққа қызыл кебіс кие қоям деп… Ішім әжептәуір дөңгеленіп қалған. Әлгі доктор қыз ғой. Жұмысы мазасыз.

– Ойбай, шеше, оныңыз не?- деппін сасқаннан. Даусым қатты шығып кетсе керек. Бетіме бағжаң етіп бір қарады да отыра берді. – Қайтейін, – деді әлден уақытта терең күрсініп. – Бұқасы басқа болғанмен, бұзауы сенікі. Үндеме дедім шалға. Үндеме!

– Ым.

– Ойдан-қырдан құралды деме, шырағым. Қатықтай ұйып отырған бір қауым елміз. Ибай, екеуі қоса шыңылдап кетті,- деп асып-сасып құлағына жармасты. – Әй, жүзқара, жағаласпай қоя тұр дедім. Аллеке, өлімнен хабарым бар. Өзің ғой…

– Мамам үйде ме? – дейді баласы аула ішінен. Қызметтен келген беті де.

– Сотовой телефонында маза жоқ. Отыр ғой, – деп келіні сыңғыр етіп күлді.

Саумал ауаны сауып тұрған кеш-құрым еді. Көз алдымнан көп сурет көшеді. Керіліп түскен кемпірқосақ елестейді. Қызыл, сары, көк… Бәрін бір доғаның бойына қосақтап  қойған құдіреттің күшін  айтсаңшы!

 

Жыр-шашу

Тереңдік

Кең әлемге қазағымды танытқан,

Дара туған тума талант жарық таң.

Шуақ төгіп адамзатқа ой салып,

Сөз маржанын дариядай ағылтқан.

«Рахымжан» деп өз қолымен қол қойып,

Бабалардың ізгі жолын жаңғыртқан,

Сүйсінбессің қалай дарын тұлғаға,

Ақын болсаң тереңдікке құмартқан!

 

Тағдыр қинап сынаса да қаншама,

Басын бұғып қалмастан ол тасада.

Пана қылып жалғыз ғана Тәңірді,

Көкжал селді ағыстарды қарсы ала

Сескенбестен дауылдардан қайсар ұл,

Алға тартып «ұлтым» деген ой-сана.

Мәңгілікке соға білген ескерткіш,

Сұлулыққа қарау үшін тамсана!

 

Хас өнерден көтерген көк күмбезді,

Тылсым жұмбақ әлемдей ғой бір өзі.

Қуанасың ойларына даналық,

Елестеткен буырқанған теңізді.

Шақырады ерліктерге ізгі ісі,

Тану үшін дауылдарда өзіңді,

Ұғу үшін асқақ арман сезімді!

Лұқпан Бегалы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз