«ЖАЛЫН» — жастарға арналған жаңа жоба
Қазіргі уақытта қандай бір саланың түйіткілді мәселесін шешіп, өзгеріс жасағысы келетін жастар үшін көптеген қолдаулар бар. Соның бірі – өңір жастарына тұлға ретінде қалыптасып, өз идеяларын жүзеге асыруға толыққанды қолдау көрсететін «Жалын» жобасы.
Аталмыш жоба аясында оқушылар қоғамдық мәселені шешу үшін әлеуметтік жобаларын іске асыруда. Олар қоршаған ортаны ластанудан сақтау, таза ұстап, қорғау мақсатында «Тазалық – табалдырықтан басталады», «Мейірбандылық – жүректен, қайырымдылық – білектен» жобалары бойынша мектеп ауласына сенбілік жұмыстарын жүргізіп, қоқыстан тазартып, ағаштарға су құйды.
Әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандарды да ескерусіз қалдырмады. Жалғызбасты, мұқтаж адамдарға жәрдемдесу мақсатында Құлсары қаласының тұрғындары — Марат қария мен Бибатима әжейдің үйлеріне барып көмек көрсетті.
Ауласын ретке келтіріп, тазалық жұмыстарын жүргізді. Бұған риза болған қарттар оларға алғысын білдіріп, батасын берді. Одан бөлек, «Кішіге көмек» акциясы ұйымдастырылды. Қатысушылар “Позитив” жобасы шеңберінде қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, түрлі-түсті шарлар мен тәттілерді таратты.
— Көптеген балалар тренинг барысында игерген білімдері нәтижесінде әлеуметтік жобаларды ұйымдастырды. Үлкен кісілердің алғысын алған өрендер ерікті болу – еріккеннің ермегі емесін түсініп, жанында жүрген адамдарға жақсылық жасаудың ғанибет екенін ұғынды. Жалпы мұндай жобалардың еліміздің ертеңі – бүгінгі балалардың қоғамға қажеттілігін сезінуіне септесері сөзсіз, — дейді оның жетекшілерінің бірі Майра Таңбаева.
Мәдина НӨКЕН, 7- сынып оқушысы, ерікті:
— «Жалын» жобасына қатысу арқылы өзіме керекті көптеген адами құндылықтарға қанықтым. Ең бастысы, қоғам алдындағы жауапкершіліктің маңыздылығын, жүгі жеңіл болмайтынын ұғындым. Тренинг барысында эмоцияларды басқара білуді, жаманнан жиреніп, жақсыға үйір болуды үйрендім. Өмірлік ұстанымымды айқындап, адамдық пен айнымауға дағдыландым. Жалпы мен үшін де, жанымдағы жолдас-достарыма да «Жалынның» жәрдемі мол болғанын жасырмаймын.
Қазірде жобаның бағдарламалық жоспарына сәйкес, Құлсары қаласының бірнеше мектебінде екінші кезең бойынша оқыту жұмыстары аяқталған. Бұл кезеңдегі дәрістерге барлығы 600 қатысушы қатысыпты. Енді келесі кезеңге дайындық шаралары жүргізілуде. Осылайша, жыл соңына дейін «Жалын» жобасы аясында 900-ден астам оқушы оқытылып, олардың бәріне арнайы сертификат беріледі. Айта кету керек, жоба облыстық білім беру басқармасы мен «Жүректен — жүрекке» қоғамдық қорының өзара серіктестік меморандумы негізінде, «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржыландыруымен іске асуда.
Дәулетқали АРУЕВ