«Бұл – жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық дәстүрінің жалғасы» дейді Тілекқабыл Бимағамбетов

20171003162245 Жаңалықтар

Atr.kz/26 маусым, 2019 жыл. «Соңғы кезде қазақстандықтардың басым бөлігін толғандыратын мәселенің бірі отбасылық табыстың төмендігі, күнкөріс деңгейінің нашарлауы. Әсіресе, бұл көпбалалы, әлеуметтік жағынан қамқорлыққа зәру жандардың тірлігінен анық байқалады» деді Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Тілекқабыл Бимағамбетов Atr.kz-ге берген сұхбатында.

 «Қала мен ауылдарда тұратын осы санаттағы жанұялардың көпшілігі отбасылық қуаныштарын атап өтуге, тұрғын үйлерін жөндетуге, жиһаздарын жаңғыртуға, немесе денсаулығында кінәраты бар адамдардың емделуіне де екінші деңгейлі банктерден несие алуды әдетке айналдырғанына да біраз уақыт болды. Әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтардың арасындағы ауыр өмірлік жағдайда қалған отбасылардың банктерден алған несиелерін кешіруді тапсырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың батыл қадамын естіп, қуанып қалдым.

Себебі, барлық деңгейдегі ардагерлер ұйымдарына да осындай қиын тағдырлы адамдар бас сұғып, көмек қолын созудың мүмкіндіктерін сұрап келіп жатады. Президент осы жағдайды ескере келіп, Үкіметке бір жолғы тәртіптен екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарында кепілзатсыз тұтынушылық қарыздар бойынша берешекті өтеу шараларын қабылдап, арнайы Жарлыққа қол қоюы – айлығы шайлығына бірде жетсе, бірде жетпей, қиналып жүрген әлсіз топтағы отбасыларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан нақты көмек деп түсінген дұрыс» деді ол.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз