ЖҮЗАРАЛ ЖЕРІНІҢ ШЕЖІРЕСІН ЖЫРЛАҒАН
1959 жылы Рахмет Иманғалиев өзінің туған жері Құрманғазы ауданына келіп, төрт жылдай білім беру мекемелерінде жасайды, аудандық пионерлер үйінде директор болады. 1963 жылы ол таза журналистік қызметке көшеді. 1970 жылға дейін аудандық «Ленин жолы» (қазіргі «Серпер») газетінде бөлім меңгерушісі болады. 1970 жылдың маусым айында Рахмет Иманғалиев облыстық партия комитетінің тікелей ұсынуымен Атырау облыстық «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Атырау») газетінің Еділ-Жайық арасын, Нарын даласы мен Азғыр өңірін тұтастай қамтитын меншікті тілшісі қызметіне бекітіледі. Бұған қоса 1972 жылдың тамыз айында Рахметке көрші Астрахан облысының қазақтар көп тұратын Володар, Красный Яр және Харабалинск аудандарын қамтитын тілшілік қызмет міндеттеледі. Ал, 1977 жылы үшінші мәрте қайтадан шаңырақ көтерген Новобогат (Исатай) ауданын тұрақты қамтитын меншікті тілшісі болып ресми жағдайда көрсетілген бұйрық беріледі. Бір адамға қаншалықты көлемде міндет жүктелгенін енді айқын сезінуге болар.
Рахмет Иманғалиев жасының егде тартқанына қарамастан жоғарыда аталған қызметтерін 2009 жылға дейін жемісті жағдайда атқарады. Ол аталған өңірлердің экономикалық-әлеуметтік тыныс-тіршілігінен, елдің, жердің тарихынан, асыл перзенттері мен айтулы адамдарының өмірінен, алуан сырлы оқиғалардан талай-талай тартымды дүниелерді тудырды. Соның нәтижесінде автордың көркем әдеби, тарихи танымдық тақырыптарда жеке 20 кітабы жарық көріп отыр.
Оның жазушылық қызметін өз алдына жеке бір әлем деп қарауға да болады. 1968 жылы Алматының «Жазушы» баспасынан республика жас жазушыларының «Бәйшешек» атты прозалық шығармалардың жинағы жарық көрді. Алматының «Жазушы», «Жалын», «Қайнар», «Қазақстан» баспаларынан «Мың тарау», «Жастық жоғалмайды», «Бір ауылдың түлектері», «Қарашаның суығы» атты жеке кітаптары әр жылдарда басылып шықты. «Бауырластар», «Алғысқа бөленгендер», «Ауыл ажары», «Тыныштық күзетінде», «Ленин деп халық жырлайды», «Атырау айдыны» атты авторлар жинақтарына енгізілген шығармалары – бір төбе дүниелер.
Балалар өмірінен жазған «Суық хабар» әңгімесі 1965 жылы республикалық конкурста үшінші жүлдеге ие болды. «Іздер» деп аталатын повесі Қазақ ССР ІІМ жариялаған конкурста таңдаулы шығармалар қатарында болып, Қазақ ССР ішкі істер министрлігінің белгіленген байрағы мен арнаулы дипломын алады. Ауыл еңбеккерлері жайында жазылған көркем очерктері «Қазақстанның ауыл шаруашылығы» журналының он шақты сандарында әр жылдарда басылғанын айтқан артық емес. Рахмет қаламынан ылғи да талғамы терең, ойы тұнық, сырға бай, ұсынар ұлағаты ұстамды, меңзейтіні ой-пікірі ұнамды, әрі ұтымды дәрежедегі туындылар қағаз бетіне түсетінін айтсақ, артық кетпеспіз деп ойладық. Соған орай бұл кісінің туындылары лайықты бағасын алып отырды. 1980 жылы Рахмет Иманғалиев Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты атанды. 1983 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері құрметті атағы берілді. Мұндай атақ ауылда жүрген қарапайым журналистер тобының арасынан Атырау облысы бойынша біреуі де бірегейі болды. Бұл кісіден кейін мұндай құрметті атаққа ие болған журналистер облысымызда жоқ.
Рахмет Иманғалиев шығармашылығының тағы бір ажарлы көрінісі Еділ-Жайық арасынан тарихи тақырыпты мол қамтып, үзбей жазып отыруы еді. Жүзарал жерінің сонау Асан қайғы заманынан бергі шежіресінен, Бөкей ордасының тарихынан, туған жердің асыл перзенттері өмірінен, бірқатар тарихи оқиғалардан құнды деректерге толы жазбаларын қағазға түсірді. Автор осы жазбаларын бір желіге сабақтастырып, «Нарын — шежіре» атты бес томдық кітаптарын жарыққа шығарды. Келер ұрпақтың қолына тиер туған жердің шежіресі жасалды. Сөйтіп, ол бүгінгі жас журналистерге үлгі-өнеге болып келеді. Біздер, жастар осы Рахаңа қарап, таңданамыз да, тамсанамыз. Оған бүгінгідей мерейлі сәтте толағай шығармашылық табыстар тілейміз.
Азамат БАЗАРБАЕВ.