Атырауда мұқтаж жандар үшін тегін азық-түлік сөресі қойылды (+ФОТО)

1838 9 Жаңалықтар

Аtr.kz/27 сәуір, 2019 жыл. Бүгін Атыраудағы СМП-163 ауданында орналасқан «Лидер» көтермемаркетіне қайырымдылық сөресі қойылды.

Сөре мұқтаж жандарға қызмет көрсететін болады. «Нұрай» қайырымдылық қоры және «АсуҮміт» қайырымдылық қоры, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті бірлескен үшжақты жоба аясында осылайша Атырау қаласы бойынша 7 – 8 сауда нүктесінде қайырымдылық сөрелері қойылады.

«Біздің мақсатымыз – қасиетті Рамазан айы қарсаңында жұртшылықты қайырымдылық істерге үндеу. «Лидер» әмбебап маркеті желісінің клиенттері отбасына азық алып тұрып, осы сөреге кез-келген тағам түрін қойып кете алады. Бұл жерден кез келген уақытта мұқтаж жандар азық-түлік ала алады» дейді «Нұрай» қайырымдылық қорының жетекшісі Болатбек Қоңырбаев.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұров қайырымдылық бағытындағы азық-түлік сөресінің ашылу рәсіміне құрметті қонақ ретінде қатысып, игі бастамаға қолдау білдірді.

«Қоғамдағы мұқтаж жандар кейде үйіне тиісті азық ала алмай қалады. Осындайда бұл жерге келіп, ол азаматтар керегін ала алады. Бұл игілікке атсалысушылар, яғни өз қалауымен садақа жасаушылар өзіне және отбасы үшін сауап арқалайды. Адам баласы таңнан кешке дейін садақа жасауы керек екен. Ол буын садақасы, сөз садақасы, қаражат садақасы болуы да мүмкін. Асылында, садақа адамды жетпіс түрлі пәледен сақтайды» деген Бас имам Батыржан Мансұров барша азаматтарды сауапты амал жасауға шақырды.

Қайырымдылық сөресін ұйымдастыру идеясының авторы – ресми шараға Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Серік Қамидолла мұқтаж жандардың қашанда басты назарда болатынын айтты. «Халқымызда жетім көрсең, жебей жүр деген сөз бар. Бұл сөре мұқтаж жандардың тұрмысын аз да болса жеңілдетеді деп сенеміз» деді ол.

Шара барысында Атырау қалалық Құспан молла мешітінің бас имамы Эммат Ғұмаров жұртшылықты рақымды Рамазан айымен құттықтады. Сондай ақ, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті өкілдері мен «Асу Үміт» қайырымдылық қоры еріктілері өз пікірлерін ортаға салды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Фото: «islam-atyrau.kz»

1838 10
1838 11 1
1838 12
1838 1
1838
1838 6
1838 7
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз