Сапасыз құрылыс салдары

d72c8d25 9787 4155 a03a d0373dad06ff Қоғам

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде республикамызда таяудағы үш жылда жалпы ауданы 143 млн. шаршы метр тұрғын алаңды пайдалануға беру жоспарланған. Соның есебінен Қазақстанда барлығы 236,7 мың отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартып, баспаналы болу мәселесін шешудің мүмкіндігі тумақ. Осы кезеңде өндірістік ғимараттар мен әлеуметтік нысандардың қатары да айтарлықтай көбейеді.  Осыған орай құрылыс жұмыстарының көлемі едәуір ұлғайып, сонымен байланысты шамамен 500 мың жаңа жұмыс орны ашылады деген болжам бар.

Әрине, мұны құптарлық қадам, жақсылықтың нышаны, кемел келешектің кепілі ретінде бағалаймыз. Десек те, бұл салада кемшіліктер мен олқы тұстардың да табылатынын және олардың аз еместігін ашық айтқанымыз ләзім. Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкиннің шаһарда салынып жатқан нысандардың құрылысын жүргізуші мердігер, авторлық және техникалық қадағалаушы мекемелердің өкілдерімен кездесуіндегі келелі әңгімеге де осы төңіректегі өзекті жайлар арқау болды.

Шатырмен бірге желге ұшқан ақша

– Қала басшылығына тағайындалған айдан астам мезгілде бұл бағыттағы біраз жайларға қанықтым. Шаһардағы шағынаудандар мен ауылдық елді мекендер тұрғындарымен жүздесулер кезінде, құрылыс нысандарын аралау барысында көптеген «әттеген-ай!» дегізер жағдайлардың куәсі болдым. Сөзімнің растығын дәлелдеу үшін келтірер мысалдарым да жеткілікті.

Өздеріңізге мәлім, биылғы шілде айында қала аумағындағы Талғайраң шағынауданында қатты соққан өкпек желдің салдарынан  осыдан төрт жыл бұрын ғана пайдалануға берілген 3 тұрғын үйдің төбешатыры ұшып кетті. Қабырғалары қарс айырылып құлап, тұрғындары күтпеген жерден баспанасыз қалды. Бұған құрылысты жүргізген «АзияСтройСервис» ЖШС мен құрылыс сапасын қадағалаушы техникалық бақылаушы Мырзабек Әбдешов кінәлі деп танылып, оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту шаралары қарастырылуда. Осы тұста мердігер мен қадағалаушы тараптың «Үш жыл кепілдік мерзімі аяқталды, сондықтан  салдары үшін жауапты емеспіз» деуі ақылға сыйымсыз. Сонда пайдалануға берілген сәтінен бастап санағанда бұл нысанның жарамдылық мерзімі 5 жыл ғана ма деген ойға қаласыз. Бұл әрине, жөнсіз әрі жосықсыз. Ал, тұрғындар болса, олардың жауапсыздығының салдарынан немесе кінәсінен зардап шегуде, – деді Шәкір Кейкінұлы.

Оның айтуынша, осындай қиын шақта қалалық әкімдік қол қусырып қарап отырмай, қолынан келген шарасын алып, көмегін көрсетуде. Атап айтқанда, шаһар басшылығының ұйытқы болуымен, кәсіпкерлердің қаржылай демеушілігімен жөндеу жұмыстары (қаржылай сомасы 18 млн. теңгені құрайды) жүргізіліп, бүлінген дүние қалпына келтірілді. Дегенмен осымен іс бітті деуден аулақпыз.  Өйткені, әкімдік жауапты тараптардың жауапсыздығынан болған олқылықтың орнын толтырып, бейнелеп айтқанда «біреудің жыртығын жамап» отыруға тиісті емес. Тіпті сотқа берген уақытта да олар сол мерзімді алға тартып, жауапкершіліктен жалтарып, «жеңіл жолмен» құтылып кетуге дағдыланған. Бұдан былай мұндайға жол берілмей, қайткенде де кемшілікке кінәлілер жауапкершілікке тартылып, жазасын алғаны дұрыс.

Білгеніміздей, бүгінгі таңда Талғайраңда осындай бір және екі қатарлы үйдің 80-і бар екен. Ертелі-кеш олардан да ақау табылып, «сыр беріп» қалмасына кім кепіл? Тегінде сапасыз, қалай болса солай салынған үйдің табиғаттың тосын мінез танытуынан әлгіндей жағдайға ұшырамасына  ешкім кепілдік бере алмайды. Қайткен күнде де қатаң қадағалау мен байыпты бақылау жоқ жерде құрылыстың да оңбайтынын осыдан-ақ аңғару қиын емес.

b229ce9a 637d 4f49 9692 8fa52867a44b

Көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап…

Атырау қаласында бой көтерген әлеуметтік маңызы бар нысандардың бірі – BINOM мектептері. Атырау қаласында жаңа тұрпаттағы білім ордасының тағы екеуін салу жоспарланып отыр. Аталған білім ұялары жоспар бойынша жаңа оқу жылында пайдалануға берілуі керек. Өкінішке қарай жауапкершіліктің төмендігінен бұл нысандарда инженерлік инфрақұрылымдар жүргізу жұмыстары мерзімінен кешіктірілуде. Байқасақ, мердігер кәсіпорын «Арай құрылыс» ЖШС  (бас кеңсесі Алматы қаласында орналасқан) өзінің күш-мүмкіндігіне қарамастан тендерге қатысып, еліміздің бірнеше өңірінен осындай жобаның бірнешеуін ұтып алған.  Оның үстіне, серіктестіктің Атыраудағы филиалының басшылығына құрылыстан ешқандай тәжірибесі жоқ жергілікті азаматша тағайындалған. Ал, мұндай құрылыстың қыры мен сырын білмейтін басшыдан қандай нәтиже күтуге болады? Тіпті, оңтүстік астанадан бірде-бір басшы келіп, Атыраудағы құрылыс нысандарын көздерімен көрмеген, құрылыс учаскелерінің басына бармаған. Осындағылардың берген ақпарына ғана құлақ түріп, місе тұтып, айына бір, кейде екі рет мамандарын жіберумен ғана шектелген.

– Егер серіктестіктің берген уәдесіне сенсек, бірінші қыркүйекте BINOM білім ошағы шәкірттерге есігін ашпай қалуы да мүмкін еді. Әйтеуір әкімдіктің араласуымен бұл мәселе де оң шешімін тауып отыр. Алайда, кемшілікке жол берген мердігер мекеме мен техникалық қадағалаушы ұйым мамандары жауапкершіліктен құтылмайды. Шынын айтқанда, құрылыс нысандарында жүрген барлық техникалық байқаушылар дерлік жауапкершіліктен тайқып кететін  жалдамалы мамандар десем артық айтпаған болар едім, – деп жалғады сөзін қала әкімі.

08081da5 e4dc 4961 bb0a 45711edee8e0

Сәні кеткен саябақ, жолы бітпеген аула

Шаһар басшысы мердігер тараптың жауапсыздығынан, қадағалаудың осалдығы мен бақылаудың жоқтығынан орын алған өзге де кемшіліктерге тоқталды. Соның ішінде НСОС компаниясының демеушілігімен абаттандырылған жағалаудағы демалыс орнындағы келеңсіздіктерді сынға алды. Жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге арналған жолдардың бетіндегі ойылып кеткен төсемтастар, гүлзарлардың сыртындағы сынған мәрмәр тастар, көлеңкелеп отыратын орындықтардың түсіп қалған белдіктері, тағы басқа сиқын кетірген көріністер осында саялап келген тұрғындардың орынды ренішін туғызуда. Осы секілді жағдай шаһардағы саябақтарға да тән екенін әкімнің әңгімесінен білдік. Бұл жайында әлденеше рет айтылып, ескертілгенімен құрылысшылар қателіктерін түзетіп, қорытынды шығаруға асығар емес. Бейнелеп айтқанда, «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалып отыр.

Осыған ұқсас мысалдарды қаланың басқа аумақтарынан да келтіруге болады. Нақтылай кетсек, М.Баймұқанов көшесіндегі көпқабатты үйлер ауласындағы автокөлік және жаяу жүргінші жолдарының құрылысы аяқталмай жатып, сапасыздығынан тұрғындардың сынына ұшырауда. Сол сияқты, осындай жағдайдың қала аумағындағы Томарлы, Кеңөзек, Балауса, Мирас шағынаудандарындағы инфрақұрылымдар құрылысына да тән болып шықты. Вокзал маңы шағынауданындағы С.Мұқашев көшесіндегі субұрқақтың да сапасыз салынғаны әудем жерден көзге шалынады.

Жосықсыз мердігер, бейтарап байқаушы

Бүгінде күрделі жөндеуден өтіп жатқан қаладағы бес мектептің де жаңа оқу жылына дайын болмайтын түрі бар. Әсіресе, Балықшыдағы Ә.Жангелдин атындағы мектептің алдындағы қысы-жазы құрғамайтын жолдың кесірінен оқушылардың білім ордасына кіре алмай қалар қаупі жоқ емес. Одан бөлек, Ақжар ауылында орналасқан С.Датов атындағы орта мектебіне су жеткізу мәселесі қиындық келтіруде. Сондай-ақ қаланың «Самал» ықшамауданындағы жарығы жоқ бағаналар, басқа да толып жатқан күрмеуі көп күрделі мәселелер. Мұның  бәрін көзімен көріп, куәсі болған шаһар басшысы Шәкір Кейкин ендігі жерде мұндай бассыздыққа жол берілмейтінін, сол үшін де барынша қатаң шаралар алынатынын қаперледі.

Сайып келгенде, жөнсіздікке себепші болып, сапасыз құрылыстардың көбеюіне бірден-бір кінәлі деп саналып отырған жосықсыз мердігерлер, өздері басқа қалада отырып, осындағы нысандардың нобайын сызатын жобалаушылар, айына демей-ақ қояйық, жарты немесе бір жылда құрылыс басынан жылт етіп бір көрініп, мемлекеттік қабылдау кезінде «бәрі дұрыс» деп қолын қойып, мөрін басуға дағдыланған техникалық қадағалау қызметін жүзеге асыратын бейтарап байқаушылар. Міне, осыларды тезге салып, айтылған сын-ескертпелерден тиісінше қорытынды шығарып, мінін түзетпейтін болса, олардан тезірек құтылудың амалын ойластырып, мәселені біржақты ететін мезгіл жетті. Қала әкімінің қорытынды сөзі, әңгімесінің түйіні осы болды.

Жиында шаһар басшысынан кейін сөз алған қала прокуроры Руслан Айтимов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Жәнібек Қаражанов, экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Мэлс Ақылбаев та жоғарыда баяндалған жайдың айна-қатесіз шындыққа жанасатынын растап, айтылған ұсыныс-пікірді толығымен қостады. Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Рүстем Түсіпберген мен тексеру комиссиясының  мүшесі Аслан Құмаров та өз ойларымен ортақтасты.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз