ЖҮЙРІКТЕН ЖҮЙРІК ОЗАР…
Ғылыми жобалар сайысына қатысқан 18 оқушы түгелдей жүлдегер атанды. Атап өтер болсақ, олар – П.Қанатов, Ж.Өмірбекова, Ж.Бимұрза, Е.Нәбидолла — жүлделі бірінші, М.Ғарифоллина, Е.Оңдасынов, А.Несіпқалиев, А.Ақас, Н.Амангелдиева, Қ.Зинолла — жүлделі екінші, Т.Жантілеуова, Н.Тәжіғалиева, Н.Рысқалиева, Н.Сұлтанғалиева, А.Жолдыбаева, Қ.Нұрғали, А.Зинетова, А.Жақсығали жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Тестілік бақылау қорытындысында 164 оқушы арасынан ең жоғары көрсеткіш — 110 ұпай жинаған Парасат Қанатов гимназия мұғалімдері үшін үлкен мақтаныш болды.
«Мақсат айқын болса, болашақ жарқын болады,» — дейді Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев. Расында, дарынды, қабілетті балалардың озық идеялары еліміздің экономикасына, мәдениетіне, әдебиетіне өз үлестерін қосары сөзсіз. Дарынды оқушыларды облысымыздың түкпір-түкпірінен жинап, ғылымға ынталандырған гимназияның «Мирас» ғылыми қоғамының атқарған жұмыстарына да, гимназия ұстаздарының қажырлы еңбектеріне де біздер, ата-аналар ұжымы, зор алғысымызды білдіреміз. Осының бәріне басшылық жасап, шәкірттердің ғылыми ізденісіне бағыт-бағдар беріп отырған гимназия директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрлыбек Ғилажұлы Даумовтың да еңбегі ерекше.
Оқушылар еңбегін сарапқа салған комиссия мүшелері ең өзекті зерттеудің, ізденудің нәтижесін көрсете білген Е.Нәбидолланың «Атырау өңірі климатының өзгеруіне антропогендік факторлардың әсері», П.Қанатовтың «Қазіргі қазақ тіліндегі қимылдың өту сипаты категориясы», Ж.Өмірбекованың, Ж.Бимұрза зерттеген «Әлем елдері және Қазақстан Республикасының балалар еңбегі құқығының қорғалу аспектілері», А.Ақастың «XX ғасырдағы 30-50 жылдардағы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған мұғалімдер», Н.Амангелдиеваның «Энергия үнемдеудегі трансформаторлардың электрофизикалық параметрлерін анықтау», Қ.Зинолланың «Сандық әдістерді практикада қолданудың жолдары», М.Ғарифоллинаның «Ракета отындарының физика-химиялық қасиеттерін жаңарту үшін қосындар синтезі» жұмыстарын жоғары бағалап, республикаға ұсынды.
Алдағы уақытта да жас ғалым, жас дарындарға тек қана сәттіліктер тілейміз.
Ардақ ҚҰСАЙЫН,
облыстық ұлттық
гимназияның ата-аналар комитетінің мүшесі.