Жеті жасымнан жылқы баққанмын…

Қазіргі Исатай ауданының Қаратүбек деген жерінде 1935 жылы дүниеге келіп, бүкіл саналы ғұмырымда ауыл шаруашылығы саласында 50 жылдай адал еңбек еттім.

Менің  әкем Шапат деген кісі  де інілері  Ізмұхан, Қошахан  деген көкелеріммен  бірге сол кездегі  «Гурьев» кеңшарының  700-800-дей  жылқысын  бақты. 1940 жылдан бастап сол жылқылардың ішінен іріктеп, ең мықтыларын 15-20 күн сайын  Доссорға әскери  бөлімге жеткізетіні есімде.

Мен де әкемнің  қасында  Сағыз өзенінің бойына жеті-сегіз жасымнан жылқы бағыстым. Қазір ойлап  отырсам, соғыс жылдарында әскерге  жауынгер  дайындаған  екенмін. Жеті-сегіз жасымнан  кейде жалғыз, кейде сол кезде  18-20 жастағы  Мақта деген апаммен бірге  10-12 сағаттай  аттан түспей, жылқы соңында жүретінбіз. Аяғымда түйенің  терісінен тігілген  шарық, үстімде қойдың  терісінен  иленген тон, кейде қойдың жабағысынан  шиден тігіп береді, оның сыртын  табылса    алашамен қаптаса ұядай  болатын.  Басымда – түлкі  бөрік. Тамағымыз – қуырылған тары мен бидай. Қысы-жазы қымыз  үзілмейді. Бірақ, жоғарыда жаз-ғанымдай, соғыс  жылдарында  жылқы  сойғызбады. Оның үстіне нан да болмайтын.

Ортасын пешпен  бөлген бір жертөледе екі-үш отбасы  бірге тұрып, бір дастарханнан тамақ ішетін. Отын дегенде    даладан шауып әкелген  шағыр мен жусан.

Айтпақшы, қазақ «жау жағадан алғанда,  бөрі етектен тартады» деп дұрыс  айтқан ғой.  Соғыс жылдарында  Сағыз  өзенінің  бойында  қасқыр 30-40-тан  үйір болып жортып жүретін. Қан көрсе, көздері қанталап, мүлдем құтырынып кететіні есімде.

Өзімнің құрдасым Сапаров Әмір  деген кісі де  соғыс жылдарында анасымен бірге қой бақты. Әкесі інісімен  бірге соғысқа  аттанып, оралмай қалды. Сол құрдасым да соғыс жылдарындағы  барлық қиындықтарды  көзімен көріп, бейнет-тауқыметін   тартты.  Соғыстан кейін  Кеңес Одағы  ыдырап, кеңшарлар  тарағанға дейін үкіметтің малын бақты. Жаман шопан  болған жоқ. Талай мадақтарға, бірқатар  медальдарға ие болды. «Тыл ардагері»  мәртебесі  берілді.

Елінің  дамып-гүлденуі  үшін аянбай еңбек еткен құрдасым, еңбек-тыл ардагері Сапаров Әмір «Қызылқоға  ауданының Құрметті азаматы» деген  атаққа лайықты  екені даусыз  ақиқат. Ел басына  күн туған  қаһарлы   жылдарда  тылда қалған ата-аналарымен, ересектермен  бірдей аянбай  еңбек етіп, Ұлы Жеңісті  жақындатқан,  бүгінде сексеннің сеңгірінен  асқан ардақты азаматтарымызды қадірлей білсек, жас ұрпаққа ұлағатты үлгі-өнеге болмақ.

Мәжит ШАПАТОВ,

тыл ардагері,

Қызылқоға  ауданының Құрметті азаматы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз