Жарнама
Қоғам

Үмітке жол ашқан нәзік жүрек

Атырау өңірінде мүгедектігі бар жандардың құқықтарын қорғап, олардың қоғамға бейімделуіне, шығармашылық пен спорт арқылы өзін-өзі танытуына зор үлес қосып жүрген тұлға – Гүлназ Қосмұрзиева. Ол басқарып отырған «Біз де адамбыз» қоғамдық қоры – бүгінде ерекше қажеттілігі бар жандардың тағдырын түбегейлі өзгертіп, үміт пен сенім ұялата білген ұйым. Қордың негізгі бағыты – инклюзияны дамыту, әлеуметтік теңдік пен белсенді өмір салтын қалыптастыру.

c9133782 5d36 431a be47 24a99f486938

Өзгерісті өзінен бастаған ұйым

​Қор жүзеге асырған басты жобалардың бірі – «Мүгедектігі бар адамдарды тиімді оңалту» бағдарламасы. Бұл кешенді бастама арбаға таңылған, инсульт алған немесе балалар церебралды сал ауруы (ДЦП) диагнозы бар жандардың физикалық, психологиялық және кәсіби тұрғыдан дамуына мүмкіндік береді. Жүзден астам адам спорттық лагерьге қатысып, жүзу, аэробика, оқ ату сияқты жаттығулар арқылы денсаулығын жақсартып, өмірге деген құлшынысын қайта оятты.
​Жоба аясында өткізілген семинарларда өзін-өзі күту, арбада өмір сүру дағдылары, тері күтімі, қозғалыс техникасы сияқты маңызды бағыттар қамтылды. Сонымен қатар, қатысушылар SMM, мобилография, таргетинг сынды заманауи мамандықтарды меңгеріп, кәсіби тұрғыда дамуға мүмкіндік алды.
​Бағдарлама нәтижесінде 70-тен астам адам спорттық лагерьден өтіп, 8 адам халықаралық деңгейдегі реабилитация нұсқаушысы атанды. 10-нан астам қатысушы тұрақты жұмыспен қамтылса, 300-ге жуық адам қоғамға сәтті бейімделді. Сонымен бірге, 15 адамға белсенді типтегі мүгедектік арбасы сыйға тартылып, қозғалыс еркіндігі қамтамасыз етілді.

Ерекше жандардың өнер мекені

​Қор тек спортпен ғана емес, шығармашылық бағытта да зор жұмыс атқарып келеді. «Шекарасыз шығармашылық» жобасы аясында құрылған «Талшын» инклюзивті театры мен вокал, хореография, актерлік шеберлік және арт-терапия бағытындағы үйірмелер – қатысушылардың рухани дүниесін байытып, сахнада өз мүмкіндіктерін еркін көрсетуіне жол ашты.
​– Өнер – бұл ем. Сахнаға шыққан адам өзін жаңа қырынан тани бастайды. Қазір «Талшын» театрында 50-ден астам адам өнер көрсетіп жүр. Олардың арасында алғаш рет көпшілік алдына шыққан жандар да бар. Осы және басқа да бағыттағы жобалар «Теңізшевройл» ЖШС-нің қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқанын да айта кету керек, — дейді Гүлназ Қосмұрзиева.
​Театр «Бір түп алма ағашы», «Күшік күйеу», «Әпке» сынды қойылымдарды сахналап, көрерменнің ықыласына бөленді. Сонымен қатар, театр гастрольдік сапармен Жылыой ауданына барып, ерекше көрермендер алдында өнер көрсетті.
​Қордың тағы бір стратегиялық жобасы – «Кедергісіз Атырау». Бұл бастама арқылы қала мен ауылдағы инфрақұрылым мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделіп, 1000-нан астам нысан тексерілді. Нәтижесінде, 100-ден астам нысанда қолжетімділік жақсартылып, кәсіпкерлер тарапынан пандус, шақыру түймесі секілді құралдар орнатылды.
​Полиция департаментімен бірлесіп, жолдағы қауіпсіздік туралы бейнероликтер түсіріліп, арнайы https://kedergisizatyrau.kz/ сайты іске қосылды. Бұл платформа арқылы тұрғындар инклюзивті инфрақұрылымға қатысты ұсыныс пен шағымдарын жеткізе алады.

Тағдырды тізгіндеген жігер

​Жобаның нақты нәтижесін жеке тағдырлар арқылы да байқауға болады. Соның бірі – Даурен Жәрдемов. 2021 жылы жол апатына түсіп, арбаға таңылған ол, өмірге қайта оралудың қиын жолынан өтті. «Біз де адамбыз» қоры арқылы тиімді оңалту бағдарламасына қатысып, халықаралық деңгейдегі реабилитолог-инструктор сертификатына ие болды. Бүгінде ол – республикалық спартакиаданың жүлдегері, инклюзивті театр әртісі және мотивациялық спикер.
​– Менің бүгінгі өмірім – осы қордың арқасында. Олар маған тек мүмкіндік емес, сенім сыйлады, — дейді Даурен. Дәурен Минск қаласына тәжірибе алмасуға барып келді. Оның басты арманы – халықаралық спорттық жарыстарда ел намысын қорғау.

Өнер мен спорт – өмірдің мәні

​Тағы бір жарқын мысал – арбадағы би бойынша Қазақстан чемпионы, параспортшы, хореограф, спикер – Есболат Балбаев. 27 жасында жол апатынан кейін өмірі күрт өзгерген Есболат алғашқы жылдары үйден шықпай, ауыр күйзелісті бастан кешірген. Алайда ішкі жігерінің, отбасының қолдауы мен қор ұжымының арқасында қайта түлеп, жаңа өмір жолына түсті.

52535437 923b 45ad 8614 c636e37f92c4

Қазір ол республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, бірнеше медаль иеленген. Сонымен қатар, «Талшын» театры сахнасында өнер көрсетіп, инклюзивті орталықтағы би үйірмесін басқарады. «Өнер мен спорт – менің өмірімнің мәні.
​– «Біз де адамбыз» қоры – менің екінші отбасым, — дейді ол.
​Есболат бүгінде жастармен жиі кездесіп, мотивациялық дәрістер оқиды. Сонымен қатар, жаңа фитбол жобасы арқылы мүмкіндігі шектеулі және дені сау жандарды біріктіріп, инклюзияны іс жүзінде жүзеге асырып жүр.

Жаңа көзқарастың авторы

​«Біз де адамбыз» қоғамдық қорының негізін қалаушы әрі жетекшісі Гүлназ Қосмұрзиева – тек ұйымдастырушы ғана емес, әр жобаның идея авторы, менеджері және қатысушысы. Оның бастамасымен жүзеге асқан жобалар жүздеген адамның өмірін өзгертіп, инклюзия ұғымына жаңа серпін берді.
​Оның қоғамдағы белсенді еңбегі мен әлеуметтік жобаларға сіңірген зор үлесі елеусіз қалған жоқ. 2020 жылы Гүлназ Қосмұрзиева Қазақстан Республикасының Президенті атынан берілетін «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Сол жылы-ақ ол ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Жыл волонтері» атанып, тағы бір биік белесті бағындырды. Сонымен қатар, оның жұмысына жергілікті әкімдік, полиция департаменті мен түрлі басқармалар тарапынан да көптеген алғыс хаттар табысталды. Ал 2024 жылы жетекшілік еткен «Тиімді оңалту» жобасы инклюзия саласындағы «Үздік жастар жобасы» ретінде танылып, республикалық деңгейде жоғары бағаға ие болды. Бұл марапаттар – оның мүгедектігі бар жандардың өмірін жақсартуға бағытталған адал қызметінің жарқын дәлелі.

9109b27e e316 40c9 94c8 55da24d4b8a6


​– Біздің мақсат – ерекше қажеттілігі бар адамдардың мүмкіндігін шектеу емес, оларды мойындап, өмірге жол ашу. Біз қоғамға: «Олар да адам, олар да өмір сүруге, бақытты болуға лайық» дегенді айтқымыз келеді, — деп сөзін түйіндеді қор басшысы.
​«Біз де адамбыз» қоры – тек көмек көрсететін ұйым емес. Бұл – сенім сыйлайтын, рух беретін, қоғамды өзгертетін қозғалыс. Олар – адам тағдырын жаңаша жазып, «мүгедектік – шектеу емес» екенін дәлелдеп жүрген нағыз өмір ұстаздары.

Алмас ҚАБДОЛ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button