Жұмыс бар. Білікті маман жоқ

c39d1c04 2d70 491e 8fe3 c11f0465f0f5 Қоғам

Инвестициялық жағынан тартымды мұнайлы өңірде жүзеге асып жатқан маңызды жобалар аз емес. Ал, келер жылдардың еншісіндегі бутадиен, полиэтилен өндіретін зауыттарды ескерсек, бұл сала кадрларына сұраныстың артып келе жатқанын байқауға болады. Әсіресе, озық технологияның «құлағында ойнайтын» мамандар ауадай керек-ақ. Тіпті, дәнекерлеуші, сылақшы секілді қарапайым жұмысшыларға қажеттілік артатыны белгілі.

Қазір облыста 24 техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары болса, олардың 17-сі мемлекеттік, 7-і жекеменшік колледж екен. Осы тапшылықтың орнын біздегі кәсіптік бағдар беретін орта оқу орындарының түлектері толтыра ала ма? Жуырда облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің төрағалығымен өткен жиында осынау өзекті проблема ортаға түсті.

d1574714 e41d 4127 9162 b0fecbb47f9d

Таңсық болған жаңа технология

Егемендік алып, етек-жеңімізді жия бастаған сәтте елімізге инвестиция салған алпауыт компаниялар кадрлардың басым бөлігін шетелден шақырған. Бір жағынан, олай болуы да заңды еді. Өйткені, өндіріске бұрын-соңды болмаған заманауи шетелдік технологиялар енгізілді. Теңіз астынан бірнеше метр тереңдіктен «қара алтын» өндіру де оңайға соқпады. Сол себепті, бізде «экспаттар» қатары көбейді. Десек те, жылдар өте келе олардың орнын қазақстандық мамандар алмастыра бастады. Жергілікті кадрлар жаңа технологияны меңгеріп, заман талабына сай білімдерін жетілдіріп отырды. Жақында алпауыт компанияның басшысымен кездескен Үкімет басшысы Олжас Бектенов  қазақстандық қамтудың үлесін арттыруды қадап айтты.

Қазір жоғары білімді мамандармен қатар, қарапайым жұмысшыларға да сұраныс жоғары болып отыр. Сондықтан, кәсіптік білім беретін оқу орындарының қажеттілікке қарай маман даярлаудың маңызы артты.

 – Баршаңызға белгілі, Атырау облысы – пайдалы қазбаға бай өңір. Ел экономикасының көшбасшысы саналады. Елімізде өндірілетін мұнай бен газдың 50 пайыздан астамы біздің өлкемізден шығарылады. Статистикалық мәлімет-терге сүйенсек, былтыр 3,1 трлн. теңге инвестиция тартылған. Ол респбуликадағы жалпы инвестиция қорының 17 пайызын құрайды. Осы жерде мұнай кәсіпорындары көптеп шоғырланғандықтан, жоғары және орта деңгейлі мамандарды жұмыспен қамту жайы өзекті. Сондықтан, алдағы жұмысымызды жоспарлау үшін жоғары және орта арнаулы оқу орындарының басшыларымен кездесіп отырмыз,-деді облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев.

Маңызды жобаларға білікті кадр керек

Өңір басшысының орынбасары айтқандай, мұнайлы өлкеде 2024-2028 жылдары аралығында 24 жоба іске асырылмақшы. Оның ішінде мұнай-газ химиясы, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы бағытындағы жобалар бар. Мәселен, Қашағанда газ өңдеу зауытын салу, бутадиен зауыты, жүк вагондары құрылысы, бірлескен мұнай-химия кешенінің екінші кезеңі – полиэтилен шығаруға кадрлар керек. Ол үшін маман даярлау жұмыстарын жетілдіре түсу қажет.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құраса, жастар арасындағы жұмыссыздық 2,6 пайызға жетіп отыр. Теңіздегі келешек кеңею жобасындағы құрылыс жұмыстарының аяқталуына байланысты жобадан 16 мыңға жуық жұмысшы-қызметкер жұмыстан қысқартылған. Оның ішінде 6 мыңы атыраулық. Бүгінде бұлардың 2 мыңнан астамы тұрақты жұмыспен қамтылса, үш мыңына әлеуметтік жәрдемақылар төленген. Ал, биыл осы жобадан тағы да он мыңға жуық маман қызметінен қысқарады. Оның 4 мыңы Атырау облысының тұрғындары,-дей келе Марат Мурзиев жұмыспен қамту мәселесін шешу үшін қайта даярлауға ерекше назар аударылып отырғанын жасырмады.

Оның үстіне облыс колледждерінде 19 мың студент білім алып жатқан көрінеді. Демек, күрделі мәселенің күрмеуін шешу үшін шұғыл арада жұмыстанған жөн.

Дуалды оқытудың мақсаты қандай?

Осы арада тағы бір проблема туындайды. Жыл сайын мыңдаған түлек дайындап жатқан колледждерден білім алып шыққан кадрлар жұмыс берушінің талабын қанағаттандыра ала ма? Бұлай дейтін себебіміз, кәсіпорындар мен компания қызметкерлері қатысқан алқалы басқосуларда басшылық жергілікті мамандардың кәсіби біліктілігі төмен екенін айтып, бірнеше мәрте сын тезіне алған еді.

 Облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің айтуынша, 16 колледжге 25 мамандық бойынша енгізілген дуалды оқыту жүйесі жас мамандардың оқу кезінен-ақ өндіріске машықтануға оң септігін тигізетінін атап айтты. Бүгінде 2 мыңнан астам студент 500-ге тарта кәсіпорынның қатысуымен осы жүйе бойынша білім алып жатқан көрінеді. Мұндағы негізгі мақсат – дуалды оқыту бойынша өндіріске араласқан жасты сол жерде жұмысқа орналастыру.

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликованың айтуынша, білім беру сапасы төмендеп барады. Заман талабының сұранысына сай мамандар даярлау үшін жоғары оқу орны 4 мыңның үстіндегі студенттің санын 2000-ға азайтқан.

– Біздің алдымыздағы мақсат – өңірдегі іргелі жобаларды сапалы кадрлармен қамтамасыз ету. Сол себепті, біз өндіріс орындарымен тығыз байланыс орнаттық. Бүгінде С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті индустриалдық университетке трансформацияланып жатыр. Бұл бастамамызды Жоғары білім және ғылым министрлігі де қолдап отыр,-деді Гүлзада Тәңірбергенқызы.

Университет ректоры биылдан бастап техникалық білім беретін колледждерді аяқтап келген түлектерді екіжылдық оқу бағдарламасына қабылдайтынын атап өтті. «Онсыз да үш немесе төрт жыл кәсіптік білім алып келген жастың бір мамандықты тағы төрт жыл оқуға ынтасы болмайды. Оның үстіне қазір технологиялар жыл сайын өзгеріп жатыр. Сол себепті осындай шешімге келдік» деп нақтылады сөзін Гүлзада Шакуликова.

Бутадиен жобасы: құрылыс қашан басталады?

Биыл қыркүйек айында біраздан бері айтылып келе жатқан бутадиен және синтетикалық каучук өндіру зауытының құрылысы басталуы мүмкін. Бұл туралы «Бутадиен» ЖШС бас директоры Шыңғыс Сұртаев атап айтты. Бүгінде оны жобалау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқан көрінеді. 

Жалпы, бутадиен жобасында бес түрлі өнім шығару көзделіп отыр. Зауыт пайдалануға берілген кезде 754 маманға, құрылыс барысында екі мыңнан жуық адам тартылады деп жоспарланған. Зауыт қаладан 500 шақырым жерде, яғни, арнайы экономикалық аймақта орналасады. Жобаға негізінен сутексіздендіру, полимерлеу бойынша инженер-технологтар керек. Жобаның жалпы құны 900 млн. АҚШ долларын құрайды.  Бұл жолы серіктестік С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті, техникалық бағыттағы тағы басқа бірқатар жоғары оқу орындарымен келісімге келген. Яғни, дуалды оқыту жүйесі арқылы кадрларды өндіріске тартып, кейін жұмысқа орналастырмақ ниетте.

Жиын барысында жұмыс берушілер, жоғары және арнаулы оқу орындары арасында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Келісімге келгендер арасында «Интаго Қазақстан» ЖШС мен Мақат мұнай және газ технологиялық колледжі, «Жұмағалиев» ЖК мен Атырау аграрлы-техникалық колледжі, «Aktau Property» ЖШС мен Атырау сервис колледжі, «V6» ЖК мен Атырау көлік және коммуникация колледждері де бар. Бұл оқу орындары мен компаниялар алдағы уақытта техникалық мамандық даярлау және кадрлық мәселелерде бірлесе қызмет атқаратын болады.

Айбөпе САБЫРОВА

Коллажды жасаған Дәурен Қуаныш

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз