Жарнама
Қоғам

ТУРИСТЕРДІ ҚАБЫЛДАУҒА ДАЙЫНБЫЗ БА?

Жиынға Астана қаласынан келген «Астана ЭКСПО-2017» ҰК Басқарма төрағасының кеңесшісі Роза Асанбаева халықаралық көрменің  дайындық жұмыстары туралы баяндап, туристік бағыттарға қатысты аймақтарға жүктелер міндеттерге тоқталды. 

Роза Әбдіхамитқызы көршілес Маңғыстау облысына бүгінде шетелдік туристердің көптеп келе бастағанын айтып, біздің  жергілікті туристік ұйымдарды белсенді жұмыс жасауға шақырды. Әсіресе, 2017 жылы өтетін ірі көлемді іс-шараның еліміз үшін үлкен сын болатынын атап өтті. Оның айтуынша, көрмеге қатысатын туристер көп болады деп күтілуде. Сондықтан, Астана қаласында ғана емес, барлық облыстарда қонақ үй, мейрамхана, транспорт сияқты қызмет көрсету түрлері жан-жақты дайындықтан өтуі тиіс. 

 «Астана ЭКСПО-2017» ҰК Маркетинг және ілгерілету департаментінің бас менеджері Даниел Сержанұлы елімізде өтетін халықаралық көрменің жұмыс кестесімен таныстырды. Бұдан соң облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қарлығаш Бекбаева өңірдегі туризм саласының дамуы туралы айта келіп, астаналық меймандарды жергілікті туристік бағыттардан хабардар қылды.

 Олардың қатарында облыстық тарихи — өлкетану мұражайы, «Хан ордалы Сарайшық» тарихи — мемориалдық кешені, «Сарайшық» ЖШС-не қарасты ешкі фермасы, «Жайық – Атырау» бекіре шабақтарын өсіру зауыты, Жылыой ауданындағы Ақмешіт, Құрманғазы ауданындағы балық  және аң аулау базалары, т.б. туристік нысандар бар.        

   Кеңеске қатысушыларды  Жастарресурсы орталығының басшысы Жасұлан Бисембиев жергілікті еріктілер тобының жұмыстарымен таныстырды. Ал, «Қазақстан» қонақ үйі директорының орынбасары Татьяна Вербова және «АБК» мейманхана кешенінің басшысы Токай Гурбуз қонақ үйдегі клиенттерге көрсетілетін қызмет түрлері туралы айтты. Мәселен, «АБК» қонақ үйінде VIP-нөмірлерден бастап, хайуанаттар бағы және футбол алаңы бар. Мейманхана өкілдері халықаралық көрме кезінде шетелдік меймандарды қабылдауға барлық жағдай жасалатынын атап өтті.

Кеңес қорытындысында «Астана ЭКСПО — 2017»  ҰК Басқарма төрағасының кеңесшісі Роза Асанбаева мен жергілікті «Планета. Kz — Atyrau» ЖШС директоры Роза Бекенова халықаралық көрме кезінде өзара ынтымақтастықта жұмыс жасау жөніндегі келісімге қол қойды. Бұл келісімге сәйкес, «Планета. Kz — Atyrau»  және «Альфада -Fest» (бұл туристік ұйым да осындай келісімді бекіткен-ді)  жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне Атырауда  халық-аралық көрме қонақтарын қабылдау, саяхат ұйымдастыру, туристерді жатын орынмен, көлікпен қамтамасыз ету міндеттері жүктелді.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button