ЖЫРЫМЕН ЖҰБАТҚАН ФАРИЗА АПАМ…

Фариза апам дүниеден өтті деген қаралы хабарды естіп, жүрегім сыздап, дел-сал күйге түстім. Қаңтардың ақ қарын қайтейін, қалың қазақ қара жамылды емес пе?! Фаризасыз Жайық – тұл, Фаризасыз Нарын – жетім. 

Қайсар  мінезі, қасиетті  өлеңімен  халықтың жүрегіне жол  тапқан ақын еді. Махамбеттер, Абайлардың асыл текті ұрпағы-тын. 

 Әр қазақтың жүрегінде өз Фаризасы бар, оны естен шығару, ұмыту мүмкін емес. Менің де есімнен  Фариза апаммен сұхбаттасқан сәттер кетпейді. Жақсы араласып, сыйласып тұрушы едік. Елде екі асқар тауым бар. Олар – Фариза апам мен Әбіш ағам. 

Соңғы рет елге барғанда, «Фариза апам сырқаттанып қалыпты» деген соң кездесіп, халін сұрайын деп едім, Көкшетауға шипажайға емделуге кетті деді. Бірақ, жүрегім осылай боларын сезді ме, кездеспей кеткім келмеді. Елдегі көптен араласып жүрген жанашыр жандарымның бірі – Ділдәш Битуова апай көлік тауып, Бурабайға жеткізді. Келгенімізге Фариза апам сондай қуанып, ұзақ әңгімелестік. Дәл сол сәтте ол кісіні соңғы рет көргенімді қайдан білейін?.. 

Фариза апамның Қоңырға арнаған жоқтау өлеңі бар еді. Қоңыр қайтыс болып, қайғы жұтып отырғанымда қасымнан табылған еді. Көңіл айтуға келгенде лезде 12 шумақ жоқтауды ағыл-тегіл ақ қағазға жазып тастаған. Сол екі парақ қағазды қарашығымдай сақтап, «Қоңыр туралы кітап жазам, Фариза апамның өлеңімен бастаймын» деп сақтап жүр едім. Соңғы кездесуде сол өлеңді көрсеткенде: «Сақтағаның жақсы болған екен», – деп қуанып қалған. Қоңырдың Кеңсайға, қазақ батыры Бауыржан Момышұлының жанына жерленуі де Фаризаның арқасы еді. Енді сол Қоңыр кеткен жаққа өзі де аттанды. Қош деуге көңіл қимайды. Бақұл бол, Фариза апа! Иманың салауат болғай!    

Сол жоқтау өлеңді оқырманға алғаш рет ұсынбақпын: 

Фариза Оңғарсынова

Қоңырды жоқтау

Қарағай есік қақпалы, 
Қараға жаптым мақпалды. 
Көктегі аппақ күнімді
Қара бұлт кенет қаптады. 
 
Арманда кеттің, қарағым, 
Жұмылды ерте жанарың. 
Қызын сүйдің даланың, 
Халқын сүйдің даланың. 
 
Сені жоқтап келіп тұр,
Қалың елің қазағың. 
Бір көтеріп басыңды, 
«Қош» десеңші, қарағым!
 
Түркінің сүйдің аспанын, 
Ұрпақ деп істі бастадың. 
Қаламың қалды-ау иесіз, 
Оны кімге тастадың?
 
Өрнегі – ою басқұрдың,
Таусылғаны ма жас күннің?!
Артыңда қалды жан жарың, 
Оны кімге тапсырдың?
 
Қызарып таңда Күн шығар, 
Тепсең жерге гүл шығар?
Құшағын жайып жарқырап,
Алдымыздан енді кім шығар? 
Тең-тең шұбар, тең шұбар, 
Тебінсе аттан тер шығар. 
Үзілді бейуақ жас ғұмыр,
Жыламай бұған кім шыдар?
 
Есіктің алды құба тал, 
Адамды ажал жылатар.
Достарың тұр егіліп,
Оларды кім жұбатар?
 
Айналайын, ағайын,
Басыма  қара жабайын. 
Арманда кетті Қоңыржан,
Жыламай қалай қалайын?
 
Азаматы едің екі елдің, 
Көңілімді немен жамайын?
Ақ Айшаң қалды аңырап, 
Орныңа кімді қояйын?
 
Асыл едің, текті едің, 
Арманыңа жетпедің?
Жасаған Алла жақсының
Ғұмырын неге шектедің?
 
Қай жаққа  ұштың кептерім,
Арпа мен бидай – сепкенім. 
Үйің де қалды қаңырап,
Кімге оны тастап кеткенің?..

Оңайша Мандоки,

Будапешт, Венгрия.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз