Жарнама
Қоғам

Ана жүрегінің жылуы

Жалғанда «Ана» деп толқымаған көңіл, тебіренбеген жан жоқ шығар сірә. Қай дәуірде де әркімнің өз анасына деген перзенттік махаббаты шексіз ғой. Ана деген бір ауыз сөз көз алдыңызға шексіз әлемді елестететіндей. Өйткені ол –  өмірдің бастауы, жүректің жылуы.

Анам Нығметова Жамал Қонайқызының мақпал мінезі мен кеңпейілдігіне тәнтімін. Қашан көрсеңіз де бала десе бәйек бола қалатын жаны жазирадай жайсаң жан. Асылында, ата-ана атаулы бауыр еті – баласы үшін отқа да, суға да түсуге дайын ғой. Әкем Бақтыгерей де аса балажан, әрқашан ақжарқын қалыпта, көңілді жүруді ұнататын. Оның бар болмыс-бітімі, азаматтық келбеті туралы «Жарқын бейне» атты отбасылық естеліктер жинағында баяндадым.

Анамның жібектей есілген мінезімен қатар, өзіне ғана тән талапшылдығы да бар. Онысын ұрпақ тәрбиелеудегі өзіндік принципі деп ұғатынбыз. Алайда, оның бізге ойлана қарайтын қатулы қабағының ар жағында шексіз мейіріммен астасып жатқан мөлдір махаббат, жұмсақтық бары сезіліп тұрады.

Ойын баласымыз. Жолшыбай ұшырасқан сыныптасым Мартаның: «Біздің үйге жүріңдер, бауырсақ жейміз, мама қазір пісіреді» — деген әңгімесіне елтіп, ілесе кеттім. Сыныптас қыз Айнұр екеуміз үй ішінің іздеп алаңдайтыны қаперде жоқ, ыстық бауырсақ жейтінімізге мәз едік. Екеуміз әу баста әкемнің тапсырмасымен ақ халатын әкелуге ауруханаға барғанбыз. Кездейсоқ ұсыныс қызықтырып, халатты Айнұрға ұстата салдым. Оның: «Үйге қайтайық, папаң іздейді ғой» — дегенін де елең қылмадым. Есіл-дертім қашықтау жердегі Мартаның үйінде пісіп жатқан ыстық күрең бауырсақта. Арада көп уақыт өте қоймаған сияқты, бір кезде самбырлай сөйлеген таныс дауыс қосарлана естілді. Жалт қарасам, келіп тұрған папам мен мамамның жүздерінде реніш табы бар екен. «Соншалық жауапсыз болармысың?» деген көзқарасты байқадым.

– А-а, бала болған соң ойнап кете береді ғой, әйтеуір қарындары тоқ, — деді Үміт апа ісімізді жуып-шайып. Орынымнан әзер тұрдым, жадыраған көңілім де лезде пәс тартты.

Әкем: «Жүр үйге!» деді зілді дауыспен, анам ләм-мим демей қашанғы әдетімен сабырлы кейпін сақтады. Мен алдарына түсіп үйге қарай дедектей жөнелдім. «Маманың да ұрысқаны жақсы еді» деп қоям іштей. Өйткені, үнсіздік мен үшін қорқынышты болатын сол кезде. «Онсыз да жасқаншақтап келе жатқан қызымның жүрегі шайлығып, көңілі қалмасын» деген анаға тән даналық пен мейірімді, перзентке деген махаббатын кейін ұғындым. Үйге келген соң мамам нан басып, бауырсақ пісіруге кірісті…

Анам туралы айтқанда өн бойы ізгілік пен биік адамгершіліктен жаралған қымбат жан – нағашым Қанат Нығметов туралы да айтпай кетуге болмас. Оны бауырлары мен жасы кіші ағайынның бәрі «ақ көке» дейтін. Ақжарқын, қонақжай, мінезге бай нағашым қандай мақтауға да лайық. Біз көбінесе мақтамаймыз, онымен мақтанамыз. Осындай нағашымның болғанына шүкірлік етіп, әркез амандығын тілеп отырамын.

Айгүл БАҚТЫГЕРЕЙҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button