Жарнама
ҚоғамИнфрақұрылым

Түйткілдің түйіні шешіле ме?

Атырау қаласында қордаланған мәселелердің бірі – септик жайы. Кейбір елді мекендердегі тұрғын үйлердің септик құдықтары санитарлық нормаларға сай келмейтіні жиі айтылып келеді. Бұл көптен бері өзекті мәселеге айналып, түрлі сылтаумен шешімі табылмай жүр. Осы тақырыпқа байланысты облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің редакциясы «дөңгелек үстел» өткізді. Онда атқарылуы тиіс маңызды шешімдер мен қолға алынып жатқан жұмыстар, тиімді ұсыныс-пікірлер талқыланды.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Қайрат ХАБИЕВ, «Атырау облысы Су Арнасы» КМК бас инженері Ғасыржан Лекеров, қалалық құрылыс бөлімі жобалау-сметалық құжаттама секторының меңгерушісі Арман АБДОЛОВ, ардагер гидрогеолог Едіге САБУРОВ, Қазақстанның Құрметті сәулетшісі Ізімберген САНАБАЕВ, қоғам белсендісі Сабыржан АХМЕТОВ және Астана қаласынан онлайн байланыс арқылы «Ақ қамыс» ЖШС бас директоры Аян ТЕМІРӘЛІ қатысқан басқосуды газеттің бас редакторы Назарбек ҚОСШИЕВ жүргізіп отырды.

Кәріз суының зардабы

– Әңгімеге арқау болып отырған – септик құдығы. Қаңтардағы жауын-шашын да қаладағы жағдайдың тым күрделі екенін көрсетті. Жерасты суының ахуалы да толғандырып тұр. «Жұлдыз» шағынауданынан басталған мәселе «Сарықамыс», «Өркен», «Балауса», басқа да бірнеше шағынаудан тұрғындарына ортақ. Демек «кемедегінің жаны бір» демекші, бұған барлығымыздың жанымыз ауыруы тиіс…

Қ.ХАБИЕВ:

– Бүгінгі таңда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі тарапынан 11 елді мекенге («Ет комбинаты», «Атырау», «Жұмыскер-2», «Өркен-2», «Сарықамыс-2», «Балауса», «Самал», «Нұрсая», «Жерұйық», «Лесхоз-2», «Мұнайшы» шағынаудандары) ұзындығы 112,6 шақырымға кәріз желісі құрылысын жүргізу жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттары дайындалуда. Жобалау жұмыстарын жергілікті «Шыңдау» ЖШС жасақтап жатыр. Оларға 2019 жылдан бері жобалау-сметалық құжаттары әзірленгенімен, уақытында қаржы бөлінбеген соң қайта қолға алуға тура келді. Ал, құрылыс заңына байланысты бір жылдан кешіккен құжатқа қайта түзету енгізіледі. Екіншіден, құрылыс материалдарының қымбаттауы да әсер еткендігін атап кету керек. Жобалау құжаттары жасақталғаннан кейін сараптамаға жолданады. Одан соң бюджеттен қаржы сұрау жұмыстары жүргізіледі. Қазір бөлім бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың бір шоғыры осы.

Жерасты және кәріз суының зардабын көріп отырған Қайыршақты ауылдық округіне қарасты «Жұлдыз» шағынауданында биыл 22 қаңтардан бастап төтенше жағдай жарияланды. 31 қаңтардан бастап ине сүзгілері орнатыла бастады. Бүгінде 26 ине сүзгісі орнатылған. Жақын арада тағы да бірнешеуі орнатылады. Ол үшін жергілікті әкімдік тарапынан 341 миллион теңге қаражат аударылған. Оған вакуум көліктерін жалдау құны да кіреді. Бұл жұмыстарды «Ертас құрылыс» және «Alash Construction & Services» компаниялары атқаруда.

Мамандардың айтуынша, өзгеріс бар. Қазір 2700 текшеметрден астам жерасты және кәріз суы вакуум көлігі арқылы сорылды. Шағынаудандағы төтенше жағдай бір айға жарияланғанмен, мердігерлер жасайтын жұмыстың мерзімі екі айға дейін ұзартылды. Келісім-шарт жасалып, қаражаты аударылды, жұмыс нақты жүзеге асады деп санаймын.

Түзету бекер жасалмайды

Ғ.ЛЕКЕРОВ:

– Кәріз жүйесінің жобалау-сметалық құжаттарын жасақтап жатқан компания мамандары соңғы бір айдың көлемінде апта сайын қала әкімдігінде талқылауларға қатысып жүр. Олар әр көше бойынша жұмыстың қалай жүргізілетінін көрсетеді. Өйткені, бұрын-соңды кәріз жүйесі жүргізілмегендіктен, бұл аумақтарда өздігінен ағатын немесе қысымды кәріз жүйесінің қайсысын жүргізген тиімді боларын зерделейді.

Сарқынды су қаланың шығыс бөлігіндегі тәулігіне 70 мың текшеметр лас суды өңдеп шығаруға арналған кәріз-тазарту станциясына құйылады. Жоба «Жұлдыз-1», «Жұлдыз-2», «Жұлдыз-3», «Мирас», «Томарлы», «Көктем», «Бірлік» шағынаудандарын қамтиды. Кәріз жүйесінен басқа инфрақұрылым жүйелері жүргізіліп қойғандықтан қиындықтар кезігіп жатыр. Қазіргі түзету жұмыстары сол үшін жасалып отыр. Негізі ешқандай құрылыс жүргізілмеген жер теліміне өздігінен ағатын кәріз жүйесін жүргізу әлдеқайда жеңіл.

І.САНАБАЕВ:

– Тәжірибе ретінде 60-жылдардың аяғына қарай «Восток» шағынауданында дренаж жүйесі жүргізілді. Ол ойдағыдай істеп, оң жақтағы булану алаңына төгіліп жатты, қазіргідей су жиналып, батпаққа айналған жоқ. Сосын тәжірибе түрінде Қ.Сәтбаев көшесіндегі 32, 36, 48-інші үйлерге дейін дренаж жүйесі жүргізіліп, сорғы тартылды. Кейін оның барлығы көміліп қалды…

Азаматтық қоғам бірігіп жатыр

– Кезінде атқарылған жұмыстар тиімділігін көрсеткенмен, қазіргі ахуал ол кезбен салыстыруға келмейді. Осыған дейін туындаған мәселені шешу жолдары неге ойластырылмады? Енді ұсынылып отырған жобалар нақты жүзеге аса ма? Өйткені, бүгінде қаладағы халықтың саны бірнеше есе артты. Көп қабатты ғимараттардың да саны көбейді…

Е.САБУРОВ:

– 2000 жылы облыс басшылығына келген Серікбек Дәукеев «жерасты суының деңгейін түсіреміз» деп мәселе көтерген кезден бері осы іске араласып келе жатырмын. Ол кезде қала құрылысына байланысты болғандықтан бұл мәселеге Атырау гидрогеологтары даяр болмағанымызды мойындау керек. Гидрогеологтар әдетте далада жүретіні белгілі. Сол кезден бастап тәжірибе жинап, алғашқы ойларымызды 2015 жылы қорытып шығардық.

2016 жылы қазіргі облыс әкімі Серік Шәпкеновтің қала басшысы болып тұрған кезінде Алматыдан Қ.Сәтбаев атындағы университеттің гидрогеология кафедрасының меңгерушісін арнайы шақырған еді.  Содан соң екеуміз барлық жағдайды түсіндіріп көргенбіз. Ол кісі түсіністік танытып, бұл мәселеге қайта айналып соғатынын айтқан еді. Қазір сол жұмыстың алды басталып кетті. Бір ескеретіні, халыққа бұл жұмыстардың жуық арада бітпейтінін түсіндіре білуіміз керек.

Жайықтың сол жағындағы Ақсай, Ақжар ауылдарына кәріз жүйесін жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама жұмыстары жасалғалы жатыр. Талқайраң ауылындағы көп қабатты үйлерден кәріз-тазарту станциясына құятын желілік құбырдың көлемі бұрын 400 миллиметр болса, қазір 600 миллиметрлік екі құбыр тартып жатыр. Бүгінгі таңда кәріз-тазарту станциясының қабылдап отырған мөлшері – 12 мың текшеметр, ал қабылдау мүмкіндігі – 70 мың текшеметр. Тек тұрғындар мен кейбір мамандар кәріз құбырын жүргізуді қиынсынып отыр, бірақ оның ешқандай қиындығы жоқ.

«Жұлдыз» шағынауданындағы кәріз жүйесінің құжаттамасын жасақтап жатқан «Шыңдау» компаниясының басшысы қысымды кәріз жүйесі жүргізілетінін айтты. Маусым айында жобалау жұмыстары аяқталады. Соңғы кезде біздің өңірде қатты аяз болмайтынын ескерсек, құбырды 70 сантиметр тереңдікте көмсе де жеткілікті. Бұл жұмыстар іске асады деген ойдамын.

Ол үшін 1999-2000 жылдары елді мекендерді газдандыру үшін көптеген шағын мекемелер жұмыс істеді. Сол секілді «Жұлдыз» шағынауданының әр бөлігінде жұмыс бір мезгілде қолға алынса нәтижелі болар еді. Қаланың сол жақ бөлігіндегі кәріз жүйесінің түйіні сонда шешімін табатынына күмәнім жоқ.

Ал, қаланың оң жақ бөлігінде магистралды құбыр болған жоқ. Сондықтан, қазір кәдеге аспай жатқан «Мостовой» өзекшесінің ішіне кәріз, дренаж және нөсерлік кәріз жүйесін жүргізіп, көміп тастау керек. Осы үшеуі қатар жүргізілгенде ғана қаланың жері құнарланады. Ауыз судың бағасы қымбаттауына байланысты егістікке суармалы тәсілді де ұсынған едім. Егер «Мостовой» каналын осы бағытта пайдаланса, оған арғы беттегі шағынаудандарды түгелдей қосып шығуға мүмкіндік бар.

Кәріз жүйесін жүргізгенмен, жерасты суының деңгейі түспейді. Кез келген топырағы сазды тың жерден құрылыс жүргізген кезде сол жердегі жерасты суының деңгейі көтеріледі. Бұл – табиғи құбылыс. Сондықтан дренаж жүйесінің құрылысын жүргізу туралы облыс әкіміне ұсынысымызды бердік. Ол азамат та «Жұлдыз» шағынауданындағы жағдайды көріп, дренаж жүргізбейінше жерасты суынан құтыла алмайтынына көзі жетіп отыр. Бүгінде гидрогеологиялық қауіпті құбылыс – жерасты суының көтерілуі, екіншіден метеорологиялық құбылыс – жауын-шашынмен араласып көл пайда болып отыр.

Қуантарлығы сол, қазір азаматтық қоғам белсенділік таныта бастады. Мысалы, «Жұлдыз-1» шағынауданының тұрғындары бірікті. Оған көршілес жатқан «Мирас», «Томарлы-2», «Самал» секілді шағынаудандардың тұрғындары да осы жұмыстардың бірізденуіне белсенділік танытып отыр.

Енді жергілікті атқарушы органның өкілдері қоғам белсенділерімен бірлесіп жұмыс істеуі тиіс. Азаматтық қоғаммен бірікпей жұмыс жүзеге аспайды. Қаланың бас жоспарына үңілсек, қаланың екі жақ бөлігінде де модульдік кәріз тазарту жүйесін орнату туралы жазылған. Мұның артықшылығы – жылдам қондырылады. Бізде суды бұру жұмыстарымен «Атырау облысы Су Арнасы» мекемесі айналысуы керек еді. Оған күш жетпегендіктен ол жұмыстар «Арнаулы автобаза» мекемесіне жүктелген. Егер жоғарыда айтқан модульдік жүйе іске қосылса әркім өз функциясын қолға алар еді.

Мәселе бақылауда дегенмен…

– Енді өр суы тасиды, сол кезде жерасты суы бұдан да көтеріледі. Жауын-шашын секілді табиғи факторлардың да әсері бар. Сол кезде проблема бұдан әрі өршіп кетпей ме? Соған жеткізбеу үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан қандай жедел іс-әрекет жасалып жатыр?

А.АБДОЛОВ:

– Қалалық құрылыс бөлімі тарапынан 11 шағынауданға («Жұлдыз-1,2», «Жұлдыз-3», «Жұлдыз-4», «Геолог», «Томарлы», «Бірлік», «Көктем», «Ақсай-1», «Ақсай-2», Н.Шманов көшесі, 87 үй («Атырау» ш.а), шағынаудандарына) кәріз желісі құрылысын жүргізу жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттары жасақталуда. Қазір ол жерлерде топографиялық және геологиялық жұмыстар атқарылды. «Шыңдау» ЖШС мекемесі құбыр жүргізуге «Атырау облысы Су арнасы» КМК-нан келісім алу үшін жұмыстар жүргізуде.

– «Атырау облысы Су арнасы» мекемесінің қызметкерлері биыл жыл басталғалы демалыссыз жұмыс істеп жатыр десек те болады. Өйткені, проблемалар бірінен соң бірі шығып, күрделіленіп барады. Жекеменшік сектордағы үйлерді кәріз суынан құрғату, сору жұмыстарына байланысты қандай іс-шаралар атқарылуда?

Ғ.ЛЕКЕРОВ:

– Биыл кәріз-сорғы станциясында апаттық жағдай орын алғаны белгілі. Қала бойынша 85 кәріз-сорғы станциясының 45-іне қайтадан күрделі жөндеу жүргізу үшін жоба жасақталып жатыр. Биыл 9 станцияда жұмыс басталады. Қала ішіндегі кәсіпорынға тиесілі 300 шақырымдық өздігінен ағатын кәріз жүйесінің 40 шақырымына қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі арқылы күрделі жөндеуден өткізуге арналған жоба аяқталып, сараптама қорытындысы шықты. Енді жөндеу жұмысын бастау үшін конкурс жарияланып, мердігер мекеме таңдалғанын күтіп отырмыз. Бұл жоба бойынша 1970-1980 жылдары жүргізілген асбест құбырларға кезең-кезеңімен қайта жөндеу жасалады. Алғашқы кезеңінде биыл 12 шақырымдық желі жөнделеді. Кейін 15 шақырым, одан соң ретімен бір-екі жылдың көлемінде қалған бөлігі жаңартылады.

Ал, елді мекендердегі жеке үй тұрғындарының септик құдығын вакуум көлігі арқылы сору жұмысы кәсіпорын тарапынан қарастырылмаған. Қала жылдан жылға үлкейіп келеді. Қазір шаһарда 1300 шақырым су құбыры болса, ал кәріз жүйесі – 300 шақырым. Оны игерудің өзі кәсіпорынға үлкен қиындық туғызып отыр. Мекемеге қажетті техника, сорғылар сатып алу үшін конкурс жарияланды, мәселе кәсіпорын басшылығының тұрақты бақылауында.

– Бүгінде қоғам белсенділері «суды сору үшін қосымша вакуум көліктері керек» деген жарнамалар жіберген еді. Бұл ертеңгі күні халық арасында түрлі дүрдараздық, наразылықтар туғызбай ма?

Қ.ХАБИЕВ:

– Әрине, тек «Арнаулы автобаза» мекемесінің меншігіндегі көліктердің санымен бұл проблеманы реттеу мүмкін емес. Табиғи жауын-шашынның мөлшеріне байланысты жекеменшік вакуум көліктерінің иелерімен келісім-шарт жасалады.

Осы күнге дейін 41060 текшеметр қар шығарылып, 49800 текшеметр су сорылды. Қазір күннің салқындауына байланысты бұл жұмыс тоқтап тұр, күн жылынған соң жалғасады. Одан басқа әкімдік тарапынан ірі кәсіпорын-мекемелердің көмегіне жүгініп, техника тарту жұмыстары жүргізілуде.

– Әлеуметтік желі арқылы зерделеу жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Соңғы жылдарда қыста түскен қар бір мөлшерде, қазақша өлшеммен алғанда «тобықтан келеді». Соңғы рет 2012 жылы қалың қар жауды, одан бері ондай қалың қар түскен жоқ. Текшеметрмен өлшеу арқылы қарды көбейткенмен, жұмыстың нәтижесі халықтың көңілін көншітпей отыр. Бұл неліктен?

Қ.ХАБИЕВ:

– Бұл жерде қар ғана емес, бірнеше күн жаңбыр жауып, жағдай күрделене түсті. Бұл жұмыстар күнделікті бақылауда. Бөлім тарапынан бөлінген маман қала ішіне қанша техника шыққанын, қанша текшеметр су сорылғанын назарға алып отырады. 109 бірыңғай байланыс орталығынан басқа, әлеуметтік желілер арқылы түскен өтініштерді мүмкіндігіміз жеткенше қамтуға тырысып жатырмыз.

Ең бірінші қаладағы көп қабатты үйлер мен жеке сектордағы тұрғын үйлерге кәріз жүйесін жүргізу күн тәртібінде тұр. Екінішіден, жерасты суларының ағып кетуі үшін дренаж жүйесін жүргізу туралы мәселе әкімдік тарапынан қарастырылуда. Ол үшін саланың білікті мамандары ақыл-кеңестерін айтып жатыр.

– Осы жерде мынадай заңды сауал туындайды. Қар суы еріп, оған жаңбыр суы қосылып, қаланы су басқанда арнайы техниканың ауадай қажет екені байқалды. Алдағы уақытта табиғаттың тосын мінезіне дайын болу үшін не жасауымыз керек? Сондай-ақ осы жерде халықтың наразылығын туғызып отырған жайт – жыл басында «Жұлдыз» шағынауданында, басқа да күрделі жағдайлардың басы-қасында жүруі тиіс санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметінің осы кезге дейін бейтарап отыруы. Өйткені, төтенше жағдай жариялауға санитарлық-эпидемиологиялық қызмет құрылымдары ұйытқы болуы керек емес пе? Мұны немен түсіндіруге болады?

Қ.ХАБИЕВ:

– Тікелей құзыретіме жатпағандықтан, тиісті деңгейде жауап бере алмаймын. Бірақ жеке сектордағы тұрғын үйлердің септигіне байланысты жергілікті атқарушы орган арнайы комиссия құрып, тексеру жұмыстарын жүргізу үшін құзырлы мекемелерді тарту мәселесін де алдағы уақытта жоспарлап отыр.

Лас суды қалай өңдейді?

– Аян Тұрланұлы, Атыраудың қазіргі жағдайынан әлеуметтік желі арқылы да хабардарсыз. Негізінен осы өңірдің тумасы ретінде қазіргі жағдайға орай қандай іс-әрекеттер жедел қолға алынуы керек деп ойлайсыз? Жеке кәсіпкер ретінде, әсіресе «Жұлдыз» шағынауданындағы лас суды өңдеп, оны тиімді жүзеге асыруды ұсынып отырған қанатқақты жобаңыз туралы да айта отырсаңыз.

А.ТЕМІРӘЛІ:

– Жалпы жергілікті атқарушы органдар мен мәслихат депутаттарының, қаланың тазалығына жауапты лауазым иелерінің атқарып жатқан жұмыстарынан хабардармын. Алайда оның барлығы тек бүгінгі күннің мұқтажын ғана өтей алады.

Қазір төтенше жағдай кезінде үлкен мәселе болып отырған жайтты да атап өтуіміз керек. Елімізде әр жобаның жобалау-сметалық құжаттамасы жасалып, оған тендер жарияланады. Сөйтіп, оған біраз уақыт жұмсап, мердігер табылған кезде бюджеттен қаражат бөлінеді, ол тағы біршама уақытқа созылғанда халық зардап шеге береді.

Ал, Атырау әу бастан жерасты суының үстінде отыр. 1991 жылдан бергі құрылыс саласындағы тәжірибеме сүйенсем, шамамен Атыраудың 40 пайыз жерінің қадасын соғып шыққанмын. Біз қадасын соғар кезде геологиясын зерделеп білдік. Қазір компьютер арқылы жердің геологиясын қарап, анықтауға болады. Менде ол үшін бірнеше үлкен бағдарлама бар. Биыл жыл басынан бері Үкімет тарапынан EPS келісім-шарты енгізілді. Оның ішіне жобалау-сметалық құжаттамасы, құрылысы, менеджменті, инвестициясы кіреді. Яғни, бір ғана келісім-шарт арқылы компанияны таңдаса, біздегі жұмыс соншама уақытқа созылмас еді. Жұмыс істейтін компанияға нақты уақытын айтып, бекітіп беру керек.

Қазіргі Атыраудағы жағдай көп болса сәуір айында саябырсығанмен, күзде қайталанады. Қанша жерден төтенше жағдай жариялағанмен, ол мәселені шешпейді. Бүкіл республикадан вакуум көлігін жинап апарғанмен, ол су қайда төгіледі?! Осы жағын ескеру керек.

Бүгінгі таңда технологиялар жақсы дамыған. Осы күнге дейін Еуропадан бастап Африкаға дейін, Азияның барлық бұрышын аралап шықтым. Дүние жүзіндегі дамыған технологияның барлығына Қытай елі көшірме жасап отыр. Олардың ұлттық компанияларымен келісіп сол технологияларды Атырауға әкелсек, Еуропаның технологиясымен салыстырғанда қаржы жағынан да, уақыттан да көп үнемдеген болар едік. Еуропада 7-10 айда істейтін қондырғыны Қытайда бір-екі айда жасайды. Бір-бірінен айырмашылығы жоқ. Оған көзім жетіп отыр. Өзім бағдарламашы-әзірлеуші ретінде барлық жұмысты басынан аяғына дейін жасаймын. Оның цикліне жетпейінше ешқандай жұмысты бастамаймыз.

Бүгінгі таңда кәріз және жерасты суына, қатты қалдықтарға жасаған жобамыз осындай циклді құрайды. Әр нәрсенің идеясы, технологиясы, өнімі, өткізетін жері мен қаражатын табу керек. Қаражат ең соңғы кезеңге келіп тіреледі. Жоғарыда аталған төртеуі орындалмайынша қаражат мәселесін шеше алмайсыз. Ал, ақшаны қолға ұстап тұрғанның өзінде әлгі төртеуін іске асырмай тұрып, істің нәтижесін көру мүмкін емес.

Қазір бұған қатысты Ресей өз тауарын ұсынуы мүмкін. Өз басым ол технологияларды таңдауға кеңес бермес едім. Себебі, анау айтқандай дамымаған. Ал, Қытай, Жапония секілді мемлекеттердің технологиясы неліктен дамыды? Өйткені, оларда ұлттық ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар бөлімдері бар. Біздегі кәріз суларын өңдеуге арналған қондырғы – Қытай, Жапония, Канада мемлекеттерінің ғалымдары бірлесіп әзірлеген, бірнеше жылдан бері қолданысқа енгізілген технология. Егер соны елімізге әкелсе, сынап бағанасы –40 немесе +40 градуста да жұмыс істеуге мүмкіндік бар.

Біздің елдегі әрбір қала мен ауылда кейбір елдердегідей миллион халық тұрмайды. Sequence Batch Reactor (SBR) деп аталатын механикалық және биологиялық технологиядан тұратын жобаны енгізсек, жерасты суы мен кәріз суын да тиімді пайдалана аламыз. Лас суды өңдеу екі циклдан тұрады: анаэробты және аэробты реакторлар. Анаэробта – механикалық тазарту әдісі арқылы ашытып биогаз өндіреді, аэробта – биологиялық тазарту жүріп, бактерия арқылы тазарып, ІІІ класты су алынады.

2021 жылы «Квадрат» булану алаңына кәріз-тазарту қондырғысын салу туралы ұсынысыма сәйкес сол кездегі қала басшылығының келісімімен жан-жақты зерделеу жүргіздім. «Тухлая балка» да, «Квадрат» та көлемді аумақты алып жатыр. Оған төгіліп жатқан сарқынды судың құрамын да ешкім анықтап отырған жоқ. Ал, менің ұсынысыма инвестиция салуға мүдделі инвестор бар. Демек енгізуге толықтай мүмкіндік бар. Бұл арада тендер туралы мәселе көтермей-ақ, ауылдық округ әкімдігі тарапынан 49 жылға жалға жер берілсе, бұл шағынауданның кәріз суын өзіміз пайдаға асырар едік.

«Баламасы жоқ жоба»

– Жергілікті жерде осы проблеманы шешу үшін өзге қандай ресурстар бар? Сіздер бұл ұсыныстан бұрын хабардарсыз ба?

Қ.ХАБИЕВ:

– Бұл жоба туралы қазір Аян Тұрланұлынан естіп отырмын. Менің түсінгенім, ол кісі бұл технологияны мемлекеттік сатып алу процесінсіз іске асырғысы келеді. Ал, елдегі мемлекеттік сатып алу тетіктері қолданыстағы заңнамада көрсетілгендіктен, нақты осы жоба жүзеге асуы керек деп атап көрсете алмаймыз. Сондықтан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік секілді жобалар арқылы ұсыныс білдіріп шығып көру керек болар, бәлкім.

Е.САБУРОВ:

– Аян Тұрланұлы бұл мәселені төрт-бес жылдан бері қозғап келе жатыр. Сол кезде Каспий теңізінің жағасындағы рұқсат етілген жерден қыстыгүні қамыс шабуға рұқсат беруін сұраған. Оның ұсынысын қабыл алып, қамыс шабуға келісім берсе немесе әкімдік тарапынан 1 гектар жер берілсе, өз қаражаты есебінен модульді тазалау станциясын қондыратынын айтқан еді. Ал бұл жоба несімен ұтымды?

Кәсіпкер жобалау-сметалық құжаттамасын өзі жасайды, құрылысын жүргізеді, өзі пайдаланады, «септик» суын өзі сорып әкетеді. Шыққан өнімді өзі кәдесіне жаратады. Бір гектар жердің ішінде жылыжай, газы, тағы басқалары орналасады. Келісім-шартқа қол қойылған күннен бастап 120 күн ішінде қондырғы Атырауға келеді, артынан оны іске асыру үшін тағы да бір-екі айдай уақыт кетпек.

Екіншіден, жеке сектордағы тұрғындардың септигін сорғызуға тұрғындар қандай көлемде қаражат жұмсап отырғаны белгілі. Ал, жоба авторы септиктегі судың текшеметрін 150 теңгеден деп белгілеп отыр. Вакуум көліктері де өздерінен болады. Мұндай технология басқа елдерде де бар. Бірақ оларды әкеліп қондырған кезде бізге таныс болмағандықтан технологияны бүлдіріп алуымыз мүмкін. Бұл компания барлығын өздері жасайды. Басқа инфрақұрылым жүйелерін де қажет етпей, күн панелін пайдаланады. Сондықтан бұл тиімді секілді. Жобаның құны 380 миллион теңге. Ал, «Жұлдыз» шағынауданындағы төтенше жағдайға байланысты небары екі айға 380 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Оның үстіне кәсіпкер ұсынып отырған жоба тұрақты жұмыс істейді. Енді тендерге келсек, балама компаниялар табылып жатса, қаржылық тұрғыдан қолжетімдісін таңдаған жөн. Меніңше, бұған балама табылмайтын секілді.

Ал, қамыс Атырауда жыл сайын өртеніп жатады. Не істерімізді білмей, сөндіруге тікұшақ іздеп әуре боламыз. Қыста шауып аламын деп отырған кәсіпкерге берген дұрыс деп есептеймін. Айталық, ол жерді он жылға берсек, кәсіпкердің не істеп отырғанын назарда ұстап отырып, он бірінші жыл дегенде сол қамысты өзіміз кәдеге жаратып, пайдаға асыруымыз да мүмкін. Өйткені, жұмысқа жергілікті жұмысшыларды қабылдауды тиімді көріп отыр.

Толғандырған сан сауал

С.АХМЕТОВ:

– Огородный көшесіндегі үйлер ескі, инфрақұрылым сапасы төмен. Алайда, апаттық үйлердің қатарына енбей тұр. Оған әртүрлі себеп бар. Тұрғын үйлердің қасындағы кәріз-тазарту станциясының сорғылары мен тұрбалары ескірген. Жұмысшылары күнде келіп тазартып отырады. Сасық иісі қолқаны қабады. Үйдің жертөлесінен су шығып жатыр. Тіпті, жекеменшік вакуум көліктерінің жүргізушілері лас суды көзді ала бере көшедегі құдықтарға төгіп кететіні де бар. Бұл мәселе туралы жергілікті атқарушы органдарға да жаздық.

Қ.ХАБИЕВ:

– Огородный көшесіндегі тұрғындармен бірнеше рет жиналыс өткізіп, меншік иелері бірлестігін (МИБ) құру мәселесін көтердік. Алайда тұрғындар белсенділік танытпады. Басқа елді мекендерде МИБ құрылып жатыр.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес жертөле – көп қабатты үй тұрғындарының ортақ мүлкі. Сондықтан оны пәтер иелерінің өздері күтіп ұстауы тиіс. Пәтер жеке меншігі болғанмен, қалған жердің барлығы тұрғындардың ортақ мүлкі болған соң барлығы бірлесіп пайдалануы керек.

Тобықтай түйін:

Иә, проблема жеткілікті. Оның белгілі бір дәрежеде алдын алып, түбегейлі шешуге жұмыстану керек. Ол үшін инвестор да табылып, өзінің ұсыныстарын айтып отыр. Ендеше сондай тиімді жобаларды қолға алып, тезірек жүзеге асырудың жолдарын қарастырған жөн-ау. Бұл мәселеге азаматтық қоғаммен бірлесіп, мемлекеттік органдар да мүдделілік танытса құба-құп.

Дайындағандар Дәулетқали АРУЕВ, Алмас ҚАБДОЛОВ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button