Жарнама
Қоғам

ТУ ҰСТАҒАН БАТЫР ПЫШТАНАЙ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Батыр туралы алғаш рет 1998 жылы облыстық «Атырау» газетінің екі нөмірінде белгілі өлкетанушы марқұм Кенжеғали Қайыптың көлемді мақаласы жарық көрді. Сол жылы облыстық газеттің тарихи-әдеби қосымшасы болған «Атамекенде» Ильяс Елемесовтің батыр бабамыз туралы мақаласы жарияланды. Пыштанай батыр есімі орыстардың жазба деректерінде де бар екен.
Пыштанай Ерқосайұлы бір ғасыр өмір сүрген (1693-1793) адам. Ол өмірінің жартысын елін қорғау жолындағы сұрапыл жорықтарда өткізген. (Биыл туғанына 320 жыл толады-Қ.Ғ.) Ол — күллі Қазақ елінің егемендігін армандап, жерінің тұтастығы үшін сыртқы жаумен арыстанша арпалысқан хас батыр.
Пыштанай батыр Қазақ мемлекетінің тарихында аса маңызды рөл атқарған атақты Аңырақай шайқасында қазақ әскерінің бас қолбасшысы Әбілхайыр хан әскерінің мыңбасы әрі ту ұстаушысы болыпты. «Жетпек болсаң мұратқа, байрағыңды құлатпа! Кір жуытпа ешқашан Қазақ деген халыққа!» деп ақын жырлағандай, осындай жан беріп, жан алысқан шайқастарда сарбаздардың назары жау жағында болғанымен, көзінің қиығы елінің желбіреген туында болатыны белгілі. Пыштанай батыр халық аузында аса сабырлы, зор денелі, бура қабақты жан ретінде бейнеленеді. Жеңгелері оның жүріс-тұрысына қарап «шабанқара» деп атаған деседі. Бұл атау ағайын-тумаларының баршасына тарап кеткен. Егер ол жай «қара жаяу» адам болса, оның басынан өткендері ғасырдан-ғасырға ұласып айтылмас еді, ел ішіне аңыз болып тарамас еді. Батырдың іс-әрекеттерінің, ерліктерінің аңызбен астасып кететін тұстары да баршылық.
Ел ішіндегі аңызға қарағанда Пыштанай Дат батырдың әкесі Әйтімбетұлы Шолан батырды төрелер торғауыттармен бірігіп Нарында кескілеп өлтірген күні дүниеге келген. Түске дейін ел қорғаны болған батырдың өлімі туралы хабарды естіп қамықса, түстен кейін бір алып перзенттің дүниеге келгенін естіп, жақсы ырымға жорыған. Сол кездің айтқыштары:
«Байұлы бай болады
құнықтары,
Найзаның сақталады
сынықтары.
Батырдың бірін алса,
бірін берді,
Алламыз жарылқады,
ұмытпады», — деп жырға қосқан.

ЕРСАРЫ ДЕГЕН КІМ?
Қазақстанның батыс өңіріне белгілі шежіреші Алшын Меңдәлиевтің айтуынша, Маңғыстауда Пыштанайды Ерсары деп атаған. Үстірт өңірінде сонадайдан адырайып көрінетін «Ерсарының қайрағы» деп аталатын биік тас бар.
Кезінде Исатай ауданында тұрған ұстаз Сырым Мұханбетов (марқұм) әңгіменің орайында былай дегені бар: баяғыда Маңғыстауда Қосай батырдың жылқысын түркіменнің Сары деген батырының жылқышылары барымталап кетеді. Бұдан кейін Қосай үндемейді. Адайлар Қосайды Сарыдан қорыққаны деп ұғады. Содан арада үш күн өткенде Қосайдың жылқыларын шашау шығармай кері айдап Сары батыр келеді, Қосайдан кешірім сұрайды. Қосай батыр екеуі өмір бойы достықта болуға уағдаласады. Сол кезден бастап Сарыны маңғыстаулықтар Ерсары деп атап кеткен деседі.
Маңғыстауда Өзен мен Талаққа аяғын тіреп, Сенек тауын жастанып, ұзындығы сексен шақырым аумақта Ерсары деген алып жатыр. Сонда бұл Ерсары кім? Ақтаудағы белгілі журналист, өлкетанушы, жазушы Әбілқайыр Спанов: «Ерсары XII ғасырда өмір сүрген түркімен тайпасының көсемі», — деді. Ал, одан бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген түркімендерде де Қосай деген есім бар…
— Алшын Меңдәлиевтің Пыштанайды Маңғыстауда Ерсары батыр деп атаған деген пікіріне не айтасыз?
— Жаңсақ пікір… — деп Әбекең тікесінен айтты.

ШЕРҚАЛАДАҒЫ ШАЙҚАС
Маңғыстау жерінде (Ақтау қаласынан — 170 шақырым) Шерқала деген оқшау тұрған тау бар. Бұл тау VIII-IX ғасырларда арабтардың шапқыншылығы кезінен бері белгілі болатын. Адамның араласуымен қамал-қалаға айналған осы тау «Арыстан-қала» деген атпен тарихқа енген. Шынында да, Шерқала басын сәл жоғары көтерген бойы демалып жатқан арыстанға ұқсайды. Ол — Маңғыстаудың киелі орындарының бірі. XVIII ғасырдың 30-жылдары Маңғыстаудың жергілікті қазақтары мен түркімендер арасында жер дауына байланысты қақтығыстар болып тұрған. Солардың бірі «Шерқала шайқасы» деп аталады.
Таудың ұшар басында түркімендер бекінген. Олар тау басындағы шыңыраудан су алып пайдаланады екен. Пыштанай батыр бастаған қазақ жасағы таудың бір бүйірін тесіп, құдықтың қабырғасынан барып шығады. Сөйтіп, шыңырауға түскен қауғаның арқанын кесіп, дұшпанын су алу мүмкіндігінен айырады. Ақыры шөлден қаталаған түркімендер берілуге мәжбүр болады. Осы оқиға марқұм Кенжеғали Қайыптың мақаласында келтірілген.
2010 жылы ізденіс үстінде жүргенімде орыс тілінде жазылған осыған ұқсас деректі ғаламтордан кездестірдім. Александр Глазуновтың 1990 жылы «Вокруг света» журналында жарияланған «Үстірттегі алаулар» («Костры у устюрта») деген мақаласында мынадай жолдар бар: «…Когда-то у горы стоял г. Мангышлак (бір кезде Маңғыстаудың біраз жері түркімендердің иелігінде болған деседі-автор). Рядом завоеватели построили свой административный центр Кызылкала. Он просуществовал до монгольского нашествия. По легенде соседние племени пытались с ходу захватить городище на Шеркале-последний оплот туркменских племен…».
Бұған қарағанда, осы жолдар жоғарыда баяндалған Пыштанай батыр қатысқан шайқас туралы жазылған деуге болатын секілді.

ЖЕЗТЫРНАҚТЫҢ АЖАЛЫ
Пыштанай батыр алыс сапардан жалғыз келе жатып бір қалың орманның шетінде аң атып,етін отқа қақтап жеп отырады. Бір мезетте орман ішіндегі ашықтан еңгезердей биік тұлғалы адам үн-түнсіз келіп, Пыштанай жаққан алаудың арғы жағына келіп жайғасады. Істікке түйрелген етті батыр әлгі кісіге ұсынады. Қара қойдың терісінен тігілген тонды айналдырып киген тәрізді қара кісі ұсынған етті алмай, басын шайқайды. Ол енді көп аялдамай, орнынан қопарыла тұрып, келген жағына кетіп қалады. Мына кездесу батырды күдікті ойға қалдырды. «Не болғанда да бұл тегін емес, жезтырнақ дегеніміз осы болар» деп ойлады. Ол ұсынған етті алмады, қолдарын көрсеткісі келмеді. Сөйлеген де жоқ. Оған Пыштанай бас салуға батылы жетпеген сыңайлы. Пыштанай да сұсты, арыстандай айбатты. Жезтырнақ көзден таса болған соң ол одан сақтанудың амалын ойластырды. Бір томардың үстіне сырт киімін айқара жауып, бас жағына бас киімін кигізіп қояды. Өзі оқ жететін жердегі бір теректің тасасынан сақтана аңдып тұрады. Түн ортасында әлгі дәу қара келіп, киім кигізілген томарды қапсыра құшақтап, тырнағымен бүре бастайды. Осы сәтте Пыштанай жезтырнақты атып салады да, қолын білек буынынан кесіп алып, қанжығасына байлайды…
Пыштанай батыр түркімендермен, қалмақтармен болған талай шайқастарға қатысқан. Талай рет жекпе-жекке де шыққан. «Аруағы — адамша сөйлейтін қара бура екен» деседі. Ол найзаны, садақты, айбалтаны ұршықша үйірген, семсерді ұстауы мен сілтеуін жетік меңгерген, қолма-қол айқастың хас шебері, соғыстың айла-тәсілін бүге-шігесіне дейін білген.
Пыштанай батыр құралайды көзге атқан мерген болыпты. Ел аузында батырдың «Ақбикеш» атанған мылтығы жайында аңыздар көп. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге жеткен жырда былай делінді:
«Пыштанай жеңілмеген
батыр дескен,
Көзіне көрінген жау
бақи кешкен.
Дұшпанның тірі қалған
біреуі жоқ,
Ажал-оқ атылғанда
«Ақбикештен».
Атқаны «Ақбикештің»
анық құрбан,
Сәулесі жарқылының
жау ықтырған.
Боларын қантөгістің
өзі айтып,
Солқылдап керегеге
соғып тұрған».
«Ақбикеш» — батысеуропалықтардың от алатын патронды мылтығы. Күндағы, ұңғысы, шүріппесі, астында екі аяқты мосысы бар.
— Мен бала кезімде «Ақбикеш» XX ғасырдың 30-жылдарында батыр ұрпақтарының бірі Қыстаубайдың үйінде сақтаулы болды деген әңгімені естігенмін,-деп еске алушы еді марқұм Кенжеғали Қайып, — кейін «Ақбикешті» де, жезтырнақтың тырнағын да қазіргі сақтаулы тұрған жерінен (суретте) өз көзіммен көрдім. Бұл тырнақтар аса сұсты, қаһарлы. Егер бұл тырнақ бүретін болса, тірі мақұлық аман қалмасы анық. Ол біздер көріп жүрген аңның, құстың тырнағына ұқсамайды. Жаңағы тырнақтарды көргенде жезтырнақ деген тіршіліктің өмірде болғанына анық көзім жетті.
Жезтырнақтың тырнағы мен «Ақбикештің» жерге тіреп қоятын аяқтары Қыстаубай ұрпақтарында күні бүгінге дейін сақтаулы.

ЖАЛҒАСҚАН ІЗ
Пыштанай батырдың Түгелек, Даңғыр, Қалыбай, Толыбай, Сүгірбай есімді ұлдары болған. Олардан тараған ұрпақтар әуелгі әзірде Тайсойған, Алабие, Шортанбай, Мақат, Мұқыр, Бекбике аралығында қоныс тепкен. Кейінірек олардың бірқатары Жайық бойына келіп, Қарөткел, Кендірлі, Бесікті, Томарлы, Талғайраң деген жерлерді мекендеп, тұрақтап қалды.
Пыштанай ұрпақтарының бір бөлегі Бөкей хандығы құрылған соң Нарын құмын қоныстанған. Батырдың Даңғыр есімді ұлынан Әйтмәмбет, Дос өрбіген. Әйтмәмбеттен Әжібай,Қашқын, Аспантай, Бөдене тарайды. Олардың бәрі де кезінде отаршылдыққа қарсы қозғалысқа, 1827-1829 жылдардағы шаруалар көтерілісіне қатысқан. Қашқын Әйтмәмбетұлы Исатай-Махамбет бастаған көтерілістің белсенді қатысушыларының бірі болған.
Ерқосайұлы Пыштанай 1793 жылы қазіргі Қызылқоға жерінде дүние салған. Ұрпақтары жерленген орнына белгі орнатты. Енді кесене тұрғызу ісін қолға алмақ.
Жалпы, Қазақ мемлекетінің тарихында өзіндік орны бар. Пыштанай батыр туралы мектеп, сондай-ақ жоғары оқу орындарында оқу бағдарламаларына да енгізілсе артық етпеген болар еді.

Құмарғали ҒАБДЕШҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button