ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯҒА КӨШУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ
Біз осы және өзге де сауалдарымызға «Қазтелерадио» АҚ Бас коммерциялық директоры Ерлан Жазықбаевтың жауап беруін өтінген едік.
— Естеріңізде болса, осыдан төрт жыл бұрын, яғни 2011 жылдың 18 қаңтарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ұлттық жерсеріктік «OTAU TV» телерадиохабар тарату желісі іске қосылған болатын. Бүгінде ұлттық оператор қызметін пайдаланатын үй шаруашылықтарының саны 800.000 абоненттен асқанын мақтанышпен айта аламыз. Ал, бұл шамамен үш жарым миллион қазақстандық. Цифрлық стандартқа көшкен сәтте Қазақстанда жерсеріктік жүйе абоненттерінің саны небәрі 6300 болғанын ескерсек, бұл көрсеткіш біздің қызметіміздің халық арасында үлкен сұранысқа ие екенін көрсетеді. Бұл, әсіресе, ауыл тұрғындарына қатысты. Өйткені, біздің абоненттердің 70 пайызы ауылдық жерлерден келеді. Өйткені, «OTAU TV» жерсеріктік желісінің арқасында ауылдықтар қала тұрғындарымен бір дәрежеде отандық, шетелдік телеарналарды тамашалай алады. Осылайша «Қазтелерадио» АҚ Қазақстан республикасының телерадиохабар тарату саласындағы операторы ретінде қала мен ауыл тұрғындары арасындағы ақпараттық теңсіздікті жою жолындағы стратегиялық тапсырманы орындап отыр.
— Ерлан Әлібекұлы, телехабар тарататын кабельдік және шетелдік операторлармен салыстырғанда «OTAU TV» жерсеріктік желісі не ұсына алады?
— Бірінші кезекте қазақстандық 53 телерадиоарнаны тегін тамашалау мүмкіндігін айтуға болады. Қазақстанда қызмет ететін шетелдік операторларда мұндай ұсыныс жоқ. Жалпы шетелдік операторлар өздерінің телеарналар топтамасында бірде-бір қазақстандық телеарнаны көрсетпейді. Ал, отандық кабельдік операторлар қазақстандық 14 арнаны, тек ақылы топтаманың құрамында таратады. Біздің абоненттер, өзі қалаған жағдайда, рейтингі жоғары шетелдік телеарналардан тұратын әрі бағасы қолжетімді ақылы топтамаларға қосыла алады. Сонымен қатар, «OTAU TV» абоненттері үшін «Телегазет» тегін қызметі ұсынылған. Яғни біздің көрермендер республикалық «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінің соңғы нөмірін теледидар экранынан күнбе-күн қарап, оқи алады. Бұл шалғай орналасқан ауыл тұрғындары үшін маңызды қызмет болып табылады. Кабельдік операторларға келетін болсақ, жасыратыны жоқ, кабельдік телехабар тарату желісі үлкен қалаларда дамыған, сонымен қатар, бұл қызмет жарнамалық аудиторияға, коммерциялық табыс көзіне бағытталған. Шағын қалалар, әсіресе, ауылдық жерлерге кабельдік операторлар бара бермейді. Өз кезегінде «OTAU TV» еліміздің кез келген нүктесінде қолжетімді.
— Айтыңызшы, цифрлық эфирлік телехабар тарату желісін тарту жұмыстары қалай жүріп жатыр және ескірген аналогтық телевизия форматын не күтіп тұр?
— Телерадиохабар таратудың заманауи цифрлық стандартына көшу бойынша жобаны жүзеге асыру аясында, 2012 жылы Астана, Алматы, Қарағанды, Жезқазған және Жаңаөзен қалаларында желі жұмыс істей бастады. Екі жыл бұрын, 2013 жылдың желтоқсанында, оларға барлық облыс орталықтары мен Маңғыстау облысы толығымен қосылды. Осылайша біз республика халқының 51 пайызын цифрлық эфирлік телехабар тарату сигналымен қамтамасыз еттік. Өткен жылы «Қазтелерадио» АҚ бұдан өзге 297 радиотелевизиялық стансаны қолданысқа енгізіп, нәтижесінде халықтың 72 пайызына немесе 11,5 миллион қазақстандыққа цифрлық эфирлік телехабар тарату желісіне қосылуға мүмкіндік берді. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі бекіткен стратегиялық жоспарына сәйкес, 2017 жылы 827 цифрлық радиотелевизиялық станса жұмыс істеп, республика халқының 95 пайызын цифрлық эфирлік телесигналмен қамтитын болады. Ескірген аналогтық сигналды өшіру үрдісі кезең-кезеңмен, белгілі бір аймақтың дайындығына байланысты жүретін болады. ҚР Үкіметінің қаулысына орай халыққа бұл жайында алдын ала хабардар етіледі.
Бүгінде цифрлық эфирлік телехабар тарату желісінің абоненттері тұрғылықты жеріне байланысты 15-тен 30-ға дейін отандық телеарнаны цифрлық бейне мен сапада тамашалай алады. Жерсеріктік хабар тарату желісінде жерсеріктік антенна орнату міндетті болса, цифрлық эфирлік хабар таратуға ресивер мен бөлмелік/тысқы антеннаны орнату жетіп жатыр. Цифрлық эфирлік желі абоненттері де «Телегазет» жобасын пайдалана алады.
— Енді «GALAM TV» интернет хабар тарату жаңа жобасы туралы айтып берсеңіз…
— «GALAM TV» жобасы отандық телерадиохабар таралымын дамыту жолындағы іс-шаралардың жалғасы ретінде іске қосылды. Сондай-ақ, бұл шетелдердегі қазақ диаспорасына да елден хабар алуға мүмкіндік болмақ. Осылайша, ұлттық оператор қазақстандық телеарналарға тегін қолжетімділікті интернет арқылы да қамтамасыз ете отырып, өзінің стратегиялық міндетін жүзеге асыруда.
Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында бұған қосымша абоненттерге үздік шетелдік телеарналар мен бейнеқордан фильмдер ақылы негізде ұсынылатын болады. Қазірдің өзінде iOS және Android форматында жұмыс істейдін смартфон, планшеттерге интернет-дүкеннен тегін жүктеп алуға болатын қосымшалар қолжетімді. Оның үстіне, жеке компьютерлерде браузер арқылы «GALAM TV» көруге болады.
Алдағы уақытта қызмет ОТТ-қондырғысының көмегімен кәдімгі теледидардан да жұмыс істейді. Бүгінде «GALAM TV» көрермендеріне танымал деген 48 отандық және шетелдік телеарнаны тамашалау ұсынылған. Жақын арада арналар саны 70-ке дейін ұлғайтылатын болады.
Әңгімелескен
Лиза СЕЙТІМОВА.