Еліміздіәлемге таныту мемлекеттік рәміздер арқылы жүзеге асады

1992 жылдың 4 маусымында Жоғарғы Кеңесте алғаш рет тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері бекітілді. Сол күн бүгінде атаулы дата ретінде маңызды мерекеге айналды.

Рәміздер – ұлттық намысы­мыз­ды қайрайтын ұлы қуатымыз. Сондықтан, әрбір қазақстандық елінің Туын, Әнұраны мен Елтаңбасын құрметтеуі – парыз. Мәселен, жер бетінде қанша мемлекет бар болса, соның әрбірінің өз нышаны бар. Соған қарап халықты танып жатады. Оларды ұлттық рәміздерін қаншалықты сыйлау деңгейі мен мәдениетіне сай бағалайды.

Бүгінде Қазақстанда бұл құндылықтар ерекше ұлықталып келеді. Елдігіміздің айбыны асқақтады. Халықаралық іс-шаралар мен әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстарда Қазақ елі өркениетті елдермен иық тірестіріп, талай рет Әнұранымыз шарықтап, көк Туымыз желбіреді.

Осы тұрғыда мектептер мен жоғары оқу орындарында мемлекеттік рәміздерді кең көлемде насихаттап, олардың тарихында қандай наным-сенім, қандай мән барын түсіндіруге арналған сабақтар өткізілсе  деймін.

Ал, «азаматтардың бойында мемлекеттік нышандарға деген құрмет сезімін қалыптастыру жағынан Қазақстанға әлемдегі өркениетті елдердің тәжірибесін біртіндеп енгізсе» деген ұсыныс бар. Мәселен, Швецияда қала көшелерінде кейбір үйлердің терезесінде мемлекеттік Ту ілініп тұрады. Демек, сол үйде ұлттық мереке болып жатқанын, қуаныштарын халқымен бөліскендігін білдірсе керек.

 Бізге де мұндай құндылықтарды ұлықтап, құрметтеуді тек бір күнмен ғана шектеуге болмайды. Барлық білім беру ұйымдарында, балабақшаларда мемлекеттік рәміздер туралы насихаттық шаралар, викториналық сұрақтар және танымдық кештерді жиі ұйымдастыру маңызды. Бұл жастарды патриотизмге тәрбиелеудегі басым бағыттардың бірі болғандықтан, мұндай шаралар мақсатты түрде жалғаса беруі тиіс. Яғни, жастардың бойынан Отанға деген сүйіспеншілікті оятатын жұмыстар жиі атқарылып, патриоттық әндер, көркем фильмдер жарық көріп, ұлтымызды дәріптейтін туындылар жыл бойына көрсетілсе деймін.

Мемлекет қызметін құқықтық жағынан қамтамасыз етіп отырған бірден-бір орган – облыстық әділет департаменті айтулы күнді атап өтуде және оны насихаттау бағытында бірқатар жұмыс жүргізіп келеді.

Мұндай мереке күні, ең алдымен, мемлекеттік қызметке жаңадан орналасқан жас қызметкерлердің ант қабылдау рәсімі өткізіледі. Елдігіміздің нышандарын, оның қадір-қасиетін терең түсіндіруге маңыз беріледі. 

Сондай-ақ, «Ұлт болу үшін бірінші шарт – тілің болуы керек» дегендей, әділет органдарының іс-қағаздарын рәсімдеуі мемлекеттік тілде жазылып, рәміздердің қолданылу тәртібі де аса жауапкершілікпен қаралады.

Сағынбай  ТҰРҒАРИН,

Атырау облыстық әділет департаментінің басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз